8 августа 2013 - Веб-редактор
Киелі Торғайдың өнерлі ұл-қыздары туған жерге деген сүйіспеншіліктерін дәлелдеді.
Студент жастардың ұйымдастыруымен Шақшақ Жәнібек орталық алаңында «Жүрегімнің дүрсілі – Торғай» атты жобаның салтанатты ашылуы болды.
Ұйымдастырушылар кешті көтеріңкі көңіл-күймен бастады. Жалынды шақтың иелері әлемге танымал билерді билеп, «Қамажайға» да мың бұралды. Аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин жоба жетекшілеріне лебізін білдіріп, бастаманың тұсауын кесіп берді.
Әр қаладан жиналып, бас қосқан Б. Хамзин атындағы өнер мектебінің түлектері сүйікті мекендерін ән мен жырға бөледі. «Жайдарман» ойындарының жайдарлы жастары да кеш көрігін қыздыруда аянып қалған жоқ. Жас айтыскер Нұрболат Қадыров жүрекжарды шумақтарын тарту етіп, туған елге деген сағынышын тарқатты. Көңілді сауықтың көрігін ұтыс ойындары қыздыра түсті. Бағы жанғандар бағалы сыйлықтарға қол жеткізді.