Адал жар болу – әр адамға міндет

26 февраля 2015 - Веб-редактор

Алла Тағала жер бетіндегі барлық жандыны қосағымен жаратқан. Барша жаратылыс атаулының ішінде ең асылы – адамзат десек, сол адамзат баласы ер жетіп, есейгенде жақсы жар тауып, жарасымды жұп құруды көксейді. Отау тігіп, шаңырақ көтеру, үлгілі отбасы болу – әрбір адамның жауапкершілігі зор мақсаты. 

 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір сөзінде: «Некелесіңдер (үйленіңдер), көбейіңдер, мен қияметте өзге үмбеттерге сендерді мақтан етемін» деген. Әрбір пенде Аллаға ізгі құл, Пайғамбарға үлгілі үмбет болатын ұрпақ қалдыруды арман етеді. Өмірдегі ең жауапты кезең де осы ғұмырлық жар таңдау сәті. Жарасымды жанұя құру – барлығының қалауы. Алайда, кейде отбасылық өмір жайлы ешбір мағлұматы жоқ жастар тек «көзі сұлу, өзі сұлу» деп үйленіп, соңынан көп ұзамай жұптары жазылып жатады. Мұның бірден-бір себебі жар таңдау, отбасы құру жайлы шариғаттың кеңесіне құлақ аспау болып отыр. Шариғаттың некелесу және үйлену туралы насихаты жар таңдауда жаңылыстырмай, некені берік етуді көздейді. Ер азаматқа өзіне өмірлік ізгі жар таңдауы міндет болғандай, нәзік жандар да өзіне жақсы жолдас таңдауы тиіс. Қыз үшін жақсы жолдас дегені – ар-намысын қорғайтын, көңіліне қаяу түсірмейтін, аса ерекше мән беретін адам. Әйел баласы тұрмысқа шыққалы тұрған ер кісіні жіті танымай, үстіртін ғана біліп, некеге ризашылығын берсе өз жанын, ар-намысын және дінін қатерге тігуі әбден мүмкін. Діндарлық пен иман адам баласын жақсылыққа жетелейді, жамандықтан жиіркендіреді. Әрине, таңдау жасағанда ер азаматтың сыртқы кейпіне, дүниесіне және тегіне мән беруі айып емес, алайда діндарлығы мен мұсылмандығын алға қойғаны дұрыс болады. Бұл сөз тек ғана қыздарға ғана қатысты емес, сонымен бірге, қыздың әкесіне және аға-інілеріне де тиесілі. Өйткені, олар – қыздың тағдырына тікелей жауапты тұлғалар. Кейде иманды қыздың өзі мінез-құлқы нашар, дінге немқұрайлы қарайтын және әйелдің ар-намысы дегенді білмейтін жігітке көңілі ауып қалуы мүмкін. Мұндай қыздар «осы жігіт мені бақытты етер, арманымды орындар» деген үмітпен тұрмысқа шығуы ықтимал. Осындай қауіпті сезген әрбір аға-іні өз қарындасының жеке өміріне араласып, жамандықтың алдын алып, дұрыс ақыл-кеңес беруі керек. Хазірет Әлидің ұлы Хасанға (р.а.) бір кісі келіп: «Менің қызым бар. Кімге тұрмысқа бергенім жөн деп ойлайсыз», – деп сұрайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) немересі Хасан (р.а.): «Алладан қорқатын жігітке тұрмысқа бер. Ондай жігіт қызыңды жақсы көріп тұрса қадірлеп, сыйлайды. Ал, ашуланса қызыңды ренжітпейді», – деп кеңес берген екен. Расында да иманды азамат әйелімен сөйлескен кезде көңіл-күйі қандай болып тұрса да, ашуға салынып, кейін өзі өкінетіндей іс-әрекетке бармайды. Алла Тағала әйел затына өз күйеуінің шариғатқа қайшы болмаған барлық бұйрықтарын бұлжытпай орындауға әмір етеді. Күйеуінің мал-мүлкін, абырой-намысын сақтауға, үйіне тек күйеуі рұқсат берген кісіні ғана кіргізуге, өмірдің ащы-тұщысында Құдай қосқан қосағының қасында болуға тиіс. Күйеуінің сырын ешкімге ашпауға, сүйіспеншілік танытуға, сөзінде шыншыл болуға, жұбайы жақсы көрген затты жақсы көруге, сондай-ақ, жолдасына ұнамайтын нәрселерден аулақ болуға міндетті. 
 
Ер азамат жұбайына жақсы қарауы, іс-әрекеті мен сөйлеген сөзі жұмсақ болуы, көңіліне шаттық беруі керек. Әйелінің кейбір сөздері мен әрекеттеріне сабырлық танытуға да тиіс. «Ниса» сүресінің 19-аятында: «Олармен жақсы мәміледе болыңдар. Егер оларды жек көрсеңдер, сендер жақтырмаған нәрседе Алланың көптеген қайыры болуы мүмкін», – деген. Алла елшісінің (с.ғ.с): «Мүминдердің иманы кәмілділері – көркем мінезділері. Ал, сендердің жақсы-ларың әйелдеріңе жақсы болғандарың», – деп айтқаны бар. 
 
Мұсылман кісі зайыбының азық-түлігін, киім-кешегін, дәрі-дәрмегін және де басқа қажеттілігін қамтамасыз етуі – отағасы ретіндегі міндеті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қоштасу қажылығында ер кісілерге: «Әйелдер алдындағы міндеттеріңе (немқұрайлы болудан) Алладан қорқындар. Сендер әйелдерді Алланың сөзімен некеге алдыңдар. Алланың сөзімен адал жар еттіңдер. Сендер (жұбайларыңнан) ұнатпаған кісіні үйлеріңе жуытпауды талап ете аласыңдар. Егер кіргізер болса, (әйелдеріңді) жөнімен тәртіпке шақырыңдар. (Әйелдер) сендерден өздерін азық-түлік және киім-кешекпен қамтамасыз етулеріңді талап ете алады», – деген. Бұл имам Мүслимнің сахих жинағында айтылған хадис. 
 
Азамат қажы СЕРІКБАЙҰЛЫ,
Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы 
 
comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев