Шындығы уақытында айтылмады...

12 февраля 2015 - Веб-редактор
article5947.jpg

Ауған соғысының аяқталып, Кеңес Армиясының өз отанына оралғанына 26 жыл. Тарих бетінде өзінің қанды ізін қалдырған қырғын Кеңес Одағына абырой да, даңқ та әпермеді. Саяси болжамдардың құрбаны болған ауған жұртына да, басқыншылық әрекетті он жылға тарта уақыт бойы шімірікпестен жүргізген Кеңес Одағы халқына да бұл соғыс қасірет пен қаскөйліктің асқынған түрі ретінде көрініп, жүректерге өшпес жара салды. 

 

Бұл, әсіресе, Кеңес билігінің сапында болған мұсылман елдеріне де ауыр сын, үлкен сабақ болғаны хақ. Әрбір ел, әр мемлекет өздерінің ішкі істерін, өз ұлты мен халқының пайдасы үшін, игілігі үшін дербес түрде шешуі тиіс екендігін ұқтыратын өмірлік өнеге ретінде де ауған соғысы барша ғаламға нұсқа, барлық билікке мысал болды.
 
1979 жылдың 25 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейінгі 9 жыл, 1 ай, 19 күнге созылған ауыр кезеңде КСРО Қорғаныс министірлігі Бас штабының деректері бойынша кеңестік 620 мыңға жуық адам соғысқа тартылса, оның 22 мыңы қазақстандық әскери болған. Жарақат пен аурудан қаза тапқан 15 526 адам болса, оның 924-і қазақстандық көрінеді. Екі мыңнан астамы мүгедек болып қалды. Хабар-ошарсыз кеткен және тұтқынға түскен 333 адамның 21-і отандасымыз екен. Бұл айтуға ғана оңай сандар. Кәмелетке жаңа толып, өмірді енді ғана бастаған боздақтың мәйітін жерлеудің қаншалықты қиын екендігін бастан кешірген Әбілғазы Садуақасов, Тойлыбай Амантаев, Әнуәрбек Ерғалиев, Валера Кулитайвичус, Әділбек Жақанов, Темірбек Нұрғазин, Володя Полонник сынды жерлес жауынгерлерден талай мәрте естіген едім. Олардың кейбірі өмірден өтіп кетті.
 
Қазақ даласынан аттанған әскери қызметкерлердің ішінде 86 жауынгер, яғни Фарид Шагалиев, Руслан Аушев, Борис Керімбаев және тағы басқалар Кеңес Одағының Батыры атанып, қал-
ғандары денсаулығы мен жүйкесіне орасан нұқсан келтіріп оралыпты. Сол жылдары КСРО Ауғаныстан үкіметін қолдау үшін бюджеттен жыл сайын 800 млн (10 жылда 8 млрд) доллар бөлген екен. Ал 40 армияны ұстау үшін жыл сайын 3 млрд доллар бөлініп тұрған. 1989 жылы сол кездегі КСРО министрлер кеңе-сінің төрағасы Николай Рыжков, бір топ экономистерге ауған со-ғысының барлық шығындарын есептеуді тапсырады. Алайда шығынның жан түршігерлік орасан зор көлемде екенін көрген өкімет басшылары халықтың толқуынан қорқып, оны жарияламау керек деп шешкен. Кеңес экономикасын тығырыққа тіреп, дағдарысқа ұшыратқан факторлардың бірі осы Ауған соғысы екені әбден дәлелденген. 
 
– Ең қиыны, бұл соғыс нәтижесіз аяқталды. Кеңес жағы қолдаған Кабул үкіметіне қарсылар азаюдың орнына күн санап өсе түсті, – дейді қанды қырғын зардабын өз көзімен көрген, талай жыл елдегі Ауған соғысы ардагерлеріне ұйытқы болған генерал-майор Мұрат Қалматаев. Бұл пікірге Ауған соғысы ардагерлері қауымдасдығының төрағасы Сергей Пашкевич, соғыс ардагерлері төрағасы Мұрат Әбдішүкіров те қосылады. 
 
1941-1945 жылдардағы соғыс пен бұл сұрапыл ұрыстың айырмашылығы бар. Ұлы Отан соғысында тыл, алғы шебі болды, бағыт-бағдар белгілі. Ал ауған соғысында болжам жоқ. Жаудың қай жағыңнан келетіні белгісіз. Жаңа ғана саперлер тазалап өткен жол үсті артынша мина жарылып, астан-кестеңі шығып жатады. Кеңес әскерлерінің қалай жүріп тұратынын жан-жақты зерттеген жау аянбайды, аямайды. 
 
– Қолға түскенді қыра береді, соның бәрін көзіміз көрді. Кеңес әскерлерінің денесін тілім-тілім етіп, кесіп тастайды. Кектенеміз. Біздің сарбаздар аянып қалған жоқ. Отандас бауырлардың ыңырсыған, ышқынған, қиналған сәттерін көрдік. Бір-бірімізді жігерлендіреміз. Мақсатымыз – дұшпандармен соғысу, қалай жеңіске жетеміз, қашан жетеміз, соғыс қандай жағдайда аяқталады, ол жағы тұманды, күмәнді дүние еді, – деп еске алады жоғарыда есімдері аталған интернационалист жауынгерлер.
 
Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. ҰОС ардагерлері санаулы ғана. Екі майданды теңестіруге келмегенімен, әкелген зардаптары әлі күнге санадан өшкен жоқ, жүректердегі жаралар жазылмады. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттары қатарында ауған соғысы ардагері, генерал майор Бақытжан Ертаев ағамыз бастаған мүдделес азаматтар бар. Олар ауған жауынгерлеріне ҰОС ардагерлеріне теңестірілген жеңілдік беру туралы жиі қозғап жүр. Ұсыныстың жүзеге асу-аспауы болашақ еншісінде, тиісті органдар құзырында. Біз осы бір тарих бетінің дұрыс насихат-
талып, ешбір бұрмалаусыз жариялануын тілейміз. 
 
Баймұқан ТЕМІРБЕКҰЛЫ,
Қостанай ауылшаруашылық колледжінің оқытушысы 
 
comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев