Соллаль салтанаты

11 февраля 2016 - Веб-редактор
article9288.jpg

Өткен аптаның демалыс күндерінде Қостанайдағы корей ұлтының этно-мәдени бірлестігі өздерінің Соллаль Жаңа жыл мерекесін атап өтті. Бейбітшілік пен келісім үйінде жиналған жұртшылық ұлттық дәстүрдегі қойылымдар мен өнер ұжымдарының концертін тамашалады. 

 

 

Қандай жаңа жыл деп аңтарылған боларсыздар. Мәлімет үшін келтіре кетсек. Бұл елдің атамекені шығыс жақта жатқан соң, ол жаққа көктем ерте жетеді. Иісі қазақ үшін игі мереке Наурыз бен Соллальдің ұғымдары ұқсас. Корей халқының жаңа жылы әуелі құрбан шалудан басталады. Мерекелік дастарханды әзірлеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, қызыл түсті тағамдар шығыс жағына, ақ тағамдар батыс бөлігіне қойылады.
 
 
 
Бұл күннің өзіміздің ұлық мейраммен тағы бір ұқсастығы – «сэбэ» рәсімі. Аталмыш дәстүр бойынша үлкендерге құрмет көрсетіліп, иіліп қауышады. Алты ай қыстан кейін арқа-жарқа дидарласқан ағайынның көрінісін айтуға болады. Ертеректе Соллаль мейрамы жаңа ай туғаннан бастап, толған айға дейін он бес күнге созылатын. Дәл он бесінші күн кәрістер үшен аса қадірлі. Себебі, олардың сенімі бойынша, тылсым күші бар толған айды ең бірінші болып көрген жан бақытқа кенеледі-міс. Міне, бұл мерекенің қысқаша сипаттамасы осындай.
 
 
 
Шығыстың ай күнтізбесі бойынша қытай, жапон, корей елдері Жаңа жылды 20-қаңтар мен 18-ақпан аралығында қарсы алады. Сол ежелгі дәстүрінен жаңылмаған Қостанайдағы корейлер диаспорасы биыл бұл мерекені 6-ақпанда тойлауды ұйғарыпты. Салтанатты шараның тамашасын біз де барып көрдік. Әсіресе алқызыл, ерекше ашық түсті дәстүрлі киім үлгілері көздің жауын алады. Қостанайдағы кәріс этномәдени орталығының мүшесі Анатолий Ким пікірімен бөлісті: – Мейрам өз деңгейінде өтті, – деді ол. – Барша қала тұрғындарын осы мерекемен құттықтаймын. Бір үлкен отбасы болып тірлік кешудеміз.
 
 
 
Осындай ынтымағымыз жараса берсін. Біз тек өз мерекелерімізді ғана атап өтпейміз. Қазақстанымызда қанша ұлт бар, солардың барлығының дәстүрлі күндеріне мейлінше атсалысуға құштармыз. Себебі, бір шаңырақтың астында өмір сүріп отырып, алакөзденіп, басқаның ұғымын шетқақпай қылу, әсте біздің ұстаным емес. Қостанай облысында бүгінде төрт мыңнан аса корей ұлтының өкілдері тұрады.
 
 
 
Қандай заман болмасын, бірлігімізді сақтап, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді қазақ елінде дамытып отырмыз. Осы қасиетті, дархан мекенге, өзіміздің екінші Отанымызға келген шағымыз әлі есімізде. Үрім-бұтағымызбен жоғалып кетеміз бе деген қорқыныш болғаны рас. Алайда, жомарт қазақ халқының кең пейілділігінің арқасында бүгінгі күнге жетіп отырмыз. Ел Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдық мерейтойын да бір ел болып тойламақпыз. Бұл бәріміз үшін басты құндылық.
 
 
 
Сахна төріне шығып, жылы лебіздерін айтқандардың қатарында тек кәрістер ғана емес, басқа ұлт өкілдері де ерекше жүрекжарды тілектерін арнап жатты. Мереке меймандарының атынан сөз алған қала тұрғыны Рәзия Сымағамбетова: – Бұл шараға алғаш қатысуым. Ерекше әсер алдым. Әсіресе, «Ин Кади» ұжымының орындауындағы әндер көңілімізден шығып жатыр. Көрермендер атынан ұйымдастырушыларға айтар алғысымыз шексіз. Шығармашылықтары шарықтап, тыңдармандар қатары қалыңдай берсін, – деген тілектерменен сөзін аяқтады. 
 
 
 
Корей Жаңа жылының тағы бір ерекшелігі, олар мерекені тойлауды бір күн бұрын бастайды. Дәстүр бойынша, мейрамның екінші күні әр отбасында ток-кук сорпасы әзірленеді. Ал соңғы күні барлық ескі киімдерін тастап, жаңасына ауыстыру қажет. Ұйымдастырушылардың барлығы осынау ерекше мерекелерінің Тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдығы қарсаңында аталып өтілуі аса маңызды екенін айтты. 
 
 
 

Бетті дайындаған Нұрқанат НҮСІПХАН

суретті түсірген автор
 
 
 
 
 
 
 

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев