28 января 2016 - Веб-редактор
Халқымыздың тарихи-мәдени мұраларының түрлері сан алуан. Солардың қай-қайсысы да адамға, оның игілігіне қызмет етуге бағытталған. Осындай аса құнды мәдени игіліктердің бірі – ұлттық ойындар. Бұл дегеніңіз атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып отырған құндылық.
Жангелдин ауданының «Жалын» жастар ұйымы белсенділерінің ұйымдастыруымен «Қазақтың ұлттық ойындары – халықтың мәдени мұрасы» атты мекеме жастары арасында спорттық сайыс өтті.
Бұл сайыстың негізгі мақсаты – жастарға салауатты өмір салтын және ұмыт қалып бара жатқан қазақ халқының ұлттық ойындарын насихаттау.
Спорттық бәсекеде Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, Н.Г. Иванов атындағы орта мектептері мен аудандық аурухана қызметкерлерінен құралған командалар өнер көрсетті.
Сайыстың ережесіне сәйкес, әр топтың өз аты мен ұрандары болды. Жастар аударыспақ, теңге алу, қыз қуу, арқан тартыс, қолтірес ойындарында барын салып, жанкүйерлерді бір серпілтті.
Қызықты әрі тартысты өткен додада командалар барын салғанымен, ұпайлары тең түсті. Ұйымдастырушылар ерек өнер көрсетіп, еленгендерге бағалы сыйлықтар мен мадақтама қағаздарын табыстады.
Гүлім ЫСМАҒҰЛ