Серік – сенімді жігіт

11 февраля 2016 - Веб-редактор
article9293.jpg

Мұғалімдік қызметін тастап, Серік шаруа қожалығын құрыпты деген сөз Қарасу ауылына тез тарады. Ауылдың той-томалағы, құдайы асына жиналғандар әртүрлі болжамдар айтты. Толық жүктемесі бар, оның үстіне мектептегі кәсіподақ ұйымының төрағасы еді. Оның жұрт жұмыс таба алмай жүргенде қызметтен кетуін көпшілік түсіне алмаған.

 

– Серік небір істер атқарарда он ойланып, жүз толғанатын, асығыс шешім қабылдамайтын, ісіне тиянақты, жауапкершілігі зор жігіт. Ертең-ақ оның құрып жатқан шаруа қожалығы гүлденіп, табысы шалқыған қожалаққа айналады. Асығыс пайым жасамаңдар, – деп Жанат ақсақал елді сабырға шақырған.

 


Кәсіпкерлікке келмес бұрын Серік Наурызбаев ескі Беларус тракторын күрделі жөндеуден өткізіп, екі шөп шалғысын, тырма, шөптиегіш агрегаттарды қолдан құрастырды. Шағын ағаш үй жасап, тіркеме үстіне орнатты. Үйінің маңайында техника жөндеуге қажетті көтергіш, тағы басқа құралдарды іске қосты. Шөбі шүйгін «Қызыр» шабындығынан 30 гектар жер алды. Ірі қараға арнап үлкен қора салды. Әулиекөлден бөренелер әкеліп, қора төбесін қамыспен жапты. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша шағын несие алып «Ұлы Дала» шаруа қожалығынан асыл тұқымды бұқа сатып әкелді. Үлкен бөгет маңайынан жайылымдық жер алып, ерлі-зайыпты Сәрсенбай мен Несібелдіні мал бағуға жұмысқа алды. Бір кездері сатып алған екі бұзауынан өскен мал саны бұл кезде қырықтан асқан болатын.

 

 

Орталықта тұратын бірнеше жанұя мүшелеріне жер беріп, картоп екті. Сиырдан алған сүтін, қаймағын, майын Арқалық, Астана қалаларына сатты. Мектепте мейірбике болып істейтін жолдасы Айман екеуі осылайша жеке кәсібін жандандыра түсті. Өзен жағасындағы үйінің маңайына еккен көкөністі балалары, қаладан келген жиендері күтіп, қыстық азығын да дайындап алды.

 


Тоқсаныншы жылдар ортасында, Тәуелсіздік алған еліміз жаңа даму жолына түсіп жатқан қиын кезде жұмыс орындары қысқарып, жалақы, зейнетақы беру уақытша тоқталғанда, Серіктің де отбасы елмен бірге қиындықты бастан кешірген. Секең күні-түні жұмыс істеді. Жер емген адамның аш болмасына көзі жеткеннен кейін өзі де бақша салды. Алғашқы жылы айтарлықтай мол өнім алмаса да мектепте оқитын балаларының киім-кешегіне, оқу құралдарына, тамағына жетердей табыс тапқан. Келесі жылы тәжірибесі молайып, алған өнімі де көбейе түсті. Қарасу өзені жағасына үй салып, маңайын қоршап, көкөністі енді үй жанынан өсіруге кіріседі. Күздің күнінде мектеп алдында қияр, қызанақ, картоп сатып тұрғанында оны сол кездегі мектеп директоры кабинетіне шақырған.

 

Мектеп ауласында неге сауда жасайсың деп ұрсады ғой деп барған оны басшы жылы қабылдады. Жас жігіттің еңбекқор, қолынан іс келер азамат екеніне көзі жеткендіктен жұмысқа шақырғысы келіпті. Кейін аудан басшыларын жағалай жүріп, мектепке өндірістік шебер штатын алып, Серікті мектепке кіргізеді.

 


Өсімдіктану сабағын оқушылар теория жүзінде оқып, тәжірибеге көңіл бөлінмейтін. Бүгінде елімізде дуалды оқыту деп аталып жүрген жаңа технология Жасбуын орта мектепбінде сол кезде бастау алған еді. Мектеп оқушылары, мұғалімдері өзеннің арғы бетінде атшаптырым аумақты талмен қоршап, картоп егетін орын дайындады. Ескі қыстаудан мал қиын әкеліп, жерді құнарландырды. Үй жанынан үлкен алаң оқушылар өндірістік бригадасы үшін дайындалды. Көкөніс өсіру тәжірибесін өткізуге келген оқушылар демалып, күнделіктерін жүргізу үшін төбесі жабылған қалқа тұрғызылды. Әжетхана, шомылу орны дайындалды.

 

 

Көктемде оқушылар отырғызған көкөніс тұқымы тың жерде тез бой көтеріп, жаз бойына өндірістік бригада мүшелері бағып күтті. Әрбір атыз басына ілінген тақтайшаға көкөніс аты, сорты, себілген күні жазылып қойылды. Көршім үйіне күнде барып, балалардың қуанышты күлкісін естіп, мен де сырттай мәз болып жүрдім. Қызықтап дәптерлерін қараймын. Өсімдіктің егілген, тамырланған, жапырақ жайған күндерін қағаз бетіне түсіріп отырады екен.

 

 

Арғы бетте 15 мектеп мұғалімі картоп егіп, күзде мол өнім алды. Картопты күтуге, суаруға келгендермен әңгімелесемін. Бәрі де Серіктің тиянақтылығын, еңбекқорлығын айтады.

 


Қарасу ауылына алпысыншы жылдары көшіп келген Сергей есімді азамат үйі жанына алма ағашымен қоса, Украинадан әкеліп жүзім өсірген. Күтім арқасында біздің табиғи жағдайымызға бейімделген жүзім бұталары мол өнім беретін. Серік биология пәні мұғалімдері М.Байболатова, Г.Құрманғалиева, Г.Батыршаевалармен бірге жеміс ағаштарын, жүзім көшеттерін де отырғызды.

 


– Серіктің мектепке мұғалім болуы өзіне пайдасыз болған жоқ. Сонда жүріп көп нәрсені үйренді. Жиі бұзылатын бу қазанын жөндеп жүріп тәп-тәуір дәнекерлеуші болып шықты. Жоғары білім алды. Бұрынғы директоры басқа жұмысқа ауысып кеткеннен кейін өндірістік бригадасы тарап, мұғалімдер картоп егуді қойғанымен, Серік өз шаруашылығын кеңейте берді, – дейді көршісі В.Новицкий.

 


«Талпынған жетер мұратқа» демекші, Серік бір белесті бағындырып, екіншісіне аяқ басқанда үшіншісін ойлап тұрады. Адам алдына мақсат қойып, соған жету жолында еңбек еткенде ғана ойлағаны жүзеге асады емес пе. Ешкімге бағынышты болмай, жеке ісімді жүргізсем деген арман бала жастан жүрегіне ұялаған ол тұңғышының есімін де Мақсат қойған болатын. Ұлы қазір Арқалық қаласында пединститутты бітіріп, қалалық ҰБТ орталығында жұмыс істейді. Екінші қызы Әйгерім Астанадағы Еуразия университетінде археолог мамандығын амандық болса келесі жылы алып шықпақ. Қаршадайынан ғылыми жұмыспен айналысып машықтанған қызы қазір де ойлы мақалалар жазып жүр. Мектепте оқып жүргенде атасы, Ұлы Отан соғысы ардагері Бөстекбай Наурызбаев өмірін зерттеп жүріп маған келген болатын.

 


– Аға, менің атамды ел неге Ақжүрек деп атаған? – деп сұраған.

 


Қақ-соқпен жұмысы жоқ, ағайын-туыстары, елге тек жақсылық ойлайтын нағашымыз өмірі өтірік айтып көрген жан емес еді. Мемлекет мүлкіне қол сұқпайтын.

 

Кеңшар директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары болып жүргенінде билігі жүріп тұрса да, қоғам мүлкіне қызықпады. Өзі алмағаннан кейін өзгелер де батып ештеңе сұрамайтын. Осындай тазалығы, шындықты айтатын бірбеткей мінезі үшін Ақжүрек деп атап кеткен. Кеңшар директоры Ә.Нұржанов Бәкең еңбегін бағалап үй де салып берді.

 


Серік пен Айманның кейінгі екі баласы Жасбуын орта мектебінде оқып жүр. Аружан көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі, өткен жылы Астана қаласында өткен патриоттық әндер байқауында үшінші орын алып, қазылар алқасы төрағасы генерал-майор М.Таласовтың қолынан диплом мен бағалы сыйлық алды. Кенжесі Табиғат оқушылар ғылыми қоғамының мүшесі. Әдеби кітаптарды көп оқиды. Маңғаз тұрысы, сөйлеген сөзінен тектілікті көргендей боламын.

 

Жұбайы Айман өз ісінің шебері. Екеуі бір мектеп, бір сыныпта оқыған. Мектепте басталған достықтары жұбайлық өмірде жалғасын тапты. Әкесі ерте қайтып, қиналған ауыр күндер де артта қалды. Бау-бақша, тал-терек, жеміс ағаштарына толы үйінде тұрмысқа қажеттінің бәрі бар. Кең көкөніс сақтау қоймасы, моншасы, техника тұрағы көз тартады. Өткен жылы «Нива» көлігін тіркемесімен, трактор бөлшектерін, тамшылап суару қондырғысын сатып алды. Бүгінде соның қызығын көруде.

 


Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» Жолдауында: «Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады», – деген болатын. Жанұя басшысы техника құлағында ойнаса, қызы Әйгерім магистратурада білім алуын жалғастырып, бақытын ғылымнан іздеуге бел байлаған. Бірнеше жылдан бері Президентіміз Н.Ә. Назарбаев бастамасымен елімізде ұлағатты ұл, қылықты қыз өсірген, еңбекте, тұрмыста, өмірде жоғары табыстарға жеткен отбасылардың өнегелі істерін насихаттауды кең көлемде жүзеге асырылуда.

 

 

Бас газетіміз «Егемен Қазақстан» ондай отбасыларды молырақ жазып жүр. Серік пен Айманның жанұясы да осындай мерейлі отбасы қатарында депт айта аламыз. Осы байқаудың аудандағы алғашқы жеңімпазы, облыстық «Мерейлі отбасы» байқауына қатынасқан ауыл ақсақалы, Серікке қиын кезде қол ұшын берген ағасы С.Шоңғалов: – Алдына нақты мақсат қойып, соған жету жолында өмір сүрген адамның денсаулығы мықты, жүрек ауруына шалдықпайтын болады.

 

 

Халықтың да арманы болады. Қазақ халқының арманы – дүние жүзіндегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Серіктің де, халқымыздың да арманына қол жеткізеріне күмән жоқ, – дейді ағынан жарыла.

 


Қаладан мамандығына сай жұмыс табылса да, шақырушылар болса да Серіктің ауылды тастап кетер ойы жоқ. Туған ауылын көркейту мақсаты жолында әлі де зор табыстарға жетері сөзсіз. Бүгінде ол мал қыстату науқанын ойдағыдай өткізуде. Малы семіз, көңілі тоқ. Нағашымның алар асуы бұдан да биік болары сөзсіз. Серік сөзінде тұрар сенімді жігіт.




Азамат ҚАБЫЛДИН


 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео