Оқушылар «ақылды киім» ойлап тапты

18 февраля 2016 - Веб-редактор
article9384.jpg

Назарбаев зияткерлік мектебі қазіргі ғылым саласына қажетті деген болашақ сақа мамандардың негізін қаламақ. Басты мақсат – жаратылыстану-математикалық, электроникалық және роботтық жаңалықтарды ашуға оқушыларға бағыт беру. Көрсеткіштер де жоқ емес.

 

 

Алғашқы нәтижелердің ең елеулісіне тоқтала кетсек. Себебі, түрлі мақсаттағы роботтарды құрастырудың негізгі қағидаттарын әр бала жақсы меңгеруде. Тіпті, әрқайсысының жеке-жеке үлкенді-кішілі туындылары бар. Бірақ, нәтижемен еленіп, қоғамға белгілі бір деңгейде көмектесу үшін бірлесе жұмыс істеген жөн. Бұл мектептің оқушылары мүгедек жандардың мүмкіндігін кеңейтетін құрылғылар ойлап тапты. Олардың жаңалығының бірі зағиптарға көшеде жүріп-тұруға септігін тигізсе, енді бірі мылқау жандардың ойын толық жеткізуіне көмектеседі. Өнертапқыш балғындардың туындысы болашақта өндіріске енуі ықтимал.

 


Раухат пен Абылайхан – Назарбаев зияткерлік мектебінің оныншы сынып оқушылары, «Роботтық техникалар» үйірмесінің белсенді мүшелері. Екеуі де электроникаға үйір. Үнемі ізденіс нәтижесін берді. Жақында Раухат ерекше функцияларды атқаратын құрылғыны ойлап тапты. Ол тіпті қарапайым, жасыл түс жанса, бірден дыбыстап белгі береді. Жұмыс әлі аяқталмаған. Өнертапқыш оны бас киімге орнататындай етіп ықшамдамақ.

 


– Бас киімге орнатқан кезде осы құрылғы адамның құлағына жақын болады, – деді Раухат Арқұлов. – Сондықтан, оны адамның естуге мүмкіндігі көбірек болады және адамның басында орналасса, түстерді ажырату жеңілірек болады деп ойлаймын. Біздің бұл жобамыз тек қана техникалық емес, әлеуметтік болсын деп ойлаған едік.

 


Осындай игі мақсат, «кемтар жандарға көмектессем» деген оң ниет Абылайхан Әділбекті соны қадамдарға бастады. Жасөспірім жасаған қолғап – мылқауларға таптырмас құрал. Саусақтар арқылы терілген сөйлем экранда шығып тұрады. Температура төмендесе, тоқ беріп жылатады, одан адамға зиян тимейді.  – Ол осы қолғап күйінде немесе басқа да киім ретінде бола алады, – дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Абылайхан Әділбек. – Біз қолғап ретінде алдық, себебі қол астында әрі ыңғайлы болады. Бізге патент берсе, осыны өмірде қолданамыз деп ойлаймын.

 


Әлеуметтік бағыттағы «электронды мата» немесе «ақылды киім» жобасы мүмкіндігі шектеулі жандарды бейімдеп, оңалту үшін аса маңызды. Оны жаппай қолданысқа енгізсе, қазіргі нұсқаларына қарағанда анағұрлым арзанға түседі екен.

 


– Жобаны қазірдің өзінде жүзеге асыруға болады, – дейді информатика және роботтық техникалар пәнінің мұғалімі Александр Шерцер. – Олар аса қарапайым, бірнеше құрылғыдан ғана тұрады. Біз оны өз мектебіміздің базасында құрастырып, жинай аламыз. Бұл – еліміз үшін бірегей жаңалық.

 


Оқушылар бұл жаңалықтары үшін жақында патент алуды жоспарлап отыр. Одан ары өндіріске жол ашылады деген үмітте. Өнертапқыш өрендер көктемге қарай болатын облыстық байқауға өзге де жобаларын дайындап жатыр. Қос жас ғалым келешектерін тікелей роботтық техникамен байланыстырады.

 


– Бәсекеге қабілетті мемлекеттің қатарына қосылу үшін еліміздің жастары барлық салада да мықты болы керек, – дейді Раухат пен Абылайхан. – Әрі өзге елдің қымбат құрылғыларына телміргеннен келер пайда жоқ. Бұл да бір шығармашылықтың түрі. Әлі талай бастамаларымызбен елімізге игілігіміз тиер деген сенімдеміз.

 

 

 Бетті дайындаған Нұрқанат НҮСІПХАН

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео