Іргелі істер де, күрделі түйткіл де бар

18 февраля 2016 - Веб-редактор
article9388.jpg

Жуырда Амангелді ауданының әкімі Жансұлтан ТӘУКЕНОВ (сүретте) тұрғындар және облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез НҰРМҰХАМЕДОВТЫҢ алдында былтырғы жылдың қорытындысы жайлы есеп берді.

 

 

Жалпы, бұл аудан бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы ақпарат ғаламтор беттерінде және аудандық «Амангелді арайы» газетінде қаңтар айында жарияланыпты. Былтыр Амангелді ауданында 116,7 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді, 2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өнім өндірудің нақты индексі 118,5 пайызды құрады. 2015 жылы Амангелді ауданы экономикасының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі – 1109,0 млн теңге. Яғни, 2014 жылмен салыстырғанда 438 млн теңгеге артық.

 


Қолға алған тың жобалары баршылық. Индустрияландыру картасынан тыс 6 жоба іске қосылған. Бұл жақта негізгі екпін ауыл шаруашылығында екені белгілі. Осы салада өткен жылғы көрсеткіш бойынша 7 млрд 597 млн теңгенің өнімі өндірілген. Шаруашылықтардың барлық түрлерінде 25861 бас ірі қара, 64517 қой мен ешкі, 12831 бас жылқы және 143762 құс тіркелген. Сондай-ақ, астық түсімі де көңіл көншітерлік. Мәселен, былтыр дәнді дақылдардың орташа шығымдылығы 9,5 центнерді құрап, 86400 тонна өнім алынған. Елбасының тапсырмасына сәйкес, егістік алқаптағы дақылдардың қатарын көбейту мақсатында 1700 гектарға майлы дақылдар егіліп, 289 тонна өнім жиналды. Сөз барысында аудан әкімі ағымдағы жылға межеленген жоспармен де бөлісті. 2016 жылы егістік көлемі 100 192 гектарды құрамақ (2015 жылы 93492 гектар болған).

 


Ауыл шаруашылығын шалқытуға арналған «Сыбаға» мемекеттік бағдарламасы бойынша аудан көлемінде 447 бас сиыр, 36 асыл тұқымды бұқалар алынған. Ал, «Құлан» бағдарламасы аясында 144 бас жылқы, 17 асыл тұқымды айғырлар әкелінген. 2015 жылы «Алтын асық» бағдарламасы негізінде 280 бас аналық қой сатып алу жоспарланған. Барлығы 668 бас аналық қой мен 37 бас асыл тұқымды қошқарлар сатып алынды, жылдық жоспар 238,6% орындалған.

 


Ауданда шағын кәсіпкерліктің де аяқ алысы жаман емес. Мысалы, былтыр 1482 млн теңгенің өнімдері өндіріліп, бюджеттік кірістің көлемі 69 млн теңгеге жеткен. Бұл салада 2002 адам еңбек етеді. 2015 жылы Амангелдіде «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бірде-бір жоба қолдау таппағандықтан, бұл бағыттағы жұмыстар осы жылы күшейтілмек. Былтыр аудан аумағында әр салада 362 жаңа жұмыс орны ашылса, жұмыссыздықтың көлемі 0,2 пайызды құрады.

 


«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының үшінші бағыты негізінде, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бағытында жоспарлар толығымен орын-далған. Жастар іс-тәжірбиесіне 20 адам, 2 адам қайта даярлау курстарына, әлеуметтік жұмыс орындарына 37 адам жіберілген. Бұл шарапаты мол мемлекеттік бастаманың арқасында 640 адам тұрақты жұмыс тапқан. Бағдарламаның екінші, яғни «Жеке ісін ашуға несие беру» бағыты да сәтті жүзеге асырылуда. Амангелді, Амантоғай, Құмкешу және Үрпек ауылдарында өзін-өзі қамтып, ауылдастарына жұмыс орындарын ұсынып отырған шағын кәсіпкер азаматтар жетерлік. Олар негізінен ірі қара шаруашылығымен, жиһаз цехымен, су құбырларын қазу жұмыстарымен және автомобиль жөндеу қызметтерімен айналысуда.

 


Ауылдық аймақтардың негізгі еңбек қайнарына айналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының шартына сәйкес, 6 агроөнеркәсіптік кешен, білім беру және денсаулық сақтау саласы мамандарына бюджеттік несие берілсе, 18 маманға көтерме жәрдемақы төленді.

 


Жолдарды жөндеу жұмыстарына 2015 жылы бюджеттен бөлінген 50 млн теңге игерілген. Жергілікті бюджеттен бөлінген 800 мың теңгеге 32 дана жол белгілері ауыстырылып, 1 мың шақырым жолдың ой-шұңқыры бітелген. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында 1353 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

 

 

Ал, 2016 жылы дәл осы бағдарлама шеңберінде 1000 шаршы метр баспана салынбақ. Әкім есеп беру жиналысында қаражаттың қаттығына байланысты әлі шешімін таппаған мәселелерді де айтты. Олар: Амангелді орта мектебін күрделі жөндеу үшін 2014 жылы жобалау-сметалық құжаттары дайындалды, қажетті қаражат 349 млн 545 мың теңге; жергілікті бюджет қаражаттары есебінен 2014 жылы жалпы құны 585,8 млн теңгеге Амантоғай, Жалдама және 2015 жылы Үрпек-Ағаштыкөл ауылдарының су тораптарын қайта жаңғыртуға жалпы құны 562,9 млн теңге болатын жобалау-сметалық құжаттары дайындалды. Тек қаржы қажет.

 

 

Бетті дайындаған Нұрқанат НҮСІПХАН

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео