Салаға серпін берер қадам

18 февраля 2016 - Веб-редактор

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында жекеменшік сот орындаушылар институтын одан әрі дамыту талабы қойылғаны белгілі. Бұл қадам қоғамдағы бірнеше күрмеулі мәселелерді оңтайлы шешуге серпін береді. Қазіргі таңда Қостанай облысында 48 жекеменшік сот орындаушы тіркелген.

 


Қайрат Баймұханов он жылдан астам аудан, облыс көлемінде сот орындаушысы болып істеді. Тәжірибелі маман Ұлт жоспары жарияланғанда 24-ші қадамды негізге алып, бірден өзінің жеке мекемесін ашты. Былтыр жарты жылдықта үш жарым мыңдай іс оның орындалуына берілді. Іскер заңгер алдымен қордаланып қалған құжаттарды көтерді.

 


– Қазір қолымда 2002 жылдан бергі іс-қағаздар бар, – дейді Қайрат Баймұханов. – Былтыр алты айдың ішінде 800 іс-қағазын орындадым, оның ішінде 40 шақтысы заңды тұлғалар. Бес жүздейі әкімшілік айыппұлдар. Қайрат Баймұханов қазір жиырмаға тарта көмекші алып, жоғары білімді заңгерлерге жұмыс беріп отыр. Бәріне жалақыны өзі төлейді. Табысы атқарған іс есебінен болғандықтан, мамандар жылдам орындауға мүдделі, берілген мерзімді тиімді пайдаланады. Әрі талапкердің таңдау құқығы шектелмейді, қай меншіктегі орындаушыны қаласа да өз еркі.

 


– Бұл жүйе өзінің тиімділігін көрсетті, – деп Қостанай облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер алқасының төрағасы Владимир Долгих пікір бөлісті. – Қазір шешімдердің орындалу көрсеткіші өскенін байқаймыз.

 


Жеке сот орындаушылары заңды бұз-ған жағдайда сертификаты күшін жояды. Сондықтан да олар сауатты, белсенді болуға ұмтылады. Жеке сот орындаушылары елу пайыздан астам үлесі мемлекеттікі болып есептелетін мемекелерден ғана айып өндіре алмайды. Ал, көлікке салынған айыппұлдан бастап, төлемдер мен алимент өндіру, барлық әкімшілік, тіпті, қылмыстық істерге араласуға құқық берілген.

 


ЖСО Аймақтық алқасы төрағасының міндетін атқарушы Әділхан Нысановтың айтуынша, былтыр сомасы 56 млрд теңге 59 мың іс келіп түскен екен. Бүгінге дейін жеке сот орындаушыларының араласуымен 12 млрд 900 мың теңге өндірілген.

 


Жеке сот орындаушыларға қойылар талап қатаң. Сертификат алу үшін жоғары біліммен қоса, тәжірибе де қажет. Бүгінде облыста 72 бірлік сот орындаушыға штат берілген. Әзірге соның 24-і бос тұр. «Қазіргі таңда сол орындарды толтыру үшін жұмыс істеп жатырмыз», – дейді аймақтық алқа басшылары.

 


Абылай МАУДАНОВ

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео