Серпілдірген «Серпер»

27 февраля 2014 - Веб-редактор
article3157.jpg

Затобол кентіндегі «Алтын дән» мәдениет үйінде бірінші облыстық «Серпер» қазақ ұлт-аспаптар ансамбльдері фестивалі болып өтті. 

 

Ұлттық өнерді ұлықтаушы жұртшылық назарына бес ансамбльдің концерттік бағдарламасы ұсынылды. Алдымен, сахна қожайындары Қостанай ауданының өнерпаздары ән-күйлерін шалқытты. Бұл ауданның ансамбліне белгілі сазгер, ҚР еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Қалибек Дербісалдин жетекшілік етеді. Жергілікті өнерпаз Татьяна Уланова композитордың «Қостанай» атты әнін орындап, көрермен ықыласына бөленді. Термеші жігіт Еркебұлан Көбеновтың орындауындағы Есенқұл Жақыпбектің «Дүние-айы» да сәтті шықты.
 
Алтынсарин ауданының өнерпаздарын биылғы облыстық «Шабыт» меценаттар клубының сыйлығын иеленген Айбек Сыздықов бастап келіпті. «Мұрагер» деген атпен өнер көрсеткен ұжымның да арқалап қайтқаны алғыс болды. Олар бүгінде көбісі бұзып айтып жүрген қазақ халқының талантты композиторлары Шәмші Қалдаяқов пен Болат Хамзиннің әндерінің дұ-рыс нұсқаларын тыңдатты. 
 
Меңдіқара ауданының әншілеріне сүйсінбегендер кемдекем. Ансамбль сүйемелдеуімен Қанат Ражанов жерлес ақын, сазгер Қонысбай Әбілдің «Бала махаббаты» әнін әр жүрекке жеткізе әуелетті.
 
Қостанай педагогикалық колледжінің қазақ-ұлт аспаптар ансамблі мен облыс орталығының «Мирас» ансамблі қалыптасып қалған үлкен өнер ұжымдары екендіктерін байқатты. Күрделі шығармаларды мүлтіксіз орындауы, халық әндерінен попурри – бәрі де көрермен қошеметімен үйлесім тауып жатты.
– Бүгін қазақтың керемет музыкасымен бір демалып, серпіліп қалдық, – деді облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Роза Олжабаева. – Бірінші деп атағанымызбен, бұдан бірер жыл бұрын мұндай байқаулар өтіп тұратын. Бір жағынан, бұл солардың жалғасы іспетті. Бірақ, «Серпер» деп жаңа атау беріп, өнерпаздарды бір серпілтіп алуды мақсат тұттық. Осындай таланттарға бай, ұлттық өнердің жанашырлары бар өлкеде қазақ мәдениеті дами беретініне сенеміз. Біздің басқарма қолдау көрсетуге әркез дайын.
 
Іс-шара соңында барлық ансамбль ұжымдарына дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония жанынан құрылған қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің жетекшісі Назымбек Молдахметов те өнер мерекесінің қуанышын бөлісуге келіпті. Ол да ыстық лебізін білдіріп, талапкер інілерінің арқасынан қақты.
 
Асыл ҚАСЫМ 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео