Сарыкөлдіктердің қошеметіне бөленді

10 марта 2016 - Веб-редактор
article9658.jpg

Қостанайлық «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігі «Жақсылық жаса» атты концерттік бағдарламамен Сарыкөл ауданында болды.

 


Өнерпаздар сарыкөлдіктерге ұмытылмас кеш сыйлады. Киелі сахна төріне көтерілген мүмкіндігі шектеулі талантты жандар концерттің көркін кіргізді. Бұл жерде өз өнерлерін көрсеткендер – тағдырдың әр қиылы тауқыметін тартқандар. Есесіне, қатал өмірдің сол ауыртпалығына мұқалмай, қасқая қарсы тұрып, қанаттарын биікке қайта қаққандар. Яғни, олар өмірден оңбай теперіш көрсе де, бойдағы ерік-жігерінің арқасында қоғамнан өз орындарын тапқандар.

 

 

Халық алдында қамкөңіл жандар бойдағы өнерін, зор талпынысын құштарлықпен жеткізе білді. Айталық, концерт барысында бірнеше республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері Аруна Жақсығұлова мен Александр Чащин арбаға таңылған қалпында қимылдың қисынын келтіріп, мың бұрала би биледі.

 

 

Сондай-ақ, Гүлбану Ілиясова, Юрий Тайгунов, Александр Одинец және Арман Салиев сынды дарынды жандар жүректерді жылатып, көңілдерді жұбатып, бірнеше рет әуелете ән салды. Бұлардың өнеріне тұрғындар тәнті болып, таңдай қақты. Сарыкөлдіктер-дің сүйсінгендіктері соншалық, олардың құрметіне қайта-қайта қол соғып, орындарынан тік тұрып, қошемет көрсетті.

 


– Өте әсерлі өтті, – дейді көп көрерменнің бірі Диана Исина. – Өз басым ерекше күйге бөлендім. Бұрын-сонды дәл осындай концертті көрмеппін. Қайырымдылық шарасына Барвин ауылынан арнайы келіп отырмын. Оқушыларды да ала келдім.

 


Сондай-ақ, «Үміт-Надежда» ҚБ төрағасының орынбасары Аруна Жақсығұлованы сөзге тартқан едік: – Елбасымыздың арнайы тапсырмасымен елімізде мүгедектерге, барлық мұқтаж жандарға қамқорлық көрсету игі дәстүрге айналған. Біздің негізгі мақсатымыз – өзіміз секілді жандарға көмек қолын созып, өмірге деген құлшыныстарын арттыру, бұл өмірдің тек қиындықтан тұрмайтындығына көпшіліктің назарын аудару. Осындай концерттік бағдарламамен биыл Қарасу ауданында болдық. Міне Сарыкөлге сапарымыз түсіп отыр. Енді, алдағы уақытта аймақтың барлық өңірлерін аралап шығамыз.

 


Жалпы, концерт соңында аудан әкімінің орынбасары Елжан Тұрабеков аудан әкімі атынан Қостанайдан ат терлетіп келген бұл ұжымды құттықтап, бірлестік орынбасары Аруна Жақсығұловаға алғыс хат пен гүл шоғын табыстады. Сондай-ақ, «Аққозы қажы» мешітінің бас имамы Дәулетбай қажы Әбдіхалық та өзінің жылы лебізін жеткізіп, бір құшақ гүл сыйлады. Оған қоса, сарыкөлдік екі мүгедек балаға сый-сыяпат жасады.

 


Айтпақшы, концертке келушілер қайырымдылық жәшігіне қолдағы барын салып, аз да болса, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созуға тырысты.

 


Руслан ӘЛКЕЕВ
суретті түсірген автор

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео