Туған жерге ту қадаған жастар

6 марта 2014 - Веб-редактор
article3229.jpg

Әсемгүл жас буынның білімді, тәрбиелі болып өсуі үшін бар білгенімді аямаймын дейді

 

Сарыкөл ауданы қанаты қатаймаған мамандарды құшақ жая қарсы алуға қашанда әзір. Қазірге дейін талай жастың құтты мекеніне айналған аймақта «Дипломмен ауылға» бағдарламасы сәтті жүзеге асып жатыр. 

 

Бағдарлама септесіп туған ауылына оралғандардың бірі – севастопольдік Әсемгүл Дамбаулова. Севастополь орта мектебінің бастауыш сынып мұға-лімі аталмыш білім ошағынан өзі де түлеген еді. Тоғызыншы сыныптан кейін, 2007 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжіне оқуға түсіп, оны 2011 жылы ойдағыдай аяқтады. Сөйтіп, өз ауылына, алтын ұясына қайта келді. Еңбек жолын мектепке дейінгі даярлық сыныбынан бастап, содан кейін төртінші сыныпқа жетекші болды. Енді, биылғы оқу жылынан бастап екінші сыныпқа тәлім беруде. Жас маман өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқанына дән риза. 
 
– Менің үш жылда жеткен жетістіктерім айтарлықтай көп емес. Былтыр мектебімнің жас мұғалімдері арасында өткен байқауда бағым жанып, «Ең үздік жас маман» атағын жеңіп алғаным бар. Үлкен жеңістер алда деп ойлаймын. Мен, бәрінен де осы мамандығым бойынша жұмыс істеп жатқанымды мақтан тұтамын, – дейді жас маман.
 
Ауылға келгендердің арасында екі бірдей жоғары білім алғандар да жоқ емес. Краснознамендік Айман Абдракова (суретте) Қостанай мемлекеттік институтынан қазақ тілі мен әдебиеті және Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінен информатика пәні мұғалімі мамандықтарын меңгерген. Қос
жоғары оқу орнын бітірген Айман, бүгінде бойына жиған білімін туған жердің кәдесіне жаратып жатыр. 
 
– Екі бірдей мамандықты еншілесем де, жаныма жақыны – қазақ тілі мен әдебиеті. Болашақта осы салада сарқылмайтын сара жол қалдырсам деймін. Сол үшін теңіздей тер төгіп, Краснознамен негізгі мектебінде орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен тәлім беріп жүрмін. Жалпы, өзге ұлт өкілдеріне өз тілімізді үйрету өте қиын емес. Ең бастысы, жүйелі еңбек етсең, алынбас қамал, бағынбас белес болмайды. Сондықтан, «еңбек түбі – береке» деп бекер айтпаған ғой дана халқымыз. Мен, өз берекемді осы балалардан тауып жатырмын, – дейді әсерлі әдебиетіміз бен қадірлі қазақ тілінің қыр-сырын ұрпақ санасына сіңіріп жатқан Айман Болатайқызы.
 
Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін мейлінше көтеріп, ауыл балаларын білімге баулып, қайнаған ауыл өміріне етене араласып жүрген жас маманның еңбегі әркімге үлгі етерлік. Туған жерлеріне туларын қадаған жастардың қадамдары құтты болғай дейміз. Еңбектері жана берсін!
 
Руслан ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео