Курсанттар кубокты иеленді

18 декабря 2015 - Веб-редактор
article8805.jpg

Жайдарман ойындарының чемпиондары мен финалистері «Солтүстік мұзды кубогы» арнайы жобасында бас қосты. Облыстың үздік деген сегіз командасы арасынан ҚР Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының «Ішкі істер» командасы топ жарды.

 

Облыс орталығындағы Балалар шығармашылық үйінде өткен әзіл кешін «Қазақстан КВН одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің «Қостанай КВН» филиалы ұйымдастырды.


Қостанай қаласындағы №14 балабақшасының «Бауырсақтар» командасы қалжыңсүйер қауымды кезекті рет тамаша әсерге бөледі. Кішкентай жайдарманшыларға «Үздік әзіл» сыйлығы табыс етілді. Ал «Арқалық арулары» құрамасының капитаны Әйгерім Қозыбақова «Үздік ойыншы» атанды.
Жайдарманның биылғы маусымын қорытындылаған жарысқа бір апта бұрын ғана Торғай орталық лигасында жеңімпаз болған Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің «Депутат» командасы да қатысты. Алайда, дайындыққа уақыт жетпегендіктен бе, әлде басқа себептері бар ма, әйтеуір бұл жолы чемпиондар шаба алмады. Алдыңғы жылы облыс кубогын төбелеріне көтерген Қостанай қаласының «Құрдастар» командасы тәп-тәуір ойын көрсеткенімен, жолдары бола қоймады. Рудныйдың «Бес саусағы» жұдырықтай жұмылып келген, бірақ биылғы «мұзды кубок» маңдайларына жазылмапты. Жайдарман тарихында Қостанай облысының тұңғыш чемпиондары атанған «Сөзжетпес» жаңа құраммен келгенімен, жаңалығымен қу-анта алған жоқ. Дегенмен, сәтті әзілдері тамашалаушы жақ тарапынан қошеметке ие болып жатты. Сөйтіп, кубок Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының «Ішкі істер» командасына бұйырды.


Жалпы, жобаның негізгі бір мақсаты орындалды деуге негіз бар. Көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлай алды.


– Былтыр әдебиет маусымы десек, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, биыл тарих маусымы жарияланған еді. Жыл бойы жайдарманшы жастар осы тақырыптағы әзіл-оспақтарын жұртшылыққа ұсынды. Біздің Қостанай өңірінен телевизиялық жобаларға шығып жатқан командалар да бар. Соның бірі – «Бауырсақтар» тобы. Қатарымыз осындай ерекше топтармен толығады деген сенімдеміз, – дейді бұрынғы жайдарманшы, «Қостанай КВН» филиалының директоры Марғұлан Бәкір.


Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ
Суретті түсірген автор

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео