20 июля 2017 - Веб-редактор
Жуырда Қазақстанның ғалымдары «Ұлы даланың рухани мұрасы: қазіргі заман тарихы» атты халықаралық ғылыми конференция барысында электрондық түрде әзірленген Қазақстан тарихы оқулықтарымен таныстырды.
– Барлық оқулықтарды, кітаптарды, еңбектерді электрондық нұсқаға бірден ауыстыру өте қиын, алайда, біз осы қадамды бірінші болып жасадық, – деді тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Амангелді Қашқымбаев. – Біздің ғалымдарымыз өзгерістер мен толықтырулар енгізілген базалық оқулықтар жобасын дайындады, бұл «Қазақстанның ежелгі заманнан тәуелсіздік кезеңіне дейінгі тарихы» және «Қазақстанның жаңа тарихы». Оқулықтар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде және аудио және видеокурстары мен хрестоматиясы бар мультимедиялық, интерактивті нұсқаларда электрондық форматқа көшірілді. Яғни электрондық нұсқаға жай ғана көшіріліп қойған жоқ, кітаптан кейбір сюжеттер де алынған. Әрине, Қазақстан тарихын тәуелсіздікке дейін толығымен осылайша көрсету мүмкін емес, алайда, біз қолымыздан келгеннің барлығын жасадық.
Сондай-ақ ол оқулықтар жоғары оқу орындарының студенттеріне арналғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі Қазақстан тарихы авторларының жаңа көзқарасы мектепке емес, ЖОО-ның бакалавриат студенттеріне арналған. Бұл оқулықтың ерекшелігі кітаптың жай ғана электрондық нұсқа емес, жекелеген сәттердің суреттермен жандануында. Сол себептен, аталмыш кітап көптің қызығушылығын арттырары анық.
Шара аясында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын орындау аясында «Ұлы дала қорғаушылары» жобасының кітабы мен электрондық нұсқасы таныстырылды. Туындыны әзірлеушілер Алтын Орда дәуірінен Қазақ хандығының бұзылуына дейінгі саяси қызметкерлердің портреттерін көрсете алған.
Кездесуде Көкшетаудың белгілі ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыржан Әбуовтың «Қазақ-орыс қарым-қатынастары тұрғысындағы Сібір хандығы», «Шоқан Уәлиханов» атты кітаптарының да тұсауы кесілді. Бұл туындылар «Киелі жерлер географиясы» жобасы шеңберінде орындалып, ғылыми айналымға даланың ұлы хандары Күшім, Шығай, Ораз-Мұхаммедтердің өмірі мен қызметі туралы жаңа идеялар мен ақпарат енгізеді.
Бота ТҰЯҚҚЫЗЫ