Жастардан күтер үміт көп

10 марта 2016 - Веб-редактор
article9659.jpg

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Қостанай облысының 80 және Шырақбек Қабылбаев атындағы академияның 45 жылдығына орай дәл осы оқу қабырғасында 5-6 наурыз аралығында үлкен спорт додасы өтті.

 

 

Қоян-қолтық ұрыстан ұйымдастырылған облыстық сайысқа спорт және дене шынықтыру басқармасы мен «Динамо» ДШСҚ кеңесінің белсенділері мұрындық болды. Ең басты мақсат – осы айда шырайлы Шымкент қаласында жалауын көтеретін Қазақстан Республикасының чемпионатына облыс намысын қорғайтын жас оғландарды іріктеу.

 


Турнирдің ашылу салтанатында ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы сөз алды: – Біздің ұжым, міне, жарты ғасырға жуық уақыт бойы қоғамдағы тәртіп пен тыныштықтың сақшыларын, құқық қорғаушыларды тәрбиелеумен жүйелі түрде айналысып келеді. Әр жылғы жетістіктерді айтсам, оның өзі біраз уақытты алардай. Ең бастысы, біздің оқу ордамыздың әр түлегі тек құқық қорғау саласының кодекстерін жаттап қана қоймай, еліне, жеріне деген зор жауапкершіліктің күшін сезіне білуі міндет. Әрине, осындай спорттық турнир атаулы болашақ құқық қорғау саласы мамандарының кез келген жағдайда қажет болатын физикалық, моральдық дайындығын шыңдайтыны сөзсіз. Барлықтарыңызға сәттілік! Тек мықтылар мен жүректілер ғана жеңіс тұғыранан көрінсін! – деп түйіндеді өз сөзін академия бастығы.

 


Жарысқа облыс орталығынан тыс, Жітіқара, Лисаков қалаларынан келген жетпістен астам спортшы қатысты. Бағы мен бабын сынай келгендерден бөлек, жекпе-жек, кудо және әскери қоян-қолтық ұрыс сынды спорт түрлерінің өкілдері жарысты сүйсіне тамашалады.

 

 

 

 

 

Доданың қорытындысына келер болсақ. Әр салмақ дәрежесінде десі басым болған жеңімпаздар мыналар: 

Ерлер арасында: Қайрат Хамитов (55 кг) – «Жекпе-жек» федерациясы; Асхат Жылысбеков (60 кг) – ІІМ Қостанай академиясы; Филипп Акимов (65 кг) – «Жекпе-жек» федерациясы; Нұрбол Сардарбек (70 кг) – ІІМ Қостанай академиясы; Асқар Айтбек (75 кг) – ІІМ Қостанай академиясы; Дәурен Құсайынов (80 кг) – ІІМ Қостанай академиясы; Әлішер Құрмашов (85 кг) – ІІМ Қостанай академиясы; Виталий Ермолин (90 кг) – 2031 әскери бөлімі; Мұқан Айтмырзаев (+90 кг) – ІІМ Қостанай академиясы.

 


Қыздар арасында: Нұргүл Оспанова (55 кг), Азиза Тұрғанбек (60 кг), Самал Назаркенова (+60 кг) – үшеуі де ІІМ Қостанай академиясынан.

 


Командалық есеп бойынша қалған қатысушылардан айқын басымдықпен алға шыққан – Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы. Бұл тұста дәл осы жеңімпаздар тобын жаттықтырып, жоғары нәтижеге ие болған полиция майоры, әскери және дене тәрбиесі кафедрасының аға оқытушысы М.Әбдірахмановтың еңбегі зор дейді ұйымдастырушылар. Жаттықтырушы Р.Алиев бастаған «Жекпе-жек» федерациясы екінші орынды еншілесе, 2030 әскери бөлімінің сарбаздарының қанжығасына қола медаль байланды.

 


Марапаттау рәсімінде, сондай-ақ ең үздік деген спортшылар қошеметке ие болды. Турнир қорытындысы бойынша академия тыңдаушылары Асхат Жылысбеков пен Әлішер Құрмашов үздік спортшылар ретінде танылып, марапатталды. Яғни, екеуі қоян-қолтық ұрыстың негізгі деген талаптарын айқын көрсетіп, дайындықтарының басқаларынан анағұрлым жоғары тұрғанын байқата білді.

 


Салтанатты рәсім аяқталған соң, турнир үздіктерінің бірі Асхат Жылысбековпен сұхбаттасып үлгердік.

 


– Алдымен, жарыстағы жеңісіңмен құттықтаймыз! Өзің қашаннан бері спортпен шұғылданып келесің?

 


– Рахмет. Мен Тараз қаласының тумасымын. Спортқа деген құлшыныс мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қалыптасты. Басында бокспен шұғылданғаным бар.

 


– Неліктен қоян-қолтық ұрыс түріне көштің?

 


– Неге десеңіз, біздің оқу орнының тәртібі бойынша, дәл осы жекпе-жек түрін барлық тыңдаушы бір кісідей меңгергені басты талап болып қойылады. Оған өкінбеймін де, себебі жаратылысымнан, бапкерімнің айтуына сенсем, кез келген спорт түрін меңгеруге қабілетім жоқ емес. Оған қоса, барлық спорт түрлері өзіндік ерекшеліктерімен құнды. Яғни, жекпе-жек деген тек қара күш пен қарсыласты аямай ұру ұғымымен әсте ұштаспайды. Иә, күш керек. Бірақ, қуатың мен ақылың бірге жұмыс істесе, нәтиже де қомақты болады.

 


– Нәтиже демекші, қандай жетістіктеріңмен мақтана аласың?

 


– Мақтанудан аулақпын. Сұрасаңыз айтайын. Қазіргі уақытта бокстан және қоян-қолтық ұрыстан спорт шеберлігіне үміткермін.

 


– Бәрекелді. Тағы қандай спорт түрлерін ұнатасың?

 


– Ұзақ жаттығулардан соң, бассейнге барып жүзгенді немесе футбол ойнап, доп қуғанды жөн көремін. Екеуі де сергуге сеп. Әсіресе, жүзудің берері мол. Біріншіден, деміңіз ашылады, екіншіден, барлық бұлшық еттеріңіз дамиды, үшіншіден омыртқа жұмысы дұрысталады және төртінші, бесінші деп тізбелеп кете берсе болады.

 


– Үлгі алатын, еліктейтін, ерекше құрметтейтін спортшыларың кім?

 


– Марқұм, олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов ағамыз, ережесіз жекпе-жек бойынша қазір енді-енді аты шығып келе жатқан, әскери самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы Арман Оспановты ерекше құрметтеймін. Одан бөлек, өнерлерінен ғибрат алып, тәнті болатын спортшыларым баршылық. Әрқайсысының мықты тұстары бар үйренуге тұрарлық.

 


– Жарыста ең қиыны не?

 


– Қарсыласыңның сенен осал екенін біліп, татамиге шыққанда оқыста, күтпеген жерде ұпай беріп қою өте қиын дүние. Сол кездегі көңіл-күйді айтамын. Содан соң, көрермен болып туған-туыс, бауырларың келгенде ұтылып қалып жатсаң, кірер жерге тесік таппайсың-ау. Міне, спорттағы болатын сайыстардың қиын сәттері деп осыларды айтар едім.

 


– Болашағыңды спортпен байланыстырасың ба?

 


– Әлбетте. Бағыт мектеп қабырғасында қаланды. Оны өзгерту бәрін басынан бастау деген сөз. Оған уақыт жоқ. Тіпті, қаламаймын да. Сондақтан, нәтижені әлі-ақ көрсетеріме сенімдімін.

 


– Іске сәт!

 

 

Нұрқанат НҮСІПХАН
суреттерді түсірген автор

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео