Атадан қалған аманат

3 декабря 2015 - Веб-редактор

ХVIII ғасырда өмір сүрген Жаппас Кермен руының азаматы араб тілінде Қарта ұрпақтарының шежіресін кітапқа жазып қалдырған екен. Кейінгі ұрпақтары үшін құндылығы мен тағылымы мол шежіре кітабы қолдан-қолға өтіп, Торғай өңірінің бір елді мекенінде жеткен деседі. Мұраны уақытында ешкім іздемеген. Бірақ Бердалының ұрпағы Рақымберген ақсақалдың көңілі күпті болып жүріпті. Қария көз жұмарда балаларына осы кітапты іздеп табуды аманаттаған екен.

 

Кітапты іздейміз


Жабағы батырдың писары болған Жаппас Кермен руының азаматы Қарта ұрпақтарының шежіресін араб тілінде кітап етіп жазыпты. Осы кітапты жазған азаматтың шөбересі (аты белгісіз) 1927 жылы Қостанай қаласынан Торғай ауданының құрылыс саласын басқаруға келген. 1930-32 жылдары Таран ауданына барған торғайлық ақсақал Рақымберген деген кісімен кездескенде үйінде Қарта руының шежіресі жазылған кітап бар екенін, оны құрылыс саласын басқарушы болған адамнан алғанын айтыпты. Арада жылдар өтіп, екі ақсақал бір-бірімен хабарласса да, одан кейін кездесудің сәті түспеген. Рақымберген ақсақал торғайлық замандасының есімін ұмытып қалады. Өмірден озар алдында ол, баласы Қайрат пен немересі Тимурға Торғай еліне барып, Қарта руының шежіресі жазылған кітапты іздеп табуды аманат еткен. Ақсақалдың нұсқауынша, шежіре екі таудың ортасында орналасқан мекенде сақтаулы. Біз бұл Қызбел ауылы деп топшыладық. Егер осы кітап әлдебіреудің қолында болса немесе қандай да бір дерек білсеңіз мына телефондарға: 8 (714 39) 21-0-75, 8 (714 39) 21-7-46 хабарласуыңызды сұраймыз. Қалаған сүйіншісі мен сыйақысы бар. Іздеушілер: Бердалинов Қайрат Рақымбергенұлы мен Бердалинов Тимур Қайратұлы.


Қарта ұрпақтарының шежіресін тарқатсақ Қостанай облысының Таран ауданы – талай ақындар мен батырлардың, билердің атамекені.


Ел аузында жүрген шежіре деректерге жүгінсек, Қарабалық қыпшақтан Шоманақ, Қарсақ, Танбұға, Жолыншы және Жолжақсы тараса, Жолшыдан Сопы, Сопыдан Қарта туады. Жантілес Жолжақсының баласы. Қартадан – Қошқар, Жауар, Мамажар, Мәметек, Әлеке және Әлігеш туады. Жабағы батырдың ата тегін одан әрі таратсақ: Қошқардан – Тәуеке, Тәуекеден – Сыма, Сымадан – Тоқмәмбет, Ақжігіт, Ақмәмбет тарайды. Абылай ханнан бата алған ақжолтай батыр атанған Түгел батыр осы Ақжігіттің баласы. Түгелден – Ипан, Ипаннан – Жабағы батыр туған. Яғни, батырдың немересі де атасына тартып хас жауынгер болған. Түгелдің тарихының өзі аса қызық. Ақжігіттің келіншегі босанып, ұл тапқанын естіген жұрт сол кезде Хан ордасына жақын болған Ақжігіттің баласының атын қоюда біраз қиналғанға ұқсайды. Сонда ханның өзі: «Ақжігіттің баласы маған да бала болады. Ендеше баламның атын өзім қояйын, есімі Түгел болсын. Төрт құбыламызды түгендеп жүрсін», – деп батасын беріпті.


Түгел ер жетіп, жорықтарға қатысып, ерлігімен таныла бастайды. Жас жігіттің қысылтаяңда жау қашырған осындай бір ерлігіне ырза болған Абылай хан «Не қалайсың? Қаласаң, бағымды да, тағымды да берейін» десе керек. Сонда Түгел: «Тағыңызды не қылайын, тақсыр, маған бағыңыз да жетеді. Бірақ Алла тағаланың берген бағы басыңыздан аумасын!» – деп жауап беріпті.
Түгел батырға Абылай хан өз қолымен берген жорық Туы кенже баласында қалған. Бүгінгі таңда аталған сарыала Ту Таран ауданының орталығында тұратын Хасеннің жұбайы Ысқақова Зағипа апайдың шаңырағында сақтаулы. Бұл Туды көрген адамның бойына жігер пайда болады. Көз алдыңызға самсаған қалың қолдың алдында кетіп бара жатқан батырды көргендей сезінесіз.


Қостанай өлкесінде Әйет деген өзен бар. «Әйет деген кісінің құрметіне қойылған» деседі жұрт. Кезінде осы Әйеттің маңынан өткен кез келген керуен немесе жолаушы міндетті түрде өзеннің басына түнеген екен. Оның негізгі себебі – Әйет өзенінің сол жақ бетінде өз заманының ержүрек батыры Жабағы батырдың зираты бар көрінеді. Сол кісінің басына дұға қылмай өткен жолау­шы­лардың жолы болмайды деген түсінік қалыптасқан. Біреулері түйеден аударылса, енді біреулерінің арбасы сынған, әйтеуір, зиратқа бас бұрмағандар әлдебір сәтсіздікке ұшырайды екен. Жабағы батыр жайлы ел арасында түрлі аңыз әңгімелер бар. Жаугершілік заманда өмір сүріп, елін-жерін өмір бойы қалмақтардан қорғап өткен батырдың күштілігі сондай, тіпті ешқандай қарусыз, жалаң қолымен-ақ қасқыр соғып алатын болған.


Сол бір кезеңде қазақ жеріне қызыққан қалмақтардың соғыс үстінде оққа ұшқан өліктерін оба қылып үйіп көмген екен. Жабағы батыр ажалының алдында жұр­тына: «Мені қалмақтар қырылған обаның басына қойыңдар, өлгенде де жау­ла­рым­ның кеу­де­сінен басып жатайын», – деп аманат айтып кеткен екен. Қазір осы өжет баба­мыз­дың зиратын Әйет өзенінің бойында ор­наласқан Таран ауданындағы Журав­лев­ка деген ауыл­дың қасындағы қырдан табуға бо­лады. Жабағы батырдың аруақты екенін бі­летін адамдар әлі күнге дейін осы зират­тың басына түнеп, дұға қылып, шер-мұң­да­рын тарқатып, құран оқитын көрінеді.


Көнеден қалған бір-екі жәдігер Түгел батыр мен Жабағы батырдың ұрпағы Рақымберген қарияның үйінде сақтаулы. Осы ақсақалдың деректеріне сүйенсек, Жабағы батырдың баласы Бердалыдан Кенжебай туған, Рақымберген Кенжебайдың баласы. Жабағы батырдың туы және өзі ұстаған кісені осы шаңырақта. Түгел батырдың Туы – үшбұрышты болса, Жабағы батырдың Туы – төртбұрышты. Шетіне де, ортасына да оюлап өрнектер салынған. Ал теріден жасалған кісеннің ортасына көз қойылған. Басында ол арада асыл тас болған деп жобалайды, бірақ кейін тасы жоғалып, басқа бір зат салынған тәрізді. Кейінгі ұрпаққа мақтаныш етіп көрсетер осындай қасиетті мұраны жоғалтпай, сандыққа салып сары алтындай сақтап келген Түгел мен Жабағы батырдың ұрпақтарына жаратқан жар болсын дейміз.


Гүлім ЫСМАҒҰЛ,
Жангелдин ауданы

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев