Көне атаулар көңілге жақпай тұр

15 апреля 2016 - Веб-редактор
article10092.jpg

Бүгінде қоғамда көше, елді мекен атауларын өзгерту туралы ұсыныс-пікірлерді жиі естиміз. Мәселе Қостанай ауданы тұрғындарын да толғандырары анық. Ресми жиындарда, басқосуларда өз ойларын, ұсыныстарын айтып жүргендер аз емес. Солардың бірқатарына назар аудардық.

 


Алдымен, Қостанай ауданы әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссия төрағасы Бауыржан Көпжасаровтан бұл мәселеге қатысты пікір сұраған едік.

 


– Біздің аудан орталығы Затобол кентінде кеңестік кезеңде қойылған ескірген атаулар көп, – деді аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Ғалымжанұлы. – Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығы. Ғасырлар бой бабаларымыз аңсаған егемендігімізге неге бір көшені арнамасқа?! Осы бір тамаша игілікті ұрпақтары жетіп отырмыз. Бұл өңірден шыққан тұлғаларымыз жетерлік. Ел үшін еткен еңбектері елеулі ерлерді естен шығармасақ дейміз. Ұсыныс көп. Мысалы, Нұржан Наушабайұлына бір көше атын беру туралы айтатындар бар...

 


Затобол кентінің тұрғыны, еңбек ардагері Мырзағали Құрманов жер-су, көше атаулары барлық дәуірге лайық, мәңгілік болуы керектігін айтады:

 


– Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Елді мекендегі көшелер мен алаң аттары, ескерткіш тақталары ұлттық рухта халыққа мәңгілік патриоттық бағдар беріп тұруы қажет. Нақтылап айтқанда, қазақтықтың иісін аңқытып тұрса дейміз. Онсыз патриоттық сезім оянбайды. Өткен жүйеде барлық шаралар керісінше қазақ патриотизмін тежеуге бағытталған еді. Сол олқылықтардың орнын толтыру үшін атқарылатын шаралар аз емес. Затоболда Қазақстанның дербес ел болуына елеулі үлестерін қосқан Шақшақ Жәнібек батыр, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов сынды алаш арыстарының атында немесе бәрімізге белгілі қазақ ғұламасы Шоқан Уәлихановқа және ұлттық мүддеге қызмет еткен атақты мемлекет қайраткерлеріне, әлем жұртшылығы мойындаған ұлы ақын Абай Құнанбайұлына арналған көшелер немесе ескерткіштер жоқ.

 

 

Оның есесіне, өткен дәуірде аудан орталығындағы көшелерге ешқандай жүйесіз ғарышкерлер аты беріле берген. Нәтижесінде сырт көзге Затобол космодром сияқты болып көрінеді. Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов атындағы қып-қысқа көшені жергілікті тұрғындардың көбі біле бермейді. Ал, Затоболды қақ жарып өтетін Терешкова, Ленин, Калинин, «Октябрьдің 40 жылдығы» көшелері бәріне таныс. Былтыр Алматыда болдым, онда бұрынғы атаулар жоқтың қасы.

 

 

Біздің облыстағы аудандардың аттары бәрі дерлік қазақшаланды. Егемендіктің алғашқы жылдарында бұл жұмысқа білек сыбанып кіріскен едік. Оған кезінде ұйытқы болған марқұм Сералы бастаған бір топ белсенді ақсақалдар болатын. Солардың ықпалымен, екі мыңыншы жылдары «Октябрьдің алпыс жылдығы» көшесі Қалабаев атына өзгертілді, қазақ мектебіне Наушабаевтың атын бердік. Өзіміздің ауданнан шыққан ардақты мемлекет қайраткерлері жоқ емес. Оның бірі – Әмір Канапин. Тұлғаның жүз жылдығы қарсаңында, оның атын жаңғырту туралы облыстық, аудандық газеттерде ұсыныстар жасалынды. Дінмұхамед Қонаевқа да орталықтағы бір көшелердің атын берсек болады. Бұл – көптен бері көпшіліктің аузынан түспей жүрген ұсыныс. Ескеріліп жатса, қуанатындар қатары мол.

 


Тарих ғылымының докторы, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Аманжол Күзембайұлы да Қостанай ауданында туған тұлғалардың бірі, атақты ғалым Әмір Қанапиннің құрметіне бір көшені беру керек деп есептейді.

 


– Әйгілі тарихшы, профессор, мемлекет және қоғам қайраткері Әмір Қанапиннің шоқтығы биік қашанда. – дейді ғалым. – Қазаққа қалтқысыз қызмет қылған азамат. Соғыс жылдарында газетте журналист болып қалам тербеген. Қазақ ғылымының қалыптасуына елеулі үлес қосқан азаматты өкінішке қарай, біліп-ескеріп жатқандар аз. Екі жүзге тарта ғылыми жұмыстар жазған. Оның ішінде, алты монографиясының әрқайсысы бір-бір шың. Алдынан қаншама шәкірттер тәрбиеленіп шықты. Солардың бірі өзіммін.

 


Жерлес жазушы, ақын, ғалым Ақылбек Шаяхмет ағамыз Затобол кентінің атын «Құтты алап» деп өзгерту керектігін бұрыннан айтып жүр. Сөзіне қазақтың классик жазушысы Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» повесін дәлел етеді.

 


– Шөбі шүйгін, шабындығы қалың болған соң, қазақтар бұл мекенді «Құтты алап» деп атаған, – дейді қаламгер жерлесіміз. – Кейін мұнда орыстар көшіп келіп, бақша егіп, шаруашылықпен айналысады. Сөйтіп, елді мекен олар ауызекі тілде қалай айтса, солай аталып кеткен. Затобол – Тобылдың арғы бетіндегі елді мекен деген сөз ғой. Қостанай ауданында өзгертілуге тиіс жер атаулары жетерлік. Мысалы, Давыденовка Нұржан ауылы деуге сұранып тұр емес пе?! Негізгі аты да сол, Ыбырай Алтынсарин өмір сүрген кезге дейін халық Нұржан ауылы деп атаған.

 

 

Қала берсе, біздегі әрбір жер-су, шоқы-төбенің қазақша атаулары бар. Маңдай, Дербісәлі батырлардың да есімдерін ұмытпау керек. Аудан орталығындағы Калинин көшесін де ауыстырған абзал. Қостанайда баяғыда өзгерді. Калининнің бізге еш қатысы жоқ. Қазақ еліне титтей де пайдасы тимеген кісі аттары қаптап тұр. Олардың орнына Алаш арысы Елдес Омарұлының немесе сахна саңлақтары Қапан Бадыров пен Серке Қожамқұловтың, қазақтың тұңғыш кәсіпқой мүсіншісі, жерлесіміз Хәкімжан Наурызбаевтың есімі әбден лайықты.

 


ПРП шағын ауданының тұрғыны Қонысбай Садырбековтің де ескі атауларға көңілі толмайды.

 


– Кеңестік ғарышкерлерге қаптатып көше бере берген, – деп пікір білдірді аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы. – Әрине, сол кездегі идеология солай болған шығар, дегенмен оны ауыстыратын кез келді деп есептеймін. Осы өңірден шыққан тұлғалар да баршылық. Орталық көшені үш жүздің басын қосқан Абылай ханның атымен атасақ деймін. Школьная көшесіне Ыбырай Алтынсариннің немесе Нұржан Наушабайұлының есімі жарасады. Өйткені бұл көшеде ақын атындағы мектеп бар. «Зеленая», «Геологическая», «Новая», «Набережная» деген атауларды ойласпай-ақ өзгертуге болады.

 


Заречный селосының тұрғыны Ғабит Кәкімжанов өзгертілер көше атаулары өз тұрып жатқан ауылда да аз емес екенін жеткізді:

 


– Юбилейная деп аталатын орталық көшеге Ыбырай Алтынсариннің, ал Затоболдағы Калинин көшесіне Қошқарұлы Жәнібек батырдың есімін беруге болады. Әуелі орталықтағы көшелердің атауын өзгертіп алайық, қалғанын сосын көре жатармыз. Менің ұсынысым осы. Басқа көше атауларын бірден қазақшаға өзгертіп жатса құба-құп, қос қолдап қолдаймын, тек лайықты адамға берілсе екен.

 


Біз ұсыныстардың бір парасын ғана ұсынып отырмыз. Көбісінің аузына іліккені – Нұржан Наушабайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы, Әмір Қанапин сияқты есімдер. «Тәуелсіздікке бір көшені бермесек ұят-ты» деген пікірлерге де жиі жолығамыз.

 


Бұл өңірден шыққан, әрқайсының есімі бір-бір көшеге сұранып тұрған жерлестеріміз аз емес. Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігерлердің бірі Әлжапар Байғорин, Ыбырай Алтынсариннің шәкірті, оқу-ағарту саласында ұзақ жылдар еңбек еткен Әбдіғали Балғынбаев сынды тұлғалар ұрпақ жадында қалдыруға лайықты есімдер. Социалистік Еңбек Ерлері Жансұлтан Демеев пен Сейіт Карбеновке де көше атын берсек артық емес.

 


Қорыта келгенде байқағанымыз, көпшіліктің пікірі бір арнаға тоғысатын секілді. Кері тартатын сыңаржақ пікірлерге кезікпедік. Барлығының ұсыныстарын орынды деп қабылдасақ та негізді. Мәселенің шешімін алдағы уақыт көрсетеді. Тек елдікті танытатын, ұлттық рухты асқақтататын шақта не мүлгіп, не шегіншектеп қалмасақ игі.

 


Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев