Құтты мекен – Байғабыл!

18 мая 2017 - Веб-редактор
article13812.jpg

Көпшілікке «Қазақстанның 40 жылдығы», «құтты ауыл», «шөпті өлке» атауларымен таныс Байғабыл ауылы Амангелдіден оңтүстік-батысқа қарай жиырма шақырым жерде орналасқан. Ауыл атауы мекенді жағалай қоршап тұрған Байғабыл өзеніне байланысты қойылған деседі. Жақында осы өлкеде үлкен іс-шара өтті. Оған ауылдан түлеп ұшқан, бүгінде өз орындарын тапқан азаматтар мен азаматшалар келді. Олардың қатарында ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәбит Досанов және өзге де азаматтар болды. 

 

 

Тербетіп таланттарды құндақтаған...

 


Қазақтықтың қаймағы бұзылмаған бұл өңірде небір апталдай азаматтар дүниеге келген. Кезінде мұнда кешегі ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы жылдары Баймұрат Түркебайұлы басқарған Қараторғай болысының майлы пұшпағында Жарылғап би, Айтқұл би, Жұмабай қажы, Ырысбай қажы, Қоңырбай қажы, Сәрсенбай қажы, Биян қажы, Нүркей қажы, Нұрман, Әбдіхалық молдалардың ізі қалған. Байғабыл ауылы еліміздің тұңғыш вице– президенті, Экономика ғылымдарының докторы Ерік Асанбаев, әдебиет көгіндегі жарық жұлдыз Ақан Нұрманов, белгілі композитор Бақытжан Байқадамов, жезтаңдай әнші, ҚР еңбегі сіңген әртісі Ғазиза Жұмекенова, Қазақстан ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері Әбдісадық Нұржанов, кәсіпкер Жомарт Түбекбаев, жазушы, қоғам қайраткері Сәбит Досанов, Қазақстан Республикасының Сәулетшілер Одағының академигі, сазгер Жұмағали Өмірбеков, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Әбілбек Ұзақов, «Қазына» сыйлығының иегері Ерсін Жүсіпов, опера әншісі Сүндет Байғожин және де қазақ күресінен республика чемпионы Алтынбай Болатовтың ата жұрты атанған мекен.

 


Осындай бірнеше тұлғалар жақында туған жер төсінде бас қосып, ауыл тұрғындарына арнап «Туған жер жүрегімнің түкпіріндесің» атты мерекелік кеш ұйымдастырды. Онда жезтаңдай әнші Ғазиза Жұмекенова, облыстық қазақ театрының әртісі, меценаттар клубы арнайы сыйлығының иегері Мейрам Жапаров және ауылының мәдениетінің, өнерінің, спортының дамуына зор үлес қосқан, Мырзалы Жанбосыновтың өнерлі ұл-қызы Салтанат пен Шынболат Мырзалы, сонымен қатар, өңірдегі өнердің дамуына, әсіресе би жанрының өрістеуіне өзіндік үлес қосқан, мәдениет қайраткері, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына арналған медалінің, «Қазына» сыйлығының иегері, халық ағарту ісінің үздігі, халықаралық би конкурстарының бірнеше мәрте жүлдегері болған «Ақбота» би ансамблінің жетекшісі Ерсін Жүсіпов те халыққа өзінің өнерін көрсетті.

 


Өзіңде еңбек етіп тынбапты адам

 


Ауылда Бақытжан Байқадамов атындағы мәдениет үйі, Ақан Нұрманов атындағы жалпы білім беретін орта мектеп, және әкімшілік халыққа қызмет көрсетеді. «Аумақтарды дамыту» бағдарламасының аясында бірнеше жылдан бері жөндеуді қажет етіп жүрген мәдениет ордасына төрт млн теңге бөлініп, жөндеуден өтті. Соның арқасында ондағы жылу қазандығы мен шатыры қайтадан жаңартылды. Бүгінде мұнда ауылдың үлкен-кішілері бас қосып, тұрғындарға арнап түрлі іс-шаралар өткізіп тұрады.

 


Байғабылдықтардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен күн көреді. Мұнда 59 шаруа қожалығы құрылған. Олардың арасында тоқсаныншы жылдардың басында шаруасын дөңгелеткен «Бөрі», «Жолай», «Аяқбөгет», «Бекболат», «Ұлан» секілді қожалықтар бар. Сонымен қатар, құрылғанына аз уақыт болса да оң нәтижелерге қол жеткізіп жүрген «Әли-3», «Жақсылық», «Шоқан» сияқты шаруашылықтарды атап өтпеске болмас.

 


Ауылдың алтын қазығы

 


Ауылдағы жалғыз білім ошағы жазушы Ақан Нұрманов атындағы орта мектеп. Ауылдағы бірқатар қоғамдық іс-шаралардың, мәдени жиындардың ұйытқысына айналған білім ошағына былтырғы жылы жарты ғасыр толды. Тарихи деректерге сүйенсек, 1966 жылы бұрынғы атауы «Байғабыл орта мектебі» аталған мұнда 24 мұғалім жұмыс істеп, 416 оқушы білім алған. 1975 жылы 120 орындық жаңа оқу корпусы пайдалануға берілген. Мектепке сіңірген еңбектері мен білімді шәкірт тәрбилеуде аянбай тер төккен бірқатар ұстаздар «Қазақ ССР-нің халық ағарту ісі үздігі» атағымен марапатталған.

 


Қазіргі таңда Ақан Нұрманов орта мектебінде екі жүзден аса оқушы білім алады. «Айсұлу» мектепке дейінгі шағын орталығында жүзге тарта бүлдіршін тәрбиеленеді. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы келген жас мамандар мектептің әл-ауқатын арттыруда. Білім ошағының шәкірттері облыстық, республикалық сайыстардан жүлделі орындарға ие болып жүр. Мұнда спорт саласы да айтарлықтай дамыған. Байғабылдықтармен толықтырылған аудандық волейбол командасы облыстық жарыстардан бірнеше мәрте жеңіспен оралған. Олардың барлығы мектептен тәлім алғандар. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Ерлан Қарин, Қанат Өміртаев дайындайтын жас спортшылар бірнеше белестерді бағындырып үлгерді.

 


Білім ошағында Қазақстан Республикасы педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламаларынан бірнеше мұғалімдер курстардан өткен. Солардың қатарында, Гүлбарам Қаласова, Құралай Нұрғалиева, Света Байманова, Қымбат Абеуова, Қуандық Шоңғалов, Әсел Жапарова, Талғат Башаев, Кенжегүл Әбдіхалықова есімді білікті ұстаздар бар. Алдағы уақытта олардың жаңа заманғы білім талаптарымен жиған тәжірибелерін толықтай қолдану қолға алынған. Және де мектепте 2015-2016 оқу жылында шағын қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары ата – аналардың демеушілігімен 100% тегін тамақтануға мүмкіндік алды. Мектеп заман талабына сай жабдықтармен қамтылып, оқушыларға барлық жағдай жасалған.

 


Ақбота САҚҰЛОВА
суреттер ғаламтордан алынды

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев