Қос ауданның сыйластық үлгісі

27 февраля 2014 - Веб-редактор
article3158.jpg

Достастық кубогын табыстау

 

 

Қостанай және Сарыкөл аудандарының мәдениет және спорт саласындағы қатынастары нығая түспек. Таяуда бұл туралы меморандумға қос ауданның әкімдері қол қойды.

 

Қарым-қатынасты нығайтпақ ниетте әуелі Сарыкөл жеріне Қостанай ауданының делегациясы аттанды. Жетпіс адамнан құралған шоғырда ауыл әкімдері, мекеме басшылары және көркемөнерпаздар болды. 
 
Қонақтарды Сарыкөл агробизнес және құқық колледжінде қарсы алды. Сол жерде Қостанай ауданының әкімі Ахмедбек Ахметжанов делегация құрамын таныстырып, жетістіктерді де айтып өтті. Сарыкөл ауданының әкімі Эльдар Күзенбаев өткен жылғы даму көрсеткіштерін, алға қойған міндеттерін жайып салды. Бұдан соң бір күнге белгіленген шараларға кезек берілді.
 
Шағын футболдан екі ауданның жолдастық кездесуі қайсыбір матчтардан кем түскен жоқ. Әкімдердің өздері капитан ретінде ойын көрігін қыздырып, оңтайлы сәттерде гол соғып та жатты. Тартысқа толы кездесуде 5:7 есебімен қонақ команда жеңіске жетті. Ал, үстел теннисінен сарыкөлдіктер басымдылық байқатты. Қос командада ауыл әкімдері мен мекеме басшыла-ры болғанын айта кетейік.
 
– Бұл – жеңістің емес, достастық кубогы, – деді қонақтардың капитаны марапаттау рәсімінде. Өзіне табысталған кубокты жоғары көтеріп: – Ешқайсымыз жеңілген жоқпыз, жеңіс екі жаққа ортақ. Жас буынға аз да болса өнеге көрсетсек, соның өзі зор мәртебе. 
 
Қостанай ауданы ұсынған концерттік бағдарлама енді ондағылардың көптен аузында жүрері анық. Әкімдер мен басшылардың өнеріне тамсанған сарыкөлдіктер үздіксіз қошемет көрсетіп отырды. Әсіресе, оларды «Арена чудес» халықтық цирк ұжымының таңғаларлық трюктері бей-жай қалдырған жоқ. Аудан әкімі Ахмедбек Масақбайұлының бастамасымен құрылған вокалды-аспапты ансамбльдің өнері де талайдың жүрегінен орын алғаны аян. Олармен ретро әндерді бірге орындап отырды көпшілік.        
 
Қазақтың жөн-жоралғысымен, екі жақ бір-біріне тарту таратып, сыйластық үлгісін танытты. Кешті жүргізуші, Қостанай ауданының мәслихат хатшысы Амангелді Досжанов Сарыкөлдің құрметті тұрғыны, көп балалы ана Тоқтар Ибраеваға жерлестері атынан қоржын сыйға тартты. Құрметтеуден қарсы алушы жақ та кеш қалмады. Сарыкөл ауданы әкімі Эльдар Күзенбаев шын жүректен алғысын білдіріп, үзеңгілес әріптесінің иығына шапан ілді.
 
– Облыс орталығы іргесіндегі мекен былтыр барлық көрсеткіштері бойынша аймақта екінші орынға шықты. Мұның себебі не десем, жұмыстарын шығармашылықпен байланыстыра білуінде екен. Жақсы көңіл-күй болған жерде жұмыс та сапалы атқарылатынына көзім жетіп отырғандай, – деді Эльдар Қонысбайұлы. 
 
Ендігі кезек – сарыкөлдіктерде. Олар да алдағы күнде Қостанай ауданына сапарламақ. Бір-бірінен үйренуге бекінген қос ауданның бұл бастамасы өңірімізде бірінші рет қолға алынып отыр. 
 
Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ 
Қостанай – Сарыкөл – Қостанай 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео