17 мая 2018 - Веб-редактор
Оған өлкедегі киелі орындарды анықтауда атсалысқан комиссия мүшелері, жергілікті ақын-жазушылар және облыстық мәдениет басқармасы және арнайы келген қонақ «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы қатысты.
Шара шеңберінде «Қазақстанның киелі жерлері» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Онда облыстағы қасиетті жерлер туралы қысқаша ақпарат, орналасқан жері және суреті көрсетілген.
– «Қазақстанның киелі жерлері» атты жоба барлықтарыңызға аян, – дейді Берік Әбдіғалиұлы. – Жоба барысында біз арнайы облыстық комиссия құрған болатынбыз. Оның басты мақсаты – өңірдегі қасиетті-киелі жерлерді жергілікті өлкетанушылар, ғалымдар, ақсақалдармен бірігіп жасау. Соның аясында киелі орындар жалпыұлттық және өңірлік болып екіге бөлінді. Дегенмен де екеуіне ортақ критерий бар. Ол ең бастысы Қазақстан тарихындағы, халқындағы орын алатын тарихи, тұлғаларға байланысты жерлер, оқиғаларға байланысты, елдің тағзым ететін, зиярат ететін жерлері, тек қана мазарлар немесе бейіттер ғана емес, тарихи оқиға өткен жерлер кіреді. Бұл рухани жаңғыру аясындағы мәдени-әлеуметтік жоба. Бүгінгі шараға қатысудағы мақсатым – өздеріңізбен ой бөлісіп, пікірлеріңізді білу. Былтарғы жылы қасиетті жерлерді анықтауда еңбек етсек, биыл осындай жерлерді насихаттауға аса мән беретін боламыз. Оған арнайы туристік маршруттер дайындап, өзге облыстардан да халықтың келіп-кетуіне мүмкіндік жасамақпыз.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың сөзінше, тарихи-өлкетану мұражайы өңірдегі киелі жерлерді іріктеуде, ақпараттар жинақтауда үлкен көмек көрсеткен. Алдағы уақытта тізімге енген нысандарды әрі қарай насихаттау мақсатында мұражайдан «рухани жаңғыру» залы дайындалу үстінде. Онда облыстағы киелі орындардың макеттері, олар туралы ақпараттар таратылып, насихаттау жұмыстары қызу жүргізілмек.
Айта кетейік, киелі орындар тізіміне енбей қалған нысандар да бар екен. Олар аталмыш қасиетті орын туралы нақты тарихи мысал, не халық хабардар ақпараттың жоқтығынан болып отыр. Ал тізімге енгендер сол өзі қарайтын аймақтың басшылықтарының қамқорлығына алынып, абаттандыру жұмыстары уақытылы атқарылмақ.
Ақбота САҚҰЛОВА