«Ақ дариға» халық хоры атанды

8 декабря 2016 - Веб-редактор
article12502.jpg

Қалалық Мирас мәдениет үйінде Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен орайластырылған «Ақ дариға» хорының 20 жылдық есеп беру мерекелік кеші өтті. Кеш барысында белгілі ақын Ғайнижамал Бердалинова хор мүшелері туралы жазылған «Көк тудың желбірегені» атты кітапты табыстады.

 


Кешке «Ақ дариға» хорының мүшелерінің жақындары, замандастары, академия курстанттары және белгілі ақындар Ғайнижамал Бердалинова мен Серікбай Оспанов қатысты.

 


Мерекелік жиында «Ақ дариға» хоры көркемдік жетекшілері Түлкібек және Бағлан Рысмағанбетовтардың сүйемелдеуімен «Кестелі орамал», «Ақерке-Ақжайық» сынды әндерді әуелете шырқады. Хор жанынан құрылған әйелдер және ерлер тобы да елге белгілі «Ауылым», «Сағым жылдар» сияқты әндерді шырқап, келген қонақтардың жанарларына жас ұялатты. Кейіннен жеке орындаушылар белгілі композитор Қалибек Дерипсалдиннің «Қостанай» әнін және ел құлағына жатталған «Айхай- 25», «Илигай» және өзге де танымал ақын-композиторлардың туындыларын орындап халықтың ыстық ықыласына бөленді.

 


– Келешекте «Ақ дариға» хорына жиырма үстіне жиырма қосылып, қартаймай жүре беріңіздер, – деп ақын Серікбай Оспанов жылы лебізін білдірді. – Қандай әдемісіздер, ақ жаулықты сағынғанда сіздерге келу керек екен. Қазір көшеде ақ жаулық тартып жүрген аналар мен әжелер азайып кетті ғой. Жалпы, «Ақ дариға» атауының өзі де ерекше. Адам баласының бүкіл ғұмыры ән екен. Әнмен дүние есігін ашамыз, дүниеден өтерде де жоқтау айтылып әнмен өтеміз. «Ән-көңілдің ажары» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Сіздердің ажарларыңыздың қайтпай жүргені осы әуелете ән шырқап жүргендеріңіздің арқасы деп білемін. Бұрындары бір жерге 20 адам жиналса соның барлығы ән айтып, тек біреуі ғана айта алмайтын. Ал қазір барлығы керісінше болып бара жатыр. Сондықтан, әнді ұмытпай әнмен жасай беріңіздер!

 


– Осыдан жиырма жыл бұрын жақын құрбым Қостанайда хор құрылайын деп жатыр деді, – дейді «Ақ дариға» хорында 20 жыл ән айтқан мүшесі Ағыбай Ділдабекова. – Менде сол уақытта қалаға жаңадан көшіп келген едім. Содан осы хорда ән айтам деуші бірнеше адамдармен мәдениет үйіне бардық. Онда Алтынсарин мектебінің белді-белді мұғалімдері жиналған екен. Сөйтіп, хорға небәрі 12 адам жиналдық. Ол кезде қиын заман болатын, бір кітапхананың кішкентай бөлмесін дайындалуға берді. Мен ол кезде бірінші дауыс, екінші дауыс дегеннің не екенін білмей ән айта беретін едім. Сол уақытта хорда бірдей киім болған жоқ, қолымызда не бар, немесе бізге не береді соны киіп жүре беретін едік. Кейіннен басымызға орамал тағып, түрлі оқу орындарында ән айтып жүрдік. Сол кезде әжелерде ән айтады екен деп бәрі таң қалатын. Қазір ойлап отырсам, хор құрамындағы біраз адамдар ауысқан, кейбірі дүниеден де өтті. Бірі келіп, бірі кетіп жатты. Хордың он жылдығында бізге ақша бөліп, бірдей киім тіктіртті. Кейде осы хордан кетіп қалғым да келеді. Үйде немерелерім болған соң қолым босамайды. Бірақ, мен өзім жастайымнан әнді жақсы көрген адаммын. Осында келсем, көңілім жайланып қалады.

 


Есеп беру кеш соңында «Мирас» мәдениет үйінің директоры Светлана Николаевна хор мүшелеріне және көркемдік жетекшілеріне мақтау қағаздарын табыстады. Және де Мәдениет министрлігінен келген бұйрықты оқып берді. Бұйрық бойынша «Ақ дариға» хорына «халық хоры» деген атақ берілді.

 


Ақбота САҚҰЛОВА

суреттерді түсірген автор  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев