Ұлт жанын ұғуға ұмтылғандар

25 февраля 2016 - Веб-редактор
article9467.jpg

Таран ауданы әкімдігінің тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, қазақ тілін жетік меңгерген 14-22 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдері арасында аудандық «Тіл – халық жанын танудың кілті» атты байқауы өтті.

 

 

Аталған аудандық байқауға алғашында 13 үміткер қатысуға ниет білдірген, алайда жарыс күні жеті сайыскерді ғана көре алдық.

 


Байқау мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, қазақстандық патриотизмді, отансүйгіштікті қалыптастыру, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген ынта-ықыласын арттыра отырып, мемлекеттік тілде сауатты жазу мен сөйлеу мәдениетін дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

 


Ереже талаптарына сәйкес, үміткерлер ел мерейтойына арналған «Тәуелсіз қазақ еліне – 25 жыл», М.Мақатаевтың туғанына 85 жылдығына орай «Бүгін менің туған күнім ой пәлі-ай...», Ы.Алтынсарнның туғанына 175 жылдығына байланысты «Кел, балалар,оқылық!» және «Жыр алыбы Жамбылға 170 жыл» тақырыптарына шығарма жазды.

 

 

Сонымен қатар, «Тәуелсіздік тұғыры – мемлекеттік тіл» атты ауызша таныстырылым қатысушылардың сөйлеу мәнері мен ойды ұшқыр жеткізу қабілеттерін көрсетті. «Шабыт жұлдызы» шығармашылық тапсырмасында үміткерлер өз қалаулары бойынша өнерлерін ортаға салды.

 


Байқау қорытындысында тобылдық Надежда Шифнер бірінші орынды, Красносельск орта мектебінен келген Ангелина Смирнова екінші орынды, Береговой ауылының намысын қорғаған Елизавета Марущак үшінші орынды жеңіп алды. Белсене қатысқан барлық үміткерлер мен жүлдегерлерге Тілдерді оқыту орталығының алғыс хаты мен бағалы естелік сыйлықтары табыс етілді.

 


Ақтолқын КАФИЗОВА,
Тілдерді оқыту орталығының директоры

 

 

 

 


 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео