Бірлікті насихаттаған байқау

6 октября 2016 - Веб-редактор
article11861.jpg

Әулиекөл ауданының Мәдениет үйі және «Әулиекөл ауданы әкімдігінің тілдерді оқыту орталығы» КММ ұйымдастыруымен аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Қазақстан Республикасы халқының тілдері күні және Отбасы күні мерекесіне орайластырылған «Мемлекеттік тіл және менің отбасым» атты байқау өтті.  

 

 

Байқаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді, отбасылық, ұлттық мәдени құндылықтарды насихаттауға бағыттау, имандылықты, руханилықты нығайтуға, жауапкершілікті сезінуге негіздеу.

 


Аталған байқауға алты отбасы қатысты, олардың ішінде Қарақалпақ ауылынан «қазақ», аудандық ауруханасынан «орыс», Мәскелеу ауылынан «украин», Бағаналы ауылынан «неміс», Диев ауылынан «өзбек», Лесхоз ауылынан «татар» отбасылары қатысты.

 


«Сан ғасырдан бері қазақтың кең даласына көптеген ұлттар мен ұлыстардың ұрпақтары келіп орнығып, бір-бірімен тамыр, дос болып, тату-тәтті өмір сүріп келе жатыр. Дархан көңілді, кең пейілді қазақ халқы оларға құшағын ашты. Ата-бабамыздың осы үлгісі, өзге халықтардың баласын дініне, тіліне, түріне, ұлтына қарамай бауырға басқан төзімділігі мен толеранттық мінез – құлқы бізге мұра болып қалды. Бұл – біздің тарихи қасиетіміз, өсіп өркендеуіміздің басты негізі. Осы бірлік пен достықты тереңдете білудің арқасында біз көп қиыншылықтарды жеңе білдік», – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен ашылды.

 


Алғашқы құттықтау сөз алғандардың бірі – жергілікті «Әулиекөл» газетінің бас редакторы Әсемхан Есмағамбетов байқаудың қатысушылары мен көрермендерін аталған мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық, ашық аспан және де Қазақстан деп аталатын «Үлкен отбасымызға» тек бейбітшілік пен келісім тіледі.

 


Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы жаңа жетістіктерінің негізі. Сондықтан да бұл күнгі мерекеден отбасылық татулықтың тірегін терең қадаған жарты ғасырлық өмірді бірге кешкен жанұялар да тыс қалмады. Бұған дейін аудандық билік өкілдері жарты ғасыр өмірді бірге кешкен ардақты ата мен асыл әже Фазылхан Нұрахметов пен Орынбасар Абдрахманқызы және елу бес жыл өмірін бірге өткізген Федун Михиал Ильич пен Виктория Федоровнаны құттықтап, екі отбасыға сыйлықтар табыстаған болатын.

 


Байқаудың концерттік бағдарламасында Диев ауылының бишілерінің орындауында «Достық биі», Айдар Жазықпаевтың ерекше дауысымен көпшіліктің жүрегінен орын алған «Земля моя» әні, қазақтың қара домбырасының құлағында ойнайтын Арман Кәкімов пен Алмас Хамитбековтың «Ақсақ құлан» күйі, Көлбаева Арнураның «Туған жер» әні, АМҮ әншілерінің «Қазақстан» әні орындалып көрермендердің ілтипатына ие болса, әр ұлт отбасыларының өнерлері ерекше көңіл-күй сыйлады. Қатысушы отбасылардың барлығы өз ұлттарының ұлттық тағамдарын, салт-дәстүрлерін, өнерлерін көрсете білді. Неміс отбасы салт-дәстүрі, әдеп-ғұрыптары жайында және Германиядағы карнавал мерекесі қалай өткізілетінін, оның Бразилияда өткізілетін карнавалдан ерекшіліктерін айтса, қазақ отбасылары «Туған жерге аунау» сияқты жастар біле бермейтін салтын сахналық қойылым ретінде көрсетті. Осы отбасының домбырамен орындаған «Күміс құмған-ай» халық әні көрермендерді баурап әкетті. Украин мен татар, орыс отбасыларының әуелеп салған әндері де ерекше әсер берді.

 


Сонымен қатар, «Әулиекөл ауданы әкімдігінің тілдерді оқыту орталығы» КММ мен әрдайым мемлекеттік тілді дамытуға, насихаттауға қосқан елеулі еңбектері үшін ауданымыздың бірқатар білім ордаларына алғыс хат табысталды. Мұндай құрмет № 28 Құсмұрын мектебінің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Әбуталипова Әсемгүл Бағытбайқызына да бұйырды.

 


Байқау қорытындысы бойынша барлық отбасылар номинациялар бойынша марапатталды: «Сегіз қырлы бір сырлы» номинациясы – татар отбасы, «Өнерлі отбасы» номинациясы – мың бұрала билеген өзбек отбасына, көрермендерді әндерімен жаулап алған украин отбасына «Көрермендер көзайымы» номинациясы, «Ынтымақты отбасы» номинациясы Бағаналы ауылынан келген неміс отбасына, «Парасатты отбасы» номинациясы орыс отбасына, «Тіл жанашыры» номинациясы қазақ отбасына беріліп, сонымен қатар отбасылардың барлығына бағалы сыйлықтар табысталды.

 


Жоғарыда аталған мерекелік іс-шаралар аясында Шоқан Уәлиханов атындағы Әулиекөл ауданы орта мектебінде де «Тілге құрмет – елге құрмет» атты мектеп оқушылары арасындағы аудандық айтыс ұйымдастырылды. Жергілікті танымал айтыскер-ақын Әсем Қажиева бас төреші болған әділ-қазылардың шешімі бойынша тартысқа толы айтыстың бас жүлдесін аманқарағайлық Ерлан Қабжанов иемденді. Бірінші орынды Аяулым Бақтыбай жеңіп алса, жүлделі екінші орынды Нұрсұлтан Айжарықов алды. Ал, үздік үштікті Новоселов ауылынан келген Әлібек Жарылқасымов түйіндеді.

 


Айтыс «Мемлекеттік тіл және менің отбасым» атты мектеп оқушылары арасындағы аудандық үздік шығармалар байқауының қатысушыларын марапаттау рәсімімен жалғасты. Байқаудың мақсаты мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, қазіргі балалар әдебиетінің даму үрдісін қалыптастыруға қолдау көрсету, қазіргі балалар әдебиетіндегі жаңа есімдерді анықтау және ынталандыру.

 


Байқауға жетінші-оныншы сынып мектеп оқушыларының шығарма жұмыстары қабылданды. Оқушылардың жұмыстарын Ұлбала Төлегенқызы Әбдібекова – ұстаз, Сәлима Жұмәділқызы Жұрқабаева – «Әулиекөл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ бас маманы, Жұмакүл Хәкімжанқызы Сыздықова – жергілікті аудандық «Әулиекөл» газетінің тілшісі қатарынан құралған комиссия мүшелерімен тексерілді. Қорытынды бойынша Әулиекөл ауданы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Тоққожа Мөлдір бас жүлдеге ие болды. Бірінші орынға Новоселов орта мектебінің 8 сынып оқушысы Әлібек Жарылқасынов ие болса, екінші орынға Н.Островский атындағы Аманқарағай орта мектебінің 8 «Б» сынып оқушысы ие болды. №2 Аманқарағай орта мектебінің 7 «А» сынып оқушысы Ақмарал Сейдазым болса үшінші орынға табан тіреді. Екі байқауға қатысқан оқушылардың барлығы алғыс хатпен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Сонымен қатар «Мемлекеттік тіл және менің отбасым» атты мектеп оқушылары арасындағы аудандық үздік шығармалар байқауында оқушылары ең жақсы нәтиже көрсеткен ұстаздарға алғыс хат табысталды.

 


Шығарма барысында оқушылар отбасы жайлы, тіл туралы толғаныстарын көрсетіп, тақырыпты аша білген. Ата-бабамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы – отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуанышыңды бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылатынын да атап өткен. Бұл – ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері даусыз.

 


Гүлмира ТАЙТІЛЕУОВА,
тілдерді оқыту орталығының оқытушысы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев