Архимед МҰХАМБЕТОВ: «Алдымен – жол, кейін ауыз су мәселесі шешіледі»

8 февраля 2018 - Администратор
article15977.jpg

Қаңтар айының соңғы үш күнінде өңір басшысы Архимед МҰХАМБЕТОВ облыстың оңтүстік аудандарында болып, аудан басшыларының есеп беру жиындарына қатысты. Жиналыс барысында халық көкейлерінде жүрген сұрақтарды қойып, тиесілі жауаптарын алды.

 

Бүгінде облыстың оңтүстік аудандары Жангелдин мен Амангелдінің жағдайы жақсарып келеді. Дегенмен де, әлде де атқарылар шаруалар көп. Өңір басшысы екі аудандағы әкімдердің есеп беру баяндамаларын тыңдаған соң, ондағы тұрғындардың пікіріне құлақ асты. Аудан тұрғындарының басым көпшілігі былтырғы жылда жасалған жұмыстарға жақсы пікір білдірді. Алайда, екі ауданда да әлі күнге дейін реттеле қоймаған жол, ауыз су, жарық, тұрғын үй мәселелері қозғалды. Мұндай сауалдарға облыс әкімі биылғы жылғы жоспар бойынша аталған проблемаларды шешуге тиісті шаралар қолданатындығын айтып, халықты бір серпілтіп тастады. Жангелдин ауданы тұрғынының сауалына сәйкес аудандық ішкі істер бөлімінің жұмыстары да қайта қаралатын болды. Сонымен қатар, тиісті ем-домын ала алмай жүрген аудан тұрғыны да басшылықтың нұсқауымен қажетті медициналық көмекке жүгінбек.

Облыс басшысы халықпен кездесуде жуырда 10-шы қаңтарда Мемлекет басшысының жаңа «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы туралы айтып, тұрғындарды белсенді жұмыс істеуге шақырды.

Жангелдин ауданы әкімінің баяндамасы бойынша былтырғы жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы «Өшпес рухты тұлғалар» жобасы аясында Алаштың 100 жылдығына, Ахмет Байтұрсынұлының 145 жылдығына арналған аймақтық ғылыми – тәжірибелік конференция өткізілген. Жолдаудан туындаған латын әліпбиіне көшу мәселесін тиісті деңгейде жүзеге асыру мақсатында ауданда тілдерді дамыту орталығы құрылған. Және де «Ауылыма перзенттік парызым» жобасы шеңберінде Спабековтер әулетінің қолдауымен Аралбай ауылында шағын футбол алаңы ашылған. «Өрлеу» шаруа қожалығының басшысы Алтай Жүнісовтың демеушілігімен Оспанқожа Әулие мешітіне күрделі жөндеу жүргізіліп, «Туған елге тағзым» жобасы негізінде аудан тұрғыны Қабылбек Хасенов «Қара қоға» қорымына қоршау орнатып, Қаратүбек орта мектебі түлектерімен балалар ойын алаңы мен жиһаз әперілген. Және де Ақерке Бақбергеновнаның қолдауымен Мыржақып Дулатовтың мұражай мен мазарына күрделі жөндеу жүргізілген. Бүгінде Спабековтер әулеті Торғай ауылында көпсалалы колледж құрылысы, спортзал құрылысы, 50 орындық балабақша ашу жұмыстарына қолдау көрсетіп отырған көрінеді.

Ауданның экономикалық негізгі саласы, стратегиялық маңызды бағыты – ауыл шаруашылық. Мұнда 2018 жылдың басына 127 шаруа қожалығы жұмыс жасап, олар 559 257 гектар жерді пайдалануда. Айталық, төрт жауапкершілігі шектеулі серіктестікке 226 754 гектар жер тиесілі. Барлығы 131 шаруашылық жұмыс жасауда.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2017 жылы берілген жоспар 166,7 пайызға орындалып, 50 бас ірі қара малы сатып алынса, «Құлан» бағдарламасымен былтырғы жылы 34 бас жылқы малы сатып алынған.

Аталған бағдарламалар шеңберінде былтырғы жылы соңғы рет жұмыстар атқарылды. Бұл туралы облыс басшысы жиын барысында хабарлады. Бұл мемлекеттік бағдарламалар биыл өз күшін жойып, облыстық «Қос қолдау» бағдарламасы арқылы біршама шаруалар игерілмек.
 


Аудан басшысының есебін тыңдаған соң аудан тұрғындары өз сұрақтарын қойды. Атқарылған жұмыстар көп болғанымен мәселе жоқ емес. Мысалға, ауыл ақсақалы аудандағы Жангелдин атауындағы көшенің жөндеу көрмей, қысқы отынды тасуда қиындық туғызып жатқандығына шағымданса, тағы бір ауыл азаматы мұндағы Шилі су қоймасын бөгеуде халықтың әлі келмейтіндігін айтып, мемлекет тарапынан көмек сұрады. Сауалдар барысында газ мәселесі, мал ұрлығы, Сарысу ауылының су құбыр мәселесі, Ақкөл-Қарасу жолдарының жөндеу көрмеуі сынды проблемалар айтылды. Сұрақтарға жауап берген аудан басшысы Шота Сәбитбекұлы биылғы жылғы жоспарда аталмыш сұрақтар өз шешімін табады деп уәдесін берді. Баяндама барысында аудан әкімі алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті. Ол үстіміздегі жылы ауыл шаруашылық өнімін өндіру көлемін ұлғайтуға, ауылдық жерлерде ірі мал шаруашылық кооперативтерін құруға, шағын бизнес және қызмет саласында кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдай жасауға және жаңа жұмыс орындарын құру мен халықты еңбекпен қамтамасыз етуді көбейтуге көңіл бөлмек. Сонымен қатар, ауданда білім беру және денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар, Ақшығанақ ауылын 2018 жылы орталықтандырылған су жүйесіне қосу және аудан орталығын абаттандыру да биылғы жылғы жоспарда.

– Елбасының биылғы Жолдауында ауылдарды сумен қамту мәселесі көтеріліп отыр, – дейді Архимед Бегенжанұлы. – Қазір республикада 14 облыстың арасында ең төмен көрсеткішкердің бірі – Қостанай облысында. Өйткені, мұнда елді-мекеннің саны көп. Сондықтанда қиындық туғызады. Ең басты біздің ұстанымымыз біріншіден, аудан орталықтарын ауыз сумен қамту. Осы жұмыстарды биыл бастап, келесі жылы аяқтауға тырысамыз. 

Торғайдағы есептік жиынды тәмәмдаған соң, аймақ басшысы Амангелді ауданына ат басын бұрды. Мұнда да аудан әкімінің есебін тыңдап, сауалдарға жауап берді.

Амангелді ауданындағы дамудың басым бағыттарының бірі инвестиция тарту болып табылады. Өткен жылдың 12 айында аудан экономикасына 2 млрд 193 млн теңге инвестиция тартылып, ол 2016 жылмен салыстырғанда 1 млрд 347 млн теңгеге ұлғайған.

Ауданда бүгінгі таңда екі кәсіпорын жұмыс жасауда. Былтырғы жылы өнеркәсіптік кәсіпорындарымен 489 млн теңгенің өнімі өндірілген.

Өткен жылы 19 жеке кәсіпкерлер мен екі АШӨК жаңадан тіркеліп, нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілері саны 768-ге жетіп, оларда 1 845 адам жұмыспен қамтылған. 2017 жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 10 млрд 772,9 млн теңгені құрап отыр.

Амангелді ауданы бойынша 99 шаруа қожалығы мен бір жеке меншігі шектеулі серіктестігі, 24 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері ірі қара малын асылдандыру жұмыстарымен айналысуда. Оларда 13 938 бас аналық мал және 485 бас асыл тұқымды бұқа бар.

Былтырғы жылы аудан бойынша индустрияландыру картасынан тыс екі жоба іске асырылған. Амангелді ауылында жеке кәсіпкер «Ақышова Ж» өз қаражат есебінен жалпы құны 25 млн теңге болатын «Ағаш және темірбетон өнімдерін шығару» жобасын жүзеге асырып, жаңадан бес жұмыс орындары ашқан. Сонымен қатар, Есір ауылында «Шегет» шаруа қожалығы өз қаражат есебінен жалпы құны 100 млн теңге болатын «3800 тонналық көкөніс сақтау қоймасы құрылысы» жобасы іске асырып, үш жаңа жұмыс орны құрылған.

Аудан басшысының есебінен соң, аудан тұрғындары тұрғын үй, Қостанай-Амангелді арасындағы автобус қатынасын қайта қосу сынды мәселелерді қозғады. Үстіміздегі жылы ауданда Амантоғай және Үрпек ауылдық округтеріндегі су құбырларын қайта жөндеу жұмыстары жалғасып, Әнуар Боранбаев атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өткізіледі. Және де 320 орындық мектеп құрылысы жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттарын әзірлету жұмысы жалғасады, Қарасу ауылындағы «Машдвор» бөгетін күрделі жөндеу жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттарын әзірлету жұмысы жүргізілмек. Аудан әкімінің жоспары бойынша биылғы жылы Амангелді ауылындағы орталық көшелерді орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Туған жер», «Көркейе бер, Қостанай» акциялары аясында: Есір ауылындағы клуб ғимаратын күрделі жөндеуден өткізілмек. Облыстық маңыздағы киелі жерлер тізбесіне кірген Қызыл там кесенесі тұрған қорымды қоршау жұмыстарын жүргізіліп, Амангелді ауылында скейт борд прак алаңқайын ашу жұмыстары ұйымдастырылатын болады.

Екі аудандағы есептік жиынды қорытындылаған өңір басшысы Арқалық қаласына барды. Онда қала тұрғындары бірнеше мәселерді көтерді. Мысалға, қала тұрғыны бесінші мектепте жылудың жоқтығына тоқталса, екінші сауал Арқалық қаласында ардагерлердің жанынан құрылған «Қазына» ансамбліне саз аспаптары мен сахналық киімдер жетіспейдігі жөнінде болды. Сонымен қатар, халық бүгінгі күні Арқалық өңіріне өзіндік еңбек үлестерін қосып жүрген азаматтарды жастарға насихаттау мақсатында қала, ауыл көшелерінде іліп жатқан билбордтарға осы адам аттарының өмір жолы мен еңбектері туралы мәліметтер жариялауларын сұрады. Халық арасында қала әкімінің атқарып жатқан жұмыстарына күмәнмен қараған азаматтар да болды. Дегенмен, облыс басшысы бар сауалға жауап беріп, халықты бірлікке шақырды.

Ақбота САҚҰЛОВА

суреттерді түсірген автор 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев