Жамбыл мен Тайыр үндестігі

17 ноября 2016 - Веб-редактор
article12288.jpg

Жүз жыл өмірінің сексен бесін өлең мен жырға арнаған кес-телі сөздің шебері, әрі жырау, әрі жыршы, әрі ақын атанған Жамбылдың есімі елімізге ғана емес, өзге елдерге де кең танылып, ауызша тарихтың ірі тұлғаларының біріне айналды. Өзі өмірден озса да, артынан мәңгі өшпейтін жыры мен дастандарын қалдырған ақын ішінен өрбіткен өлең-жырларымен барлық мәселенің шешімін таба білген. Жүз жасаған Жамбыл ақын бері алғанда қазақ халқының, әрі алғанда бүкіл Ресей халықтарының бастарынан кешкен тарихи кезеңдеріне куә болды.  

 

 

Өйткені, Жамбыл дүниеге келген кез 1846 жыл еді. Қақаған қыстың боранында қарапайым, көшпелі кедей Жапаның отбасында дүние есігін ашқан Жамбыл жастайынан өлең-жырға зерек болып өседі. Туған ағасы Тәйті оны 8 жасында ауыл молдасынан білім алуға апарғанымен, Жамбыл молданың бірінші таяғынан кейін қайтадан молда алдына аяқ баспастай әсерде қалады. Хат танитын сауаттылығы болмаса да, жастайынан өзінің талантымен жұрт көзіне түскен Жамбыл 15 жасынан бастап-ақ жоғары деңгейдегі ақындық өнерімен елді тәнті қылып, халық арасында «жас ақын» атана бастайды. Ақын «Менің өмірім» шығармасында:

 


– Он бесте-ақ домбыраны алдым қолға, Тең басқан төрт аяғын болдым жорға, – деп, ақындар айтысына еш тартынбай, сынға түскендігін өлеңмен өріп дәлелдейді.

 


Ақынның үш томдық шығармалар жинағындағы айтыстарынан Жамбылдың Құлманбет, Досмағанбет, Сарбас, Майкөт, Бақтыбай, Бөлтірік, Айкүміс сынды беделді ақындармен айтысқа түсіп, бақ сынасқанда әрдайым жеңіске жеткендігін байқауға болады. Айтыстарының қай-қайсысында болмасын Жамбыл өзінің нағыз майталман, кестелі сөздің шебері, әрі ұшқыр ойлы, тапқыр шешен екенін көрсетеді. Ақындық өнердің биік шыңына көтерілген Жамбыл ауызша үлгіні әдебиетпен, поэтикалық мәнерлерді прозамен ұштастыра білді. Оның ақындық стилі психологиялық қанықтылығымен айшықталып, қоғамдық өмірді нақты, әрі боямасыз суреттеп, эпикалық шынайы жатық тілмен айтылғандығымен ерекшеленеді. Ол жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн дарытты.

 


Жамбылдың есте сақтау қабілеті өте жоғары болған. 90 жасқа дейінгі шығарған өлеңдері мен жырларының бірде-біреуі қағаз бетіне түспесе де, ақын өз ішінен шыққан туындыларының түгелін дерлік жатқа білген. Бұл жөнінде зерттеуші М.Ғұмарова «Жамбылдың үш томдық шығармалар жинағына» жазған кіріспе сөзінде былай деп келтіреді: «Кеңес дәуірінде, әсіресе, 1936 жылдан бастап, Жамбылдың қасында болып, өлеңдерін жүйелі түрде жазып отыру үшін бірнеше әдеби хатшылар бөлінді. Әдеби хатшылары Жамбылға күнделікті газеттерді оқып береді, болып жатқан ұлы өзгерістермен, жаңалықтармен, халықаралық оқиғалармен таныстырып отырады. Жамбыл шығармаларын жазып шығармайды, суырып салып айтады. Әдеби хатшылары оның өлеңдерін шығару үстінде жазып алады. Әбділда Тәжібаев, Қапан Сатыбалдин, Қалмұқан Әбдіқадіров, Ғали Орманов сынды бірқатар қазақ әдебиетінің майталмандарымен қатар Жамбылдың қасында орда бұзар отыз жастағы қылшылдаған семсердей, сері ақын Тайыр Жароков та хатшылық қызмет атқарған. Бұл ақын Тайырдың 1923-1927 жылдарда Орынбордағы қазақтың халық ағарту институтында, одан ҚазПИ-де (Қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) оқып, 1931-1935 жылдарда Ленинградтың тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасын бітіріп, шығармашылығын өрлетіп, 1938 жылдан бері абыз ата Жамбылдың жанында жүрген жалынды кезі болатын. Тайыр 1938 жылдан 1942 жылдың сәуіріне дейінгі аралықта Жамбылға әдеби хатшылық қызмет атқарған.

 


Бірақ, Жамбыл мен Тайырдың таныс-тығы 1928 жылдан басталған болатын. Бұл жөнінде Тайыр Жароков: «1928 жылдың тамыз айы. Жадыраған жаздың жайлы күні еді. Алматыға оқуға келе жатқан бетіміз. Ол кезде Түркісіб әлі салынбаған болатын. Фрунзеден Алматыға жету үшін Луговойға соғып, шиқылдаған арбамен әбден зерігіп, шаршап келеміз. Әйтеуір Қордайдан асып Қастекке құладық-ау! Қара Қастекке төртінші қоналқада әрең жеттік. Әбден шаршап-шалдығыппыз. Дем алуға келістік. Біз арбаның көлеңкесіне жатып тынығып, түскі ас іштік. Серігіп көңілденіп қалдық. Кенет ауыл жақтан шырқалған ән, күмбірлеген күй естілді. Жолдастарым да, мен де елеңдесіп, киіз үйге қарай тура жөнелдік. Әнге бола ел жиылып қалған екен, киіз үйге біз де кіріп келдік. Торғын кілем үстінде домбыра ұстаған алты-жеті ақын қатар отыр. Бәрі де егде кісілер көрінеді. Олар кезектесіп домбыра тартып, ән салады. Сығылысып тұрған біздер ақындарға ынтыға қараймыз.

 


«Ағайындар, мына кісілер біздің Жетісудың ақындары», – деп таныстырды тыңдаушылардың бірі. Үй иесі бізге ықыласпен орын көрсетті. Біз отырдық. Сол кезде қарттың бірі домбыраны қолға алып, шертіп-шертіп жіберді де, өзінің өлеңін ағыза жөнелді.«Көп жаса, Жамбыл!», «тағы, Жәке, тағы!» – деген көпшіліктің алғысы мен тілегі жауа бастады. Бұл менің Жамбылмен алғашқы кездесуім болатын. Ол кезде мен даңқты ақынның ең жақын, әрі айрылмас серіктерінің бірі болармын деп ойлағаным да жоқ еді», – деп ақын өз естеліктерінің бірінде еске алады.

 


Ақынға хатшылыққа тағайындалудан он жыл бұрын Тайыр Жамбылдың аузынан төгілген асыл маржандай жырларына тәнті болып, поэзияның пірі тұтқан.

 


Тайырдың хатшылық қызмет атқарған кезі Жамбылдың 1938 жылғы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланып, мемлекет тарихында тұңғыш рет парламент мәжілісін өлеңмен ашты. Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының 1938 жылдың 19 маусымдағы жарлығымен Ленин орденімен марапатталды. 1939 жылдың 31 қаңтардағы жарлығымен «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталғандығымен, 1941 жылдың наурызында Мемлекеттік сыйлық лауреаты атанғандығымен тұспа-тұс келіп отыр. Демек, Тайыр Жамбылдың барлық ірі қуаныштарына көзайым болған.

 


Т.Жароков осы жылдар аралығында ақынның «Орындалған ант туралы жыр», «Егіс жыры», «Отанымның батырларына», «Тарас», «Кавказға», «Кавказға сәлем», «Чапай», «Совет Одағы», «Өмір жыры», «Қымбатты сый», «Сталин, жырым сен үшін», «Жеңіс жырын сайраңдар», «Біздің Отанның қырандары», «Отанымның қыздары», «Жастық жыры», «Мұғалімдерге сәлем», «Мал өсірушілерге», «Халық қазынасы», «Қаны бір бауырларымызға», «Үндеу», «Біздің Киров», «Сталин», «Болат тонды батыр», «Қазақстан коммунистерінің ІІІ съезін құттықтау», «Күні туған елім», «Өмірдің тууы», «Түрксібтің 10 жылдығына», «Бұрынғы Қазақстан туралы», «Мен бір биік бәйтерек», «Көктем менен май даңқы», «Жер байлығы», «Мал азығы», «Жан азығы», «Жайлауымыз Құлансаз», «Екі дүние айқасты», «Өлім мен өмір белдесті», «Ленинградтық өренім», «Москва – менің қамалым», «Совет гвардеецтеріне» сынды бірқатар өлеңдері мен жырларын қағаз бетіне түсірген.

 


Кемеңгер ақынға хатшы болу да оңай жұмыс емес еді. Әрбір аузынан шыққан өлең-жырды бұлжытпай қағаз бетіне түсіру, ақынның ойынан шығатындай етіп сөз мақамын келтіріп байланыстыру, өзара мәмілеге келу сияқты істер екінің бірінің қолынан келе бермейтін істің бірі еді. Тайыр Жамбылға хатшылық қызмет еткен жылдарында өзінің шығармашылық тұрғыдан дамуына қарт Жамбылдың септігі тигендігін мойындай келе, естеліктерінің бірінде: «Жамбыл өлеңді домбыраға қосып шығаратын. Кейде жазып үлгіре алмағанды жаратпай да қалатын. Ол жазып алғаныңды оқуды өтінеді, тіпті талап етеді. Кейде Жамбылға жазғаның жақпайды. Ол келіспеген жолдарды қайта айтып кетеді. Артынан жөнделген нұсқаны қайта оқуды сұрайды, тағы да жақсарту қажет пе деп ақылдасады. Егер кемшілігін айта қоймасаң, ойлы қалыппен бетіңе қарап аз отырып, сұраулы көзқараспен «маған сене берме, ұялма, былай емес олай деп айт. Мен қараңғы адаммын, ғалым емеспін, сенің жазуыңды да танымаймын. Егер бірдемесі келіспесе, дәл сол жерін жөндеп жібер! «Жамбыл жырлай білмейді, Жамбыл – жаман ақын» деп ертең халық айтады. Ал қандай қартқа жалған сөз жараспайды. Өлең өтірікті жаратпайды. Бұл ақынға оңай соқпағанымен, менің халқым өлеңшіл, жыршыл халық болғандықтан өзім де өлең айтып жыр шығаруға әуестендім. Ал өлеңді жаман шығарсаң – оныңды халық кешпейді, – бәрін өзіңнен көре бер!..», – деп еске алады.

 


Осы жылдарда кемеңгер ақынның қасында жүріп Тайыр өзінің де шығармашылығын қалдырмай, шыңдап, жырларына жаңа бір леп, бояулар кіріктірді. Тайыр Жамбылға әдеби хатшы болып тағайындалған жылы, яғни, 1938 жылы ақынның сөз шеберлігі мен суырыпсалмалық қасиетіне арнап «Жамбылға» деп аталатын арнау-өлеңін шығарады. «Жамбылға» арнау өлеңі – қазақ тілінде шыққан туынды. Кейіннен автор арнау-өлеңге орыс тіліне жолма-жол аударма жасайды. Орыс тіліндегі жолма-жол аудармасының түпнұсқасы ҚР Мемлекеттік Орталық мұражайының қорында сақталынған. Тайырдың аудармашы ретіндегі деңгейлестігі мен дарындылығы таразының екі басындай тең деп айтсақ артық болмайды. Орыс тілін жетік білген ақын Тайырдың «Жамбылға» арнауының қазақ тілі мен орыс тіліндегі мағыналық үндестігі бірін-бірі толықтырып тұрғандай. Ақын өз арнауында Жамбылдың ақындық шеберлігін, оның суырыпсалмалығын бірде «Қарт Жамбыл – жас сұңқардай саңқылдаған, Алқымы – ащы айқайға алқынбаған», – деп, жас сұңқарға теңесе, бірде «Жан аз ба, шыңнан тоят тілеп ұшқан. Бұлбұлдан үлгі алуға талпынбаған», – деп бұлбұл құсқа, бірде «Ол алтын поэзия мұхитына. Қоңыр қаз сүңги жүзіп қаңқылдаған», – деп қоңыр қазға теңейді.

 


Сөзі – алтын, көзі – жұлдыз, жаны – жігіт. Қайтпаған хан, патшадан белін бүгіп, – деген жолдарын «Мен қазір тоқсан үштемін. Бірақ, мен жаспын, бақыттымын. Мен әлі атқа отырамын. Мені қуанышты, қуатты, батыл ұлдарым, немерелерім мен шөберелерім қоршауда. Отанымды барлық жаулардан қай минутта болса да өлеңмен және мылтықпен қорғауға менің дауысым мен қолым әлі де қуатты. Мен өзімнің барлық өмірімде қыр қожайындарының бетіне шындықты қорықпай айтып шайқасумен өттім. Сол үшін олар мені жек көрді, ал, менің әрбір сөзімді халық сүйіп бағалады», – деп қарт ақынның өзі де дәлелдей түседі.

 


Сөзімізді түйіндей келе, қазақ халқының ХІХ-ХХ ғасырдағы өмір сүрген дәуірінің тарихи куәсі, ғасыр айғағы қарт Жамбыл атадан балаға, баладан ұрпаққа тасыған дария, таусылмас кен-поэзияның алып күшін, сарқылмас бұлағын қалдырды. Жамбыл әрқашан да жамандық пен жақсылықтың, бақытсыздық пен игіліктің, зұлымдық пен ізгіліктің арасына шек қоя жырлады. Әрқайсысының әрекетіне сай сөз, тіл өзгешелігін пайдаланды. Жамбылдың жыры әрқашан да тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді. Бар өмірінің төрт жылға жуығын Жамбылдың қасында өткізген қазақтың «тарлан ақыны» атанған Тайыр Жароков та Жамбылдың жанында жүріп ақындық шеберлігін шыңдай түсті, өз туындыларына жаңа бағыт алды. Жамбылдан жаңа серпін алған Тайыр ақын да өз халқының ар-намысы, үні, жүрегі және ақиқат шындығы болып қала бермек.

 


Өйткені, Тайыр ақынның өлең-жырларын жаза отырып, Жамбылды қазақ жұртына танытса, оның өлеңдерін өзге тілге аударып әлемге танытты. Ақынға арнау өлеңін жазып, өз ілтипатын, ізетін, құрметін білдірді. Жамбыл мен Тайыр үндестігінің мәні осында еді. Жамбыл мен Тайыр қазақ халқының жүрегінде халық пен поэзия сықылды мәңгі жасай береді.

 


Ш. Тойынбаева

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев