«Тоқтамай биле!»

11 февраля 2016 - Веб-редактор

Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің ұсынысымен, 9-ақпан – Қазақстан жастарының күні деп белгіленді. Осы себептен, әр аймақтың еті тірі жастары шама-шарықтарына, қиял-өрістеріне қарай түрлі мазмұндағы шараларды бастап кетті.

 

«Тоқтамай биле!». Міне, осындай ұранмен қостанайлық жастар Тәуелсіздік жылын бастады және облыстың сексен жылдық мерейтойына шағын тартуларын паш етті деуге әбден болады. Жо-жоқ, дүңкілдеген әуенге бей-берекет қимылмен тер-тер бола қимылдауды меңзеп тұрғанымыз жоқ. Бұл – кештің ұраны. Ал негізгі себеп – Қазақстан жастарының күні. Осы ретте Қостанай қалалық ішкі саясат басқармасының және облыстық жастар саясаты басқармасының мамандары бірлесіп, қазақ музыкасының кешін өткізуді ұйғарған. Яғни, ұлттық нақыштағы күй, ән, би.

 


Өзге концерттік шаралардан айырмашылығы сол, сахнаға шығып, өнер көрсеткен ешкім жоқ. Басты сахна – көрермен қақ жарыла ортадан берген орын. Құлақ құрышын қандырып, ұлттық музыканың толқуында бір билеп қалуды көксеген жастар көп болды. Қазақ музыкасының кеші болған екен, тек қаракөз ұл-қыздар жиналыпты дей көрмеңіздер. Барлығы бар. Себебі, музыканы тілі әлемге ортақ.

 


Ең алғашқы құттықтау сөзді сөйлеп әрі осы шараның нендей себеппен қолға алынып отырғанын облыстық жастар саясаты бөлімінің мамандары ұғындырды.
Жылы-жылы лебіздерден соң, дуылдаған топтың ортасын жара орналасып алып, қазақтың қара баласы домбырасын безілдете жөнелді. Бұл – Жансерік Бекқұл. Қос ішектің құдіретін меңгеріп жүрген жалынды жас.

 


– Болашағымды домбырамен, жалпы қазақ әуенімен тығыз байланыстырамын, – дейді ол. – Себебі, бала шағымнан бері осы ұлттық аспаппен біргемін. Кез келген күйді орындағанымда ерекше әсерге бөленемін. Бұл аспаптың астарында ата-бабаларымыздың үні, арман-мұңы мен бүгінгі күнге деген сенімі жатқандай. Сол үмітті біздер ақтауға, аманатқа қиянат жасамауға міндеттіміз!

 


Жастар саясаты басқармасы мамандарының сөзіне илансақ, жыл соңына дейін облыстың мерейтойымен Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығын сабақтастыратын не алуан іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Себебі, бұл айтулы күндерді тек бір-ақ шарамен жылы жаба салу жарамайды. Қолға алынатын бастамалардың атын, қай күндері өтетін ашып айтуды жөн санамады. Шағын құпиямыз болсын дейді. Тек ұққанымыз, қос мерекенің жүгін арқалайтын салтанат атаулы сахналық бағытта ғана емес, спорттық, әдеби рәуіште өтпек.

 


Жалынды жастардың ортасында өнер көрсеткендердің көбі өз шығармашылықтарын астықты алқаптарына, қазыналы Қостанайға арнайтындарын айтумен болды. Nur Asem триосы, жас әнші Табиғат Таңатқанов, «Мирас» мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы осы кеште өнерлерін паш етті.

 


– 9-ақпан Қазақстан жастарының күні деп ұйғарылғанына ерекше қуаныштымыз. Себебі, Қазіргі уақыттан бастап барлығымыздың басымызды біріктіріп, бір мақсатқа бағыттайтын шаралар өте қажет. Осынау мерекенің облыс тойы мен Тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдығымен тұспа-тұс келуінің өзі ерекше мәнге ие деп ойлаймын. Меніңше, Қазақстан жастарының алғашқы күні тиісті деңгейінде өтті. Қатарластарымызды жаңа қырларынан таныдық. Барлығына ризамын, – деп пікір білдірді ЖОО студенті Арайлым Құлтаева.

 


Ортаға көп арасынан суырылып шығып, рахметтері мен ерекше ықыластарын білдірмекке ниеттенгендер көп болды.

 


– Қазақ музыкасының кеші ерекше өтті. Алдағы уақытта басқа да ұлттардың әуендерімен, дәстүрлі би өнерлерімен танысуға мүмкіндік беретін дәл осындай шаралар ұйымдастырылады деген сенімдеміз. Тобыл-Торғай атырабының атын асқақтатын әрі намысын қорғайтын жастар ғана. Сондықтан да, қатарластарыма тек қана алға дегім келеді, – деді жалынды жастардың бірі Кенжебек Уәлиев.

 


Айта кету керек, жыл аяқталғанша өңіріміздің сексен жылдығымен жапсарласып жататын шараларды Қоғамдық келісім үйі, Л.Н. Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы және барлық мәдени ошақтар ұйымдастыратын болады.

 

 

Бетті дайындаған Нұрқанат НҮСІПХАН

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео