Шағын жинақты мектептердің мәселесі қандай?

20 октября 2016 - Веб-редактор

Елімізде «шағын жинақты мектеп» деген ұғым бар. Біріккен сынып құрамында аздаған оқушысы бар жалпы білім беру ордасы негізінен ауылдық жерлерде орналасқан. Сол себепті мұндай мектептер білім беруді жүзеге асырумен қатар әлеуметтік міндеттерді де қоса атқарады. Ауылдың сақталып қалуы осындай білім ошақтарының келешегіне тәуелді. Онда қатарлас сыныптар болмайды, оқушылардың саны аз.  

 

 

Шағын жинақты мектептің тарихы ерте кезден, сонау Л.Толстой, К.Ушинский өмір сүрген кезеңнен бастау алады екен. Қазақстан топырағында ондай мектептің пайда болуы Ы.Алтынсариннің ағартушылық қызметімен тікелей байланысты. Яғни, мұндай мектептер бізге XVIII ғасырдың 60-жылдарында келді.

 


Содан бері бұл үлгідегі мектеп мәселесі күн тәртібінен түспей келеді, проблемасы жетерлік. Әсіресе, бастауыш және негізгі мектептердің жағдайы мәз емес. Материалдық-техникалық базасы нашар. Арнайы жабдықталған пәндік кабинеттер, зертханалар жоқтың қасы. Көрнекі құралдар ескірген. Интернет желісі қосылмаған. Кітап қоры аз. Кадр тапшы. Бір пәннің мұғалімі бірнеше пәннен сабақ береді.

 


Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Алматыда өткен Ғылым қызметкерлері күніне арналған «Ғылым және бизнес» халқаралық форумы барысында ауыл мектептері қала мектептерінен екі жылға артта қалып қойғанын мәлімдеген еді. Ол білім беру жүйесіне енгізілген жаңа бағдарлама ауыл мен қала мектептерінің арасындағы артта қалушылықты қысқартуға бағытталғанын атап өтті.

 


– Біздің басты міндетіміз — қала мен ауыл мектебінің арасындағы артта қалушылықты жою, – деді министр. – Экономикалық ықпалдастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері арасында ауыл мектебі қала мектебінен функционалды сауаттылық бойынша сегіз сыныпқа қарай бір жылға кеш қалған болса, Қазақстан мектептері екі жылға кеш қалып қойған. Бүгін осы мақсатта алдымызда үлкен міндет тұр. ЭЫДҰ елдері ауыл мектебінің мазмұнын 1980 жылдары жаңғырта бастады. 1990 жылдары реформа толық жүзеге асырылды. 1997 жылы олар білім беру сапасын анықтау жүйесін енгізді. Аталған бағдарламаға 70 елдің білім беру жүйесі қатысты.

 


Еске сала кетейік, елімізде шағын жинақты мектептердің саны аз емес. Қазақстандағы 7457 жалпы білім беретін мекеменің 3161-і-ШЖМ. Республика бойынша ШЖМ-ның басым бөлігі Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Онда 431 шағын жинақты мектеп бар. Елімізде әрбір төртінші мұғалім осындай мектептерде жұмыс істесе, әрбір алтыншы оқушы осы мектептерде білім алады екен.

 


Қазіргі таңда ШЖМ-нің құқықтық-нормативтік базасы мен жүйесін дамыту тұжырымдамасы жасалуда, оның қызметінің ерекшеліктері мен қазіргі жайы анықталуда; проблемалары, болашағы туралы халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өткізілуде; білім беру сапасын арттыру мәселелерін негізінен тірек мектептер (ресурстық орталықтар), интернаттар есебінен шешу, ал ШЖМ мұғалімдерінің теориялық дайындығын жетілдіру және кәсіби шеберлігін ақпараттық-қатысымдық технология арқылы іске асыру көзделуде.

 


Десек те, мұндай білім ордаларының оқу тәрбие үрдісін жетілдіру, дамыту үшін мұғалімдердің педагогикалық іскерлігін шыңдап, шығармашылықпен жұмыс жасауға бағыттау керек. Олармен әдістемелік жұмыстарды әдіскер – мұғалім – әдістемелік бірлестік – үш бірлігін сақтай отырып жүргізген тиімді. Себебі, шағын жинақты мектепке ЖОО қабырғасынан шыққан жас маман екі сыныпты қатар оқыту тәжірибесінен өтпеген, оның әдістемесін толық меңгермеген болып келеді. Сондықтан бұл білім ошағының мұғалімдеріне мектеп жұмысын терең де мазмұнды жоспарлауға нұсқау беріп, білім берудің жаңа технологияларымен жұмыс жасауға бағыттау керек-ақ.

 


Айша БЕКҚЫЗЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев