«Абай оқулары» байқауы өтті

7 марта 2018 - Администратор

Рудный қаласындағы №15 орта мектепте қазақтың бас ақыны Абай мен жаңғырық ақын Шәкәрімді ұлықтау мақсатында қалалық «Абай оқулары» байқауы өтті. Оған орыс-қазақ мектептерінен келген бірнеше өнерлі оқушылар бақ сынады. Байқауға №7 мектеп-гимназиясының өлең мен жырға құмар оқушылары да барған болатын. Ұлылардың ұлылығын дәріптеген байқау төрт бөлім бойынша өткізілді.

 

Абайдың қаламынан туындаған жыр шумақтары мен қарасөздерін мүдірмей айту мақсатында ұйымдастырылған «Өлең-сөздің патшасы» бөлімі бойынша №7 мектеп-гимназиясынан Мөлдір Айтмуратова, Шұғыла Темирханова, Әсем Мұратбай есімді оқушылар бақтарын сынаған. Үшеуі де жаңылыспай Абайдың отызға жуық өлеңдерін орындап шыққан.

Ақынның құлақ құрышын қандыратын әндері баршылық. Абай мен Шәкәрімнің әуезді әндерін «Көңілім әнді ұғады» бөлімі бойынша мектептің талантты әнші қызы Азалия Мұхамедина орындаған. Қазақтың күмбірлеген домбырасына қосылып Абай-Шәкәрім әуендерін әуелете шырқаған Азалия, көрермен қауымын сыңғырлаған үнімен таң қалдыра білді.

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» – деп аталатын сайыстың үшінші бөлімінде әр мектептің қаламынан жыры туындаған оқушылар ақындарға арнаған өлеңдерін кезек-кезек орындап,қазылар алқасының тапсырмасы бойынша түрлі тақырыпта өлең шығарды.Гимназия атынан шыққан балауса ақындар Қанафин Әбілқайыр мен Жанарай Нұрмұханбетова қатысушылардың алғы сапынан көрініп, әділқазылардың оң бағасына ие болды.

Бұл сайысқа жаңадан кірген өзгеріс ұлы ақындарға шығарма, эссе жазу еді. Сол мақсатта ұйымдастырылған сайыстың соңғы кезеңі «Ұлылар үндестігі» – деп аталды.Бұл бөлім бойынша мектептің білімді де өнерлі оқушы қызы Аружан қатысып, барлық тапсырмаларды мүдірмей орындап шықты.

Асыға күткен сайыс қорытындысында «Өлең сөздің патшасы-сөз сарасы» бөлімі бойынша сайысқа түскен Мөлдір Айтмұратова үшінші орынды, «Көңілім әнді ұғады» бөлімі бойынша өнер көрсеткен Азалия Мұхамедина екінші орынды, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бөлімі бойынша бақтарын сынаған Қанафин Әбілқайыр бірінші орын, Жанарай Нұрмұханбетова  екінші орынды місе тұтса, «Ұлылар үндестігі» бөлімі бойынша Аружан бірінші орынды қанжығасына байлап, ұстаздарының сенімін ақтай білді.

 

Бота ТҰЯҚҚЫЗЫ

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев