Ізгілікке үндеген мейрам

19 февраля 2015 - Веб-редактор
article6017.jpg

Мәуліт – Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүние есігін ашқан күн. Құран Кәрімде: «Алла мен оның періштелері міндетті түрде пайғамбарға салауат айтады. Барша иманды қауымды оған салауат айтуға үндейді», – делінген. Мұсылман жұртшылығының қастерлі мейрамына айналған бұл мерекені Октябрь кентінің мешіті биыл да айрықша атап өтті.

 

Жақында Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ізгі өмірі зор ықыласпен ұлықталған Мәуліт мерекесін октябрьлік ағайын Железнодорожный ауылының мәдениет үйінде тойлады. Ғибратты iс пен көркем мiнездiң үлгiсi бола бiлген ардақты Пайғамбарымыздың өнегелi өмiрi жайлы сыр шертетiн мерекеге аудан әкімінің орынбасары Кенеш Әлімжанов, аудандық мешіттің бас имамы Халық қажы Қабиұлы, Қойбағар бекетінің молдасы Бәкібай Сүйінғараұлы және алыс-жақыннан келген қонақтар мен жергілікті тұрғындар қатысты.
 
Көптеген ғасырдан бері тойланып келе жатқан бұл мерекенің басты мақсаты – Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) іс-әрекеттерін насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру.
 
Мерекелік жиын барысында Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелi өмірі жайлы 10 минуттық деректі фильм көрсетіліп, Құран оқылды. Одан әрі сөз тізгінін «Қарамырза» мешітінің имамы Серік қажы Салих алып, жиналғандарды Мәуліт мерекесімен құттықтап, алғы сөз сөйледі. Аудан әкімінің орынбасары Кенеш Әлімжанов жиылған қауымды мерейлі мерекемен құттықтап, шынайы ықылас-тілегін білдірді. Мерекелік шараға арнайы келген Халық қажы Қабиұлы да көпшілікті Мәуліт мерекесімен құттықтап, аталған мереке жайлы түсінік беріп өтті. Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен уағыздар айтып, хадистерінен үзінділер келтірді.
 
Мерекелік шара шеңберінде Алла елшісіне түрлі мадақтар айтылып, жергілікті өнерпаздар тамылжыта ән салып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ Мәуліт мерекесіне орай жас ақындар арасында айтыс өткізілді. Төрт ақын екі жұп болып өнер көрсетті. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмір жо-лын жырға қосып, тақырыпты аша білген ақындар еліміздің бүгінгі жетістіктері мен қоғамдағы көкейтесті мәселелерді де шабыттана жырлады. Алдымен жиылған көпшілік Хафиз Хайролла (Арқалық қаласы) мен Нұрсұлтан Қасымның (Қостанай ауданы) айтысын тамашалады. Бұдан кейін сахна төріне Балтасар Ізтілеуов (Амангелді ауданы) пен Бекболат Қаленов (Арқалық қаласы) жайғасты. Олардың ай-
тысы өте тартымды шықты. Бір-біріне әдемі әзіл-қалжың айтып, көрерменді күлкіге қарық қылды. Айтыстан кейін Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туған күні – Мәуліт мерекесіне арналған мерекелік шараның бірінші бөлімі өз мәресіне жетті. Оны Серік қажы Салих қорытындылап, Алла разылығы үшін діни шараны ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға құрмет көрсетіп, айтыскер ақындарға мақтау қағаздар мен ақшалай сыйлықтар табыстады.
 
Шараның екінші бөлігі мерекелік дастархан басында жал-ғасын тапты. Онда да ардақты Пайғамбарымыздың өмірі жайлы ғибратты әңгімелер, уағыздар айтылып, Құран оқылды, бата бе-
рілді.
 
Жаңабай АХМЕТОВ 
Қарасу ауданы
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео