Қазақы әшекейлер сәнде

2 марта 2017 - Веб-редактор
article13144.jpg

Әне-міне дегенше, жадырап көктем де жетті. Барлық тіршілік атаулы жаңарып, құлпыратын кезеңде қыздар да барынша әдеміленуге тырысады. Әрине, оларға көрік бере түсетін үстіндегі киімі мен таққан әшекей бұйымдары. Қарап отырсақ, бүгінде көшеде қазақы оюы бар киім киген, қазақы нақыштағы әшекей бұйымдар таққан аруларды кезіктіріп жатамыз. Демек, бұрынғы Қыз Жібек, Баян сұлулар таққан әшекейлер қайтадан сәнге оралды деуге болады. Яғни, көктемде салпыншақ сырға, бес білезік, сақина сіздің ажарыңызды аша түсетіні анық. Сондықтан сән тақырыбында толығырақ әңгімелеуді жөн көрдік. 

 

 

Қазақтың ұлттық бұйымдары алтынмен апталып, күміспен күптеліп, мыспен мықталған. Мыс-тас дәуірінен бері металлдарды өз қажеттіліктеріне жаратқан ата-бабамыз бертін келе мыстан, күмістен, алтыннан әшекей бұйымдар соға бастаған. «Шебердің қолы ортақ» демекші, он саусағынан өнер тамған небір зергерлер (қазіргінің дизайнерлері) әшекейдің түр-түрін жасаған. Сондықтан бір-біріне ұқсамайтын сан алуан бұйым бүгінге дейін жеткен. Бұл тек әсемдік бұйымдары ғана емес, әшекейлердің тәрбиелік мәні де зор. Қазақ қыздары бет-жүзін бүркемей, ашық ұстаған. Алайда бойжетіп келе жатқан қызына шолпы тағу арқылы «қырық үйден тыю» жасай білген, яғни, шолпысы сылдырлап, қыздың қайда жүргенінен хабар беріп отырған. Шолпы сылдырынан жасқанған қыз бала бейсауат жүрмеген. Асыл аналарымыз бұйымдарды қыздарына, келіндеріне мұраға қалдырып отырғандықтан, олар бүгінге дейін жетіп отыр.

 


– Мен көркіме көрік қоса түсетін түрлі әшекейлерді таққанды жақсы көремін, – дейді Аружан Мақсатова. – Кейінгі кездері өзім қатарлас құрбыларымның қазақы әшекейлерді тағып жүргендерін байқадым. Маған қатты ұнады. Сондықтан ғаламтордан әшекейлер сататын дүкендерді іздеп, әдемі алқа, сырға, сақина және білезікке тапсырыс бердім. Барлығы көңілімнен шықты. Сапасы да, әрі өзі де әдемі. Оларды мерекелік кештермен қатар, күнделікті өмірде де тағып жүруге болады. Әр қазақ қызына жараса кететіні анық.

 


Жалпы, қазақи әшекейдің ішінде сырғалардың түрлері өте көп. Қазақ үшін сырғаның атқаратын рөлі өте маңызды болған. Себебі халқымызда бүгінге дейін сақталған «сырға салу» дәстүрі бар. Сырға салынған қыз енді өз «статусына» сәйкес жүріп-тұрып, үй шаруасын меңгере бастаған. Сырға анадайдан «мен мұндалап» тұратындықтан, оған басқа жігіттер көз салмайды. Кейбір сырғалар ауыр, ұзын етіп жасалған, оларды қалыңдық сәукелесіне қадаған. Ал ұлтымызда сақинамен қатар, жүзік түрлері де көп. Жүзікті көп баланың анасы атанған бәйбішелер, құдағилар тағады. Құдағи жүзік аталатын мұндай сақинаның екі саусаққа киілетін түрлері де бар.

 


Мыңжылдық құдалар басқа да рәсімдермен бірге бір-біріне асыл бұйымдар сыйлап, киіт кигізген. Мысалға, білезіктің жалпақ, сондай-ақ топсалы, сақинамен шынжырлар арқылы жалғасқан және жіңішке түрлері мұражайларда көп кездеседі. Көз орнатылған да түрлері бар. Барлық жастағы әйел заты таға береді. Қазіргі кезде осындай көненің көзін заманауи киімдермен үйлестіріп киюге бола ма? Әрине, болады. Этникалық бұйымдарға еліктеп шығарылған заманауи аксессуарлар да көп. Ұлттық бұйымдар дресс-код қатаң сақталмайтын жұмыс орнында, көрмелерге, қонаққа барғанда немесе шетелдіктермен кездесуде киюге таптырмайтын аксессуар. Бірақ сән сарапшылары этникалық бұйымдардың бір ғана элементін тағуға кеңес береді. Осыған ұқсас ұлттық әшекейлеріңіз болса, көктемгі жаңа трендтегі киімдермен үйлестіріп тағуларыңызға әбден болады. Мұндай әшекейлер сіздің ешкімге ұқсамайтын жеке тұлға екеніңізді даралап көрсетеді.

 


Ақбота САҚҰЛОВА
суреттер ғаламтордан алынды

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев