21 ноября 2013 - Веб-редактор
Жылдағы дәстүрмен ауданымызда ауылшаруашылық қызметкерлерінің мерекесі тойланды.
Егемен елдің Әнұранын асқақ үнмен шырқаудан басталған салтанатты жиынға қатысушыларды аудан әкімі Жансұлтан Қоңыртайұлы арнайы құттықтап, құрметті кәсіп иелеріне ізгі лебізін білдірді. Биыл ауа райының қолайсыздығына қарамай егістік бітік шықты. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін пайдаланып, мал шаруашылығын дамытып отырғандар да жетерлік. Сондай-ақ төрт кәсіпорынның жұмыс жасап, елдегі жұмыссыздықтың азаюына ықпал етуі де көз қуантарлық жағдай. Ауылшаруашылық саласының қазіргі атқарып отырған жұмыстары жайлы аудан әкімінің орынбасары Талғат Тойшыбекұлы баяндады. Облысымыздың оңтүстігінде орналасқан Аманкелді ауданында мал шаруашылығын дамыту соңғы жылдары қарқын алуда. Бүгінгідей атаулы жиында озат еңбеккерлер де елеусіз қалмады. Облыс, аудан әкімдерінің алғыс хаттармен марапатталған шаруалардың шаттығында шек жоқ. Ал «Нұр Отан» партиясына жаңадан қабылданған кәсіпкерлер партия куәлігіне ие болды. Мереке соңы көңілді концерттік бағдарламаға ұласып, құрмет иелеріне арнап дастархан жайылды.