Сол күндер есімде

20 февраля 2014 - Веб-редактор
article3083.jpg

Тың және тыңайған жерлерді игерудің экономикалық, әлеуметтік, саяси маңызы туралы көптеген пікірлер бар. Ұлттық мүдде тұрғысынан алып қарағанда, бұл кезең орыс өктемдігінің өз күшіне толық енген дәуірі. Дегенмен, оның жақсы жақтарын айтпауға тағы болмайды. 

 

Осы жылдары ұлтымыздың аграрлық жұмысшы табы, әдебиетіміз бен мәдениетіміз қалыптасты десек әбден негізді. Оны талқыға салып дәлелдеудің меніңше қажеті жоқ сияқты. Менің айтайын дегенім, Қостанай облысы Жітіқара ауданының «Красноармейск» кеңшарында өз көзіммен көріп, жан-тәніммен сезінген сол кезеңнің кейбір ұмытылмас сәттері еді.
 
Сонау 1954 жылдың басынан тың және тыңайған жерлерді халық игілігіне айналдыруға комсомолдық жолдамалармен одақтың әр түкпірінен жастар
әне-міне келеді деген хабарошарлар ел арасына тарай бастады. Ауылда бір тойдың боларын күткендей, оларды жақсылап қарсы алу, орналастыру, ортамызға сіңісуіне тиісті ықпал жасау жөнінде гу-гу әңгімелер жүріп жатты. Бұл науқанның басталуымен ел өмірінде елеулі өзгерістер, бұрын-соңды атқарылмаған үлкен жобалар жүзеге асатынын сол шақта мектеп оқушылары, біздер де сездік. Мен ол кезде сол кеңшардың жеті жылдық мектебінің алтыншы сыныбында оқитынмын. Оқу жылы бітісімен бәріміз дала жұмысына қатысатынбыз. Сол алғашқы тыңгерлермен бірге қоян-қолтық жұмыс істеу бақыты бұйырды маған. Есімде, көп болса менен бес-алты жастай үлкен шығар, бір тыңгер орыс жігіті менің жұмысқа деген табандылығыма, тапқырлығыма сүйсініп, «осының бәрін қайдан үйреніп жүрсің» деп айтқаны бар. Өзім аңғармаған бір қасиетім сырт көзге анық көрініп тұрса керек. Алдымда жастайынан механизатор болған екі ағам болды, мүмкін солардан бойыма сіңген дағды шығар деп топшыладым.
 
1954 жылдың 22 наурызытұғын. Ақтүтек боран. Бірақ табиғаттың тосын мінезі тың игерушілерді тоқтата алған жоқ. Көптен күткен кілең үр жаңа ДТ-54 тракторлары сүйркеткен, мұржаларынан түтін будақтатқан, будкалы шана керуендерін қарсы алдық. Іші жастарға толы. Бәрі жеңіл киінген, аяқтарында жазғы бәтеңке. Бізге олардың жүріс-тұрыстары ерекше көрінді. Біреулері гармон-гитараларымен өлең шырқап жатыр. Келесі біреулері бізге шекесінен ызғарлана қарайды. «Қайда келдік» деп, өз наразылықтарын білдіруде. Ол кезде біз орысшаға шорқақтаумыз, көбісін жете түсіне алмаған соң, не деп жатқандарын бір-бірімізден сұраудамыз. Әлі жадымда, «Мы питерцы» деп, олардың біреуінің дауыс көтергені. Сөйтіп, тыңгер жастар сыйғанынша жатақханаға орналастырылды, сыймағандары үй-үйге бөлініп жіберілді. Осылайша алғашқы 70 адам қабылданды. Олардың тұрмыстары бірден жақсы болды деп айта алмаймын, алғашқы уақытта небір қиындықтарды бастан кешірді. Жергілікті халықтың да жағдайы онша мәз емес-тін. Жағатын отынымыз тезек, қыста өзен мұзын тасып ерітіп ішетінбіз. Үйлерге мал қорасы арқылы кіретінбіз. Кеңшар орталығында қазіргі инфрақұрылымдар атымен жоқ, қоғамдық көліктің не екенін білмедік. Көрші ауылдарға немесе аудан орталығы Жітіқараға әркімнің ат көлігіне немесе өгіз арбасына ілесіп жететінбіз. Көбінесе, 20-30 шақырым жерге ертелетіп жаяу жүре беретін едік. Келген жастар негізінен жергілікті тәжірибелі механизаторларға «сменщик» болып бекітілді. Бі-рақ, олардың көбісі жергілікті жағдайға бейімделе алмады. Сол жылдың күзіне дейін кеңшарда олардың бірен-сараны ғана қалды.       
 
Тың игерушілердің тұрмысынан бөлек, мәдени демалыс жөніндегі сұраныстарын қанағаттандыруға да мүмкіншіліктер болған жоқ. Соның салдарынан шығар, жастар арасында ішімдікке салыну, бұзақылық әрекеттер орын ала бастады. Жергілікті халық кешкісін есіктерін ішінен мықтап жауып алатынды шығарды.
Тың өңірінде меніңше, тұрақтану процесі 1960 жылдан басталды. Оған дейін бірі келіп, бірі кетіп сапырылысып жатты. Одақ тыңды игеруге қаражатты аямай құйды. Біз тұрған «Красноармейск» кеңшарынына қарасты жер көлемінде жаңадан «Степной», «Дзержинский», «Фрунзе» совхоздары бой көтерді. Тың көтеру барысында болашағы жоқ деген тұжырыммен сол маңайдағы мен білетін ежелгі кішігірім Үлкен қопа, Шілікті, Қақпақты, Қарамырза, Мырзабек, Қарамола, Ақтасты сияқты ежелгі қазақ ауылдары бара-бара таза жойылып кетті. Бір көңіл аударатын жағдай, келушілер араларын бізден алшақтатып, қоныстарын өздеріне бөлек салуға тырысты. Соның салдарынан кезінде бір-бірімен іргелес жатқан қалың қазақ ауылдары өкімет тарапынан тиісті қолдаулар болмаған соң, әбден шөгіп, көп ұзамай жермен жексен болып қала берді. Бүгінде кіндік қанымыз тамған өлкені табамыз деп, сол аумаққа жиі баратындар аз емес.
 
Менің жадымда тасқа басылғандай сақталған мына бір өлең жолдарын еске алудың бүгін  реті келіп тұр.
 
Игеруге жер қыртысын тың жатқан,
Түрен салды жастар келіп жан-жақтан.
Қоян-қолтық араласып олармен,
Орыстануды бастадық біз сол шақтан.
 
«Орыс бізден біледі» деп көп артық,
Дәстүр-салтты оған қарап жаңарттық.
«Ұлттық намыс» деген нәзік сезімге,
Қайыстырып нар көтермес жүк арттық.
 
Жер қаймағын айырумен бітірдік,
Даламыздың шаңын көкке көтердік.
Бәрін жаппай жаңартуға бет алып,
Арты мұның не боларын білмедік.
 
Партияның талабына бағындық,
Бәріміз де оған сондай жағындық.
Игілігін бұл науқанның түбінде,
Көреміз деп күні-түні шабылдық.
 
Биыл қазақ даласына жеткен науқанның алпыс жылдығы. Қа-лай десек те, тың игеру жылдарының жақсылығымен қатар, кері ықпалы болғанын да мойындауға тиіспіз. Алайда, бүгінгі буынға ертегідей көрінетін сонау шақтардан айтылған бір естеліктің өзі талайды ойландырар деп ойлаймын.  
 
 
Мырзағали ҚҰРМАНОВ
Қостанай ауданы 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео