15 марта 2018 - Администратор
Өмірдегі маңызды қадамдардың бірі-мамандық таңдау. Осыған байланысты Амангелді аудандық Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде биыл қанаттанғалы отырған жас түлектерге дұрыс бағыт-бағдар беру мақсатында мектеп оқушылары, сонымен қатар, ақыл айтар аға буынның қатысуымен «Мамандық таңдау-болашаққа таңдалған қадам» атты кездесу жиыны өткен.
Мамандық таңдау кеші үш бөлімнен тұрған. Бірінші: «Кәсіптік бағдар-болашаққа айқын жол». Екінші: «Сан мамандық түрі бар, Таңдап, талғап бірін ал» атты кітап көрмесі, оқушылардың қолынан шыққан бұйымдар, тәрбие сағаттары, «Мамандығым-мақтанышым» атты библиогрофиялық көрсеткіш жасалды. Мамандық таңдауда «Үйірменің үйретері көп» атты стенд ұйымдастырылды. Үшінші кезең салтанатты кездесу-жиынына мектеп оқушылары әртүрлі сала мамандық иелерімен пікір алмасқан.
Арқалық қалалық жоғары, арнаулы орта оқу орындары кәсіптік бағдар беріп, өз оқу орындарына шақырып, насихат жұмыстарын жүргізген.
Жиын барысында мектеп оқушыларының қолынан шыққан қолөнер бұйымдары, зергерлік әшекейлер және оқушылар өздері әрлеген шаш үлгілері көрсетіліп, мамандар тарапынан оң бағаланды. Қазақтың салт-дәстүрін, ою-өрнегін насихаттауға үлес қосып жүрген 11-сынып оқушысы Ақбөбек Ұзақбаеваның құраған құрақтары, қазақи нақыштағы бұйымдар соғып, ата дәстүрді жалғастырар ұста болуды қалайтын Бекзат Мұратовтың ұсталық шеберлігі көрмеге көрік берді.
Әр жылдарда мектептен білім алған, қазіргі таңда өндіріс саласында еліне адал қызмет етіп жүрген түлектер интернет желісі арқылы байланысқа шығып, өз мамандықтары туралы түсінік берді.
Түрлі салада еңбек етіп жүрген мамандық иелері кездесуге келіп, оқушылармен пікір алмасты. Олар: Мадина Қуандыққызы, Абзал Қамбарұлы, Руслан Манарбекұлы, Дастан Мұратұлы, Дәулет Сабырұлы, Дидар Рашитқызы.
«Амангелді арайы» газетінің бас редакторы Хамитбек Мұсабаев шәкірттерге деген нағыз маман, әке ретіндегі ақыл-кеңесін айтып, ақ тілегін арнады. Сонымен бірге аудан әкімінің орынбасары Сүндет Жолдыбекұлы, аудандық оқу бөлімінің басшысы Мұрат Сембайұлы, төтенше жағдайлар жөніндегі комитет басшысы Асылхан Галиханұлы, ата-аналар, ұстаздар пікір білдіріп отырды.
Ақбота САҚҰЛОВА