Татьяна ЦАЙ: Біз отбасымызбен үш жаңа жылды тойлаймыз

3 марта 2016 - Веб-редактор
article9566.jpg

Ол – облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мақтаулы маманы. Екі ұлдың анасы, қазақтың келіні – Татьяна Цай.

 


– Өз қызметімді 1994 жылы Рудный қаласында қатардағы инспектор болып бастадым. Одан кейін аға инспектор, бас маман деген сынды лауазымдарды атқардым.

 


– Ал, негізгі мамандығыңыз қандай?

 


– Жалпы, менің мамандығым қазіргі жұмысыма мүлдем қатысы жоқ десе болады. Себебі, 1990 жылы Рудный индустриялық институтының инженер-геодезист мамандығы бойынша оқу бітірген едім. Бірақ мамандық бойынша жұмыс істемедім.

 


– Оған қандай себеп болды?

 


– Ол кездер қазіргі тарих беттерінде қалды емес пе, яғни, кеңестер одағы ыдырап, елді сең соққан қалып билеп алды. Кім не істейді, болашақ қалай болады деген сынды сұрақтар алаңдатып еді барлығын. Сол шақта оқу бітірген біздерді бұрынғы одақ аумағы бойынша жолдама беріп, жұмысқа орналастырып жатты. Мені Грозный қаласына жөнелтпекші болды. Бірақ, бас тарттым. Тұрмысқа шықтым. 1991 жылы ұлды болдық.

 


– Ал, төтенше жағдайлар департаментіндегі еңбек жолыңыз неден, қалай басталып еді?

 


– Оның өзі бір хикая. 1994 жылы жұмыс іздей бастадым. Осы ретте ақыл-кеңес беріп, көмектескен анам болды. Себебі, анам мені құқық қорғау саласында еңбек еткенімді қалады. Менің мінезімді, әкеме тән бірбеткейлігімді, белгілі бір мақсатқа жетпей, жарғақ құлағым жастыққа тимейтін болмысымды жақсы білетін. Енді анам емес пе?! Әркез өзім жайлы айта келіп, қалай да құқық қорғаушы болуым керектігін дәлелдеумен болатын. Бірақ, жұмысқа орналасқым келгенімен, отбасымды ойладым. Ал, құқық қорғау саласында отбасыңа бөлер уақытта болмайды. Сондықтан, үзілді-кесілді бас тарттым. Кейінірек, анам Рудный қаласы төтенше жағдайлар бөлімінде істейтін танысымен жолықтырды. Міне, сол кісі қызметінің қызығы мен шыжығын көрсетіп, осы салаға мені де тартты. Қызметке баулыған жанашырымды әлі күнге Николай ағай деп атаймын. Еңбектеніп, қоғамға үлкенді-кішілі септігімді тигізіп келе жатқаным – анамның арқасы деп білемін.

 


– Басқа саланы таңдамағаныңыз үшін, не болмаса өзіңіз тәмамдаған оқу бойынша жұмыс істемегеніңіз үшін өкінбейсіз бе?

 


– Жоға, қызметке келгенде еш өкінішім болмапты да. Өйткені, өмірім мен қызметім тығыз байланыста.

 


– Қызметке келгенде еш өкінбеймін дедіңіз. Соған қарағанда басқа өкініштеріңіз болды ма өмірде?

 


– Адам болған соң, әрине өкініш болады. Жастық шақта берілген уақыттың барлығын тиімді пайдалана алмағаным үшін қынжылатыным бар. Бірақ, барлығына қолың жете беретін болса, өмірдің өзіндік құндылығы мен мәні жойылып кетердей емес пе?!

 


– Иә, оныңыз орынды. Ал үйдегі отағасы қай саланың қызметкері?

 


– Ол кісі қазір зейнетке шыққан. Екеуіміз үзеңгілес, әріптеспіз. Подполковник шеніне жеткен соң, еңбек демалысында.

 


– Негізгі қызметтік міндеттеріңіз қандай?

 


– Әрине, мен бұл салаға келгенімде өрт сөндіруші, құтқарушы болып көргім келді. Алайда, бұл таңдау аса қауіпті екенін, әйел адамның қолы емес деп күйеуім мүлдем қарсы болды. Сондықтан, кадр бөлімімен шектелдім. Міндеттеріме келетін болсам, әуелгі жылдары адамдарды жұмысқа қабылдау, қызмет барысындағы марапаттаулар мен жазалау бұйрықтарын заңды түрде рәсімдеумен айналыстым. Ал кейін келе, екі мыңыншы жылдары офицерлік шенге ие болғанымда, мамандығым мойныма артқан жүк те ауырлады. Жауапкершілігі өте зор.

 


– Еңбек еткен жылдарыңызға қарасам, сіз тоқсаныншы жылдың тұз-дәмінен және қазіргі Қазақстанның жай-күйінен хабардарсыз. Қызметте қандай да бір айырмашылықтар бар ма? Уақытқа шаққанда.

 


– Әрине, бар. Себебі, тоқсаныншы жылдары Қазақстан өте жас мемлекет болатын. Әр сала қайта құрылды десе болады. Көп өзгерістер енгізілді. Сол кезбен салыстырғанда, айырмашылық жетерлік. Президентіміздің өзі айтады емес пе, барлық сала экономикадан бастап прагматикалық түрде дамуы тиіс. Прагматизмнің өзі қателіктерден сабақ алып, оларды қайталамауға бағыттайды.

 


– Егер, осы сала болмаса, жалпы, өзіңізді қай мамандықтың қызметкері ретінде елестете аласыз?

 


– Ой, шіркін, жастық шақты қайта оралтар құдірет болса, өзгертер едім. Бірақ оған шама мен уақыт қайда? Дегенмен, мамандықты қайта таңдауға мұрша берсе, қолөнерді қалар едім. Мектеп қабырғасында жүргенімде суретті бірі кісідей-ақ салатынмын. Табиғаттың қанық та, жарқын түстерін ақ қағаз бетіне түсіргеннен ерекше ләззат алатынмын. Немесе қолөнердің, жалпы шығармашылықтың бір түрімен айналысатын едім. Кез келген шығармашылық иелерін адам жанының емшілері деуге әбден болады. Себебі, салынған сурет, айтылған ән, биленген би адамның рухын бір серпілтіп, болмысты басқаша бір көзқараспен бажайлауға бағыттайды. Таза қиялдан қазіргі шаққа оралатын болсам, үйде гүл өсірумен айналысамын. Бөлме терезелерінің алды орхидеяларға толып тұр. Бұл да бір өнер деп білемін.

 


– Қызметіңізге қайта келсек. Нәзік жанды болғандықтан, әйелдер қауымына жұмыс бабында қандай да бір жеңілдік көрсетіледі ме?

 


– Жоқ. Ондайға біздің мамандықтың бір ғана жауабы бар: «Сапымызда әйелдер жоқ, тек офицерлер ғана бар!». Міне, ақиқат осы. Мен әйелмін, мен анамын деп солқылдақ тұс іздей бастаған қоғамда тұрақтылық пен даму болмайды. Осы мамандықты таңдадық па, шарт-талабынан шорт сынбай, аянбай еңбек етуге міндеттіміз.

 


– Қатаң қағидамен ғана жұмыс істейтін сала отбасына көңіл бөлуге мұрша бере ме?

 


– Жанұяға келгенде өте қиын. Уақыт жете бермейді. Жетпейді де. Аналардың мойнына отбасында ерекше жауапкершілік артылады. «Еркек – түздің қуы, әйел – үйдің туы» деген бар. Міне, әйел заты отбасының ұйытқысы. Қызметтен соң, балаларыма көп көңіл бөлуге тырысамын. Қолым қалт етсе, отбасыммен бірге демалуға құлшынамын. Баланың дұрыс тәрбиесі – келешектің тұғырнамасы. Осы ұстанымды дұрыс деп бағалаймын.

 


– Қателеспесем, сіз де, күйеуіңіз де подполковник-сіздер. Бір саланың маманысыздар. Шені бірдей офицерлердің отбасылық жағдайларында кім басшы?

 


– (Күлді) Еркек – бас, әйел – мойын болғандықтан, ер азаматы қашанда бір сатыға болсын биік тұрады. Азаматы осал, ошағына қорған бола алмайтын қоғам сорлы. Біздің ұғымымыз сол. Соған орай, әркез еркек заты мықты, биік, тұғырынан таймастай болуы керек. Өз жұбымды ерекше бағалаймын.

 


– Бір салада еңбектенгендеріңіз, отбасылық жағдайға әсер еткен жоқ па?

 


– Керісінше, көмегі тиді. Кез келген отбасында жанжал қызмет бабымен үйге кеш келуден басталып жатады. Міне, осы ретте біздің үйде түсініспеушілік болмапты да. Себебі, мен оның, ол менің қызметтік міндеттерімді жақсы біледі. Артық ауыз тергеу, сенбеу деген атымен болмады.

 


– Гендерлік саясат жайлы не айтар едіңіз?

 


– Құптаймын. Бірақ әлі бұл бағыт дамуда. Дегенмен, әйел адамы тек үйде отырып, бала тәрбиесімен айналысу керек. Басшылық қызметтерде мүлдем болмауы тиіс деп жататындар жетерлік. Уақыт талабы сол, бір ғана ер азаматтың табысы көп жағдайда жанұяның жыртығын жамауға жете бермейді. Бұл жағдайда гендерлік саясатты дамыту бойынша әркімнің ашық, ояу сана сезімі керек. Себебі, әйелді басшылыққа жіберу, тең дәрежеде еңбектенуіне мүмкіндік беру деген, ерлерді қанау деген сөз емес. Көбісі гендерлік саясатты теріс түсініп жүрген секілді.

 


– Білуімізше, жарыңыздың ұлты қазақ. Интернационалды отбасын құрған қиын емес пе?

 


– Жоқ. Тұрмысқа шықпай тұрып, бұл ұлттың ерекшеліктерін біле бермейтінмін. Ұққаным, қазақтар қонақ қабылдағанды өте жақсы көретін ел. Оған да үйрендік. Ет асу, алғашқы соғымның қуырдағына көрші-көлем, дос-жаранды шақыру дегеннің барлығы бойыма әбден сіңді. Дәстүрге де бір кісідей үйреніп алдым. Отбасымызбен үш жаңа жыл қарсы аламыз. Біріншісі – григориан күнтізбесі бойынша 31 желтоқсанда, екіншісі – шығыс күнтізбесі бойынша кәріс ұлтының жаңа жылы және 22 наурыздағы ұлыстың ұлы күні. Бастысы, жаман ұлт болмайды, жаман адам ғана болады.

 


– Мереке қарсаңында әйел затына қандай тілек білдірер едіңіз?

 


– Келе жатқан халықаралық әйелдер күні, аналар, арулар мерекесі құтты болсын! Әр шаңыраққа шаттық нұры төгілсін! Барлығына бақыт тілеймін.

 


– Рахмет!

 


Әңгімелескен
Нұрқанат НҮСІПХАН
суретті түсірген автор

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев