Кәсібі түгел – нәсібі мол

23 июня 2016 - Веб-редактор
article10825.jpg

Өңірлерді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның жемісті жұмыс істеп жатқаны әмбеге аян. Тек қана мал шаруашалаға емес, кәсіптің өзге түрлері де өрістерін кеңейтіп, мемлекеттік экономиканың дамуына септігін тигізуде. Шағын және орта бизнес дами түскен сайын, тұрғындардың тұрмысы тұрақтана бастайды. Бұған облысымызда осы салада қол жеткізген жетістіктері де нақты дәлел болғандай. Қазір өлкеміздегі 60 мыңдай шағын және орта бизнес нысандарында 160 мыңдай адам еңбек етіп,күнкөрістерін айыруда. Бұған осы саланың өркендеуіне үкімет тарапынан жасалып отырған көмек те оң әсерін тигізуде. 

 

 

Шағын және орта бизнесті өркендетуге биыл да үкіметтен бірнеше мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржылай жәрдем қаралыпты. Сала мамандарының мәлімдеуінше, облысымызда бұл қаралған қаржыны игеруге ынта танытушылар көп. Олардың алғашқы нәтижелері де көңіл қуантады.

 


Федоров ауданында үкіметтің шағын және орта бизнесті қолдауын ұтымды пайдаланып, шаруасының тасын өрге домалатып отырған тұрғындардың қатары жыл өткен сайын арта түсуде. Осының арқасында, жергілікті экономикаға енетін кіріс молайып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туған.

 


Ресеймен арадағы мемлекет аралық күре жолдың бойында орналасқан бұл ауданда соңғы жылдары жолаушыларға қызмет көрсететін нысандардың көбейе түскені байқалады. Кәсіпкер Рақым Бәйменов жол бойына шағын дәмхана салып, алыс жолдан шаршап, шалдығып келе жатқан жолаушылардың ыстық ас ішіп, демалуына жағдай туғызған еді. Кәсібінің алғашқы нәсібін көрген ол енді авто-тұрақ пен қонақ үйдің де құрылысын бастап кетіпті. Бұл шағын бизнес нысаны іске қосылғаннан бері бірнеше ауыл тұрғыны осында күнкөрістік жұмыс орнына да ие болған.

 


– Мен осындағы ауыл шаруашылық колледжінде екінші курста оқимын, – деп сөз бастады Федоров ауданының тұрғыны Алена Тимофеенко. – Мамандығым аспаз. Жаңа дәімхана ашылған соң, осында еңбек етіп, әрі тәжірибе жинақтап жүрмін. Мақсатым – оқуымды аяқтаған соң, осы дәмханада тұрақты жұмысқа орналасу. Ауданымызда түрлі шағын бизнес нысандары көбірек ашылуда. Сондықтан, тұрақты жұмыс орнын таба алатындығыма сенімдімін.

 


– Бір тәуірі – қазіргі жастар ауылдардан қашпайды, – дейді кәсіпкер Рақым Бәйменов. – Неге десеңіз, мемлекет тарапынан өңірлерді дамытуға қолайлы жағдай қарастырылуда. Егер кәсіпкерлерге жағдай жасаса аудандардың, ауылдардың гүлденері сөзсіз. Әрі, жастар да қалаға тартылмай, өз елді мекендерінде тұрақтап қалады.

 


Кәсіпкер Ирина Егорованың машина жөндеу станциясы да аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп тұрған шағын және орта бизнес нысандарының бірі. Кәсіпкер әуелде шағын ғана бір цехты өз қаржысымен салып іске қосқан еді. Талмай еңбектенудің арқасында мұнда аз ғана жылдың ішінде қосымша бірнеше цех ашылып, пайдалануға берілген болатын. Қазір бұл машина жөндеу станциясының игілігін тек Федоров ауданының тұрғындары ғана емес, іргелес ресейлік жолаушылар да көруде. Олар да өз көліктерін осында жиі жөндетіп тұрады. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген қағиданы ұстанған кәсіпкер машина жөндеу станциясының қасынан қосалқы бөлшектер сататын дүкен де ашыпты. Енді көлігі қирап, жол азабын көрген жолаушылар қажетті қосалқы бөлшекті осы жерден сатып ала алады.

 


– Біздің кәсіпорында машинаны жөндеу, олардың тегершіктерін ауыстыру және жууға арналған шағын цехтар жұмыс істейді, – дейді кәсіпкер Ирина Егорова. – Жұмысшыларымыз өз ісін жетік білетін мамандар болғандықтан, мұнда келген автокөліктерді жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары сапалы атқарылуда. Оған қажетті құрал-жабдықтарды кезінде Ресейден сатып алған едік. Қазір бізде 20 шақты адам еңбек етуде. Олардың еңбекақыларын мерзімінде төлеп тұрамыз. Күре жолдың бойында тұрғандықтан, бізге автокөлігін жөндетуге келетін тұтынушылар да көп. Олардың сұранысын тез арада, әрі сапалы орындауға тырысамыз. Ауданда бізден басқа да бірнеше машина жөндеу станциялары бар. Өзара бәсекелестік тұтынушыларға қызмет көрсету ақысы мен сапасына да өз әсерін жасайды. Сондықтан, біз де өз тұтынушыларымызға сервистік қызмет көрсетуді жүйелі жолға қойдық.

 


– Мен осы машина жөндеу станциясына тұрақты түрде келіп тұрамын, – дейді аталмыш ауданның тұрғыны Сұлтанмәжит Сәрсенбаев. – Мұндағы мамандардың кәсіби шеберлігі жоғары болғандықтан, тапсырысты мерзімінде әрі сапалы атқара алатындығына іс жүзінде көзім жеткен болатын. Біздің ауданымызда шағын бизнес нысандары көп. Осының арқасында олардың халыққа көрсететін қызмет түрлері артып, атқарылған істерінің сапасы жақсара түсті.

 


Федоров ауданының тұрғындары «Жұмыспен қамтудың Жол картасы-2020» бағдарламасының да игілігін көріп, өз кәсібін ашып, одан енген кірісті тұрмыстарына тірек етуде. Солардың бірі – Александр мен Ольга Смелыйлардың жанұясы. Александр-осы өңірге танымал етікші. Оның айтуынша, әсіресе, күз бен қыста аяқ киім жөндетуге сұраныс берушілер көп. Тапсырысты сапалы орындауға тырысатындығын айтады. Ольга Смелая да үкімет несиесі арқылы алған құрал-жабдықты меңгеріп,тұрғындардан түскен сұранысты атқаруға машықтанып алған.

 


– Біз жұбайым екеуміз аяқ киім жөндеумен,киім тігумен айналысамыз, – дейді Федоров ауданының тұрғыны Ольга Смелая.– Әуелі «Даму» қоры арқылы 800 мың теңге несиеге алдық. Оған кәсіпорынға керекті түрлі құрал-жабдықтар алдық. Бұдан соң, тағы да 1 млн 200 мың теңге несие алып, кәсібімізді дамыта түстік. Әсіресе, күз бен көктем кезінде тұрғындардан сұраныс көп түседі. Оларды сапалы атқаруға тырысамыз.

 


Федоров ауданында «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы несие алып, кәсіп ашқан тұрғындар да аз емес. Бұл шағын кәсіпорындарда да екі қолға бір күрек кәсіп іздеген ауыл тұрғындарына күнкөрістік жұмыс орындары ашылған.

 


Федоров ауданында соңғы жылдары өсімдік майын шығаратын бірнеше кәсіпорын да іске қосылған болатын. Бұл осы ауданда тұратын дихандардың сұранысқа ие майлы дақылдар алқабын көбейтуіне де игі әсер жасауда. Ауылдықтар майлы дақылдардың өнімін алыпсатар фирмаларға тапсыратын немесе шалғайдағы кәсіпорындарға өз күшімен тасып өткізіп, қосымша шығынға ұшырап келген еді. Өңдеу кәсіпорындары өз аудандарында ашылған соң, ол проблема оң шешімін тапқан.

 


Мұндағы кәсіпорындарда шығарылған өсімдік майлары бұрын тек өз еліміздегі тұтынушыларға ғана таратылып келген еді. Қазір Федоров ауданындағы кәсіпорындарда шығарылған өсімдік майын алуға тек іргелес Ресей мемлекеті ғана емес, өзге ТМД елдері тарапынан да сұраныс мол түсуде.

 


– Бұл арқылы жергілікті кәсіпкерлер «Қазақстанда жасалған» сауда белгісі бар сапалы өнімді тек қалада ғана емес, ауылдық жерде де өндіруге болатындығын дәлелдеп берді, – дейді аудан басшылары.

 


Кәсібінің нәсібін көріп отырған ауыл тұрғындарының айтуынша, үкіметтің шағын бизнесті өркендетуге жәрдемі мол. Осы көмекті тиімді қолдана білсе, табыстарын көбейтіп, еліміздің дамуына қосар үлестері арта түсетіндігіне сенімді.

 

 

Нұрқанат НҮСІПХАН
суретті түсірген автор

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев