Бәрі тамақтануыңа байланысты

3 мая 2013 - Администратор
article64.jpg

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Харлем Брутланд бұдан бірер жыл бұрынғы баяндамасында әлемді елең еткізген еді. Онда адам өлімі себептерінің арасында 60 пайызы тамақтану мәселесімен тікелей байланысты екендігін жариялаған. Тамақтану кемшіліктерінің зардабы көптеген елдердің денсаулық сақтау ісіне өз ауыртпалығын түсіріп отыр.

 

Қазақ тағамтану академиясының және профилактикалық медицина академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы, академик Төрегелді Шарманов: «Өзінің денсаулығына деген жауапкершілікті әр адам ұғынуы қажет. Медициналық көмек пен емдеуге ғана негізделген, әбден қалыптасып кеткен әдет-ғұрыптан арылу керек. Ауруларға және миллиондаған адамдардың мертігуіне әкелетін көңіл-күй мен мінез-құлықтың өзгеруіне қарсы күресті бастау ләзім. Деннің сау болуы – әрбір адамның қоғам алдындағы азаматтық борышы сияқты міндетті екенін ұғынғаны абзал» деген болатын.

 

Аталарымыз «ас тұрған жерде, ауру тұрмайды» деген. Азық-түліктің, ішер астың молшылығы жақсы ғой, мемлекеттің алға қойған мақсатының бірі де сол молшылық емес пе. Алайда, дұрыс тамақтану ұғымы бәрінің есінен шықпағаны дұрыс. Медицина ғылымы дамыған, оның жетістіктері әркімге қолжетімді болған уақытта қандай тағамды шектен тыс пайдаланудың зияны туралы білмеу денсаулықтың әлсіреуіне әкеледі. Қыс айында соғым соймайтын қазақ кемде-кем. Майлы сиыр, қой етінде холестериннің көптігін біле тұра, кешке тойып ет жеп алатын әдеттен арылмай келеміз. Холестериннің адам тамырын тарылтатынын бұл күнде тек дәрігерлер ғана емес, сауатты адамның барлығы біледі. Ал ол жүрек-қан тамырлары ауруына соқтырады. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адам өліміне соқтыратын түрлі жол-көлік апаттары мен жарақаттан кейінгі екінші себеп осы жүрек-қан тамырлары ауруы екен.

 

«Шамадан артық ішіп-жеу бүгінгінің күрделі проблемасына (жүрек-қан тамыр аурулары, қатерлі ісік, диабет және көптеген басқа да қатерлі сырқаттардың пайда болуына байланысты) айналып отыр. Дене салмағының артық болуы және семіздік адамның қан қысымы көтерілуіне, гиперхолестеринемияға, инсулинге сезімталдық қабілеттің төмендеуі сияқты кері метаболизмдік бұзылыстарға ұшыратады. Бұл, дұрыс тамақтану ережелерін сақтамаудың салдарынан туындайтын мәселелердің бір жағы ғана. Семіздіктен зардап шегетін адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы қалыпты салмақтағы адамдармен салыстырғанда, 8-10 жылға қысқарады» деп жазады осы саланың білгірі Төрегелді Шарманұлы.

 

Қостанай облысы бойынша Саламатты тамақтану орталығы бұл жолда білек сыбана іске кіріскен. Екі-үш жыл көлемінде «Денсаулық және саламатты тамақтану – ұлт саулығы» атты республикалық акцияға қатысып, шара кезінде тұрғындарды дұрыс тамақтану жөнінде ақпараттандырудың деңгейін жоғарылату, тамақтану әдетін бағыттау жұмыстарына көңіл бөлді. Акцияға мектеп оқушылары мен студенттер, ата-аналар және егде кісілер шақырылып тұрады. Қостанай қаласындағы азық-түлік өндіретін кәсіпорын басшылары темір және витаминдермен байытылған өз өнімдерінің көрмесін ұсынады.

 

Облыс орталығындағы Саламатты тамақтану орталығы өткізген семинарлардың да мамандар үшін пайдасы ерен. Онда дұрыс тамақтанбау салдарынан болатын қант диабеті, гипертония, асқазан-ішек және бауыр ауруларынан дұрыс тамақтану арқылы күтіну жолдары сөз етіледі.

 

Көшедегі жүргіншілер арасында олардың қалай тамақтанатыны жайында жүргізілген сауалнама нәтижесі жұмыс бағытын айқындауға мүмкіндік беріп отыр. Сол арқылы, мамандар ғылымизерттеу жұмыстарын жалғастырып, адамдардың қандай тағамдарды көп қолданатынын біліп алды. Алдағы уақытта диетологтар сауалнама қорытындыларын жұмыс бағытына айналдырмақ.

 

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жолында алдымен дұрыс тамақтану және азық-түліктің қауіпсіздігі дағдыларын қалыптастыру үшін әлі талай белсенді жұмыстар атқарылады. Тағамтану ғылымы тарихынан сусындар болсақ, қазақтың ақ дастарқаны ғасырлар бойы сақтаған қазы мен қартасы, құрты мен ірімшігі, айраны, шұбаты мен қымызы сияқты ұлттық тағамдардың мерейін көтерсек, саулығымыз бекиді. Саламатты тамақтану дағдысы – ол өнер, ал тағамтану ғылымы арқылы тамақтану өнерін бойға сіңірсек, ол – саулық деп білемін.

 

Гүлсім САДАҚБАЕВА,
Қостанай облысы бойынша Саламатты тамақтану орталығының жетекшісі

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев