8 июня 2017 - Веб-редактор
Науырзым аудандық балалар кітапханасы мен «Ақ Ниет» ЖҚБ мүмкіндігі шектеуілі жандарға арналған оңалту орталығының ұйымдастыруымен 4 маусым– Рәміздер күніне орай «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз!» атты патриоттық сурет байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, елді, халықты, тарихты, әдет– ғұрыпты, салт– дәстүрді қастерлеу, өз елі мен жерін сүюге, отанын құрметтей білуге, мемлекеттің құндылықтарын қорғай алуға, мемлекеттің жетістіктеріне қуана біліп, мақтан етуге тәрбиелеу. Елін, жерін, тілін, тарихын құрметтейтін жаны таза, адамгершілігі мол азаматты қалыптастыру, патриоттық тәрбие беру.
– Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік, – дейді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. – Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы.
Әрине, мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеп, қасиеттеу үшін, алдымен мемлекеттік рәміздер туралы терең түсінік болуға тиісті. Осындай мақсатпен кітапханашылар жас оқырмандарға рәміздер туралы бейнеролик көрсетіп, жеке-жеке тоқталып патриоттық рухта кеңінен ашып айтты. Содан соң балаларға викториналық сұрақтар қойылып, балалар белсене ат салысып, өздерінің алғырттығы мен жан жақты ой-өрісінің кеңдігін көрсете білді. Барлық байқауға қатысушыға түрлі-түсті бор үлестіріліп берілді.Белгі берілген кезде барлық қатысушы бірден үлкен шабытпен жолға сурет сала бастады. Балалардың әр түрлі идеялары таңқалдырды. Онда еліміздің туы, Бәйтерегіміз, EXPO 2017 логотипі, Қостанай нышаны, Науырзымның қызғалдағы, күн шуағы, Қазақстан, Астана деген суреттері бейнеленген. Әр бала өзінің қиялынан туындаған суреттерді салып, өз еліне, Отанына деген сүйіспеншіліктен туған. Әр сурет жүлделі орындар беріліп, барлық қатысушы балаларға сыйлықтар табыс етілді.
Светлана ҚАЙЫРБЕКОВА
Жібек Нүрсеитова