Үмітімнің ақталғанына қуанамын

3 марта 2016 - Веб-редактор

«Өзін-өзі тану» рухани адамгершілік білім беру бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курстарының үшінші (базалық) деңгейінде мұғалімдерді оқыту ісі қолға алынғаны мәлім. Әрдайым білімін жетілдіріп отыратын мұғалім үшін курстың берері өте көп.

 

 

Әлемнің дамыған елдерінің қатарына кіру үшін еліміздің өркендеуіне үлес қосатын, рухани адамгершілік қасиеті мол шәкірт тәрбиелеуіміз керек. Үш айға жақын уақытта облысымыздың әр түкпірінен келген нұр беруші ұстаздар ой бөлісіп, тәжірибе алмасып біршама жұмыстар атқардық. Курста оқып жүрген мұғалімдер әр мектептің білімді, жалынды, ізденімпаз, ақылдарына көркі сай, айтылған жайдың бәрін жүрекпен қабылдайтын нағыз өзін-өзі тану мұғалімдері. Біз келген күннен бастап, бір үйдің балалары сияқты болып кеттік.

 

 

Курста сабақ жүргізген Мускина Айнұр Нұрланқызы мінезі жұмсақ, білімді де білікті, ақырын ғана сөйлеп, әр оқушыны көзінен танитын өте білімді жан. Ол жан-жақты білім бере отырып, тапсырмаларды да қызыға орындауға өз үлесін қосты. Топқа бөлініп, топпен және жеке жұмыстар жүргізілді. Тапсырмалар түрлендіріліп отырды. Оларды орындауда өз ойымызды ашық, еркін, нақты, тиянақты, өмірден мысалдар келтіру арқылы орындап отырдық. Сабақ өте қызықты, тартымды өтті. Тақырыптардың ішіндегі ең тиімдісі – адам бойындағы өзгермейтін бес құндылық: ақиқат, сүйіспеншілік, дұрыс әрекет, ішкі тыныштық, қиянат жасамау.

 

 

Бұлар адамның ұлтына, нәсіліне, тұратын ортасына және мәдени тиістілігіне байланыссыз және уақытпен шекетелмейді, өзара тәуелді және бір-біріне етене еніп, адам руханияты мен мәдениетінің негізін құрайды. Кез келген адам осы құндылықтарды іс жүзінде қолданып, оларды адал ниетпен, ақ пейілмен таратса, кемел адам болып шығады.

 


Сократтық әдісті пайдаланып, іздену жұмыстары жүргізілді, өмірден мысалдар келтіре отырып, ойлану арқылы, сөздің шындығына жетіп, ақиқатына көз жеткіздік. Қызықты мағлұматпен сабақты шабыттандырып, ынтасын сүйреп мейір қандыра оқыта білетін мұғалім баланың ерікті ілтипатын күшейтуге жол ашады. Балаларға неғұрлым ерік көбірек берілсе, балалар қымсынбай ойын еркін жеткізе білсе, сабақ қызықты да рухты болмақ.

 


Педагог өзінің кәсіптік міндеттерін орындай отырып, балалардың дене және рухани дамуына байланысты әртүрлі жұмыстарды атқарады. Бұл жұмыстар баланың саналы кемелденуіне бағытталған. Өмір мектебі – ең күшті тәрбие. Сондықтан беріп отырған тәрбие өмірмен байланысты болуы маңызды. Адамның құндылығы, қасиеті, мәдениеті талқыға салынады. Бұл сабақты оқыта отырып, емін-еркін өз ойын айта алатын, кез келген нәрсені талқыға салып, нәтижеге қол жеткізіп, шешім таба алатын оқушы күтемін. Өйткені өзін-өзі тану пәні арқылы оқушыларымызды жетілдіруге игі ықпалын тигізетін адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіру арқылы өз орнын таба білу үшін арман, мақсат, талап, талғам, тілек тәрізді ізгіліктің маңыздылығына баса назар аударамын.

 

 

Адамдардың өмірде бір-бірімен түсіністікте болу керектігін үйрететін кеңпейілділік, кешірімділік, сүйіспеншілік, достық, жолдастық, жауапкершілік, өмірге, әсемдікке деген құштарлық сезімі арқылы адам мен қоршаған орта арасындағы жарасымды қарым-қатынас жөнінде өзара пікір алысып, баланың келешекте жетілуіне мықты негіз салатын – ол өзін-өзі тану мұғалімі. Оқу барысында өзіме түйгенім – қандай жасқа келсең де, мұғалім болған соң оқудың артығы жоқ. Әр білімнің ерекше бір жаңалығы болады.

 

 

Оқушылардың рухани-адамгершілік қасиеттерін бойына дарыта отырып, пәнге қызықтыру өзіндік білім алуына жағдай жасау – әр мұғалімнің міндеті деп білемін. Шапағын шаша білгенмұғалім әр үйдің бір-бір еркесін мықты азамат етіп тәрбиелейді. «Шәкіртсіз өмір – сусыз жер» дейді дана халқымыз. Ұстаздың әр сәті, әр күні тұрған бір ерлік деп бағалар едім.

 


Курстан алған әсерім өте көп. Барлық тәжірибемді өз жұмысымда қолдануға тырысамын және жас ұрпақты тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп, жемісін көремін деген ойдамын. Алынған білімдерімді күнделікті жеке өмірде және жалпыадамзаттық құндылықтарды сыныпта оқыту тәжірибесінде қолданамын. Жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген білім беру адамдармен және айналамен бір мезгілде үйлесімділік тудырып, бейбітшілік пен жетістікке жеткізетініне сенімдімін.

 

 


Күлпара РАХМЕТОВА
Н.Наушабаев атындағы
Затобол орта мектебі
Қостанай ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев