Мейірім шуағы

25 декабря 2015 - Веб-редактор
article8877.jpg

Тәуелсіздік мерекесінде «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курстарының үшінші (базалық) деңгейінде оқып жатқан мұғалімдер Рудный қаласындағы қарттар үйіне барып концерт қойып қайтты.

 

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалының Қостанайдағы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты оқытушысы Айнұр Мускина шараға бастамашы болғанын айта кетейік.


Қазіргі таңда мектепте өтіп жатқан өзін-өзі тану пәні балалардың бойына адами қасиеттерді сіңіріп, оқушыларды қайырымдылыққа, кеңпейілділікке, бауырмалдылыққа баулиды. Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген екен дана халқымыз. Адам өміріндегі ең игі іс – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсы қоғам қалыптастырады.


«Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без» деген де сөз бар. Адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту еткен ұстаздар қарияларды қуантуға асықты. Кө-
ңілі қаяу жандар өнерпаз мұғалімдерді жылы қарсы алып, лебіздерін, ризашылықтарын біл-діріп жатты.


Концертте қариялардың кө-ңілдеріне медеу болатын, жастық шақтарын еске түсіретін әндер орындалды. Қарттар үйінің қызметкерлері бұрын-соңды мұндай концерт болмағанын айтып, ұстаздарға алғысын жеткізді.


Қайырымдылық кешіне Кенжегүл Әбдіхалықова, Мадина Искакова, Күмісай Сыптаева, Мира Ғабдуллина, Ақтолқын Құлжабекова, Жаңагүл Қыстаубаева, Ғалия Нұрмағамбетова, Әсем Ералина және Шыңғыс Әмірхамзин сынды ұстаздар ерекше үлес қосты, еш аянып қалған жоқ.


Бірінші қабатта жүру қабілетінен айрылған елу шақты қарт тұрады екен, әрқайсына кіріп, жағдайларын біліп, шағын сыйлығымызды табыс еттік. Балаша қуанған олар мәз-мәйрам болып, алғыстарын жаудырды. Қолдарындағы тәттілерін бізге ұсынып, балаларын, немерелерін көргендей бір жасап қалды. Бізді автобусқа дейін шығарып салып, қимай қоштасты. «Ел ішінде қарияң болса, жазулы тұрған хатпен тең» деп, қазына қарттардың ақылына жүгінген ел едік. Ішіміз алай-дүлей болып оралдық... Алған әсерімізді, түйген ойымызды қорытып, сабақта және тәрбие жұмыстарында қолданамыз деп ойлаймын.


Күлпара РАХМЕТОВА,
Н.Наушабаев атындағы
Затобол орта мектебі
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Қостанай ауданы

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео