Мәдениет – рухани қазына

30 ноября 2017 - Администратор
article15483.jpg

Өңірде алдыңғы аптада ұлттық мәдениет пен өнерді дәріптеуді, халықтар достығын насихаттауға бағытталған іс-шаралар өтті. «Үздік ауылдық клуб – 2017», «Тобыл толқындары» облыстық халық билері байқауы мен қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз, белгілі қаламгер, жерлесіміз Төлек Әбдіктің 75 жасқа толуына орай өткен мәдени кеш жоғарыға деңгейде өткен.

Облыста Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын насихаттайтын шаралар легі жыл басынан бері көптеп өтуде. Сондай іс-шараның бірі, «Туған жер» базалық бағытын дәріптеуге бағытталды. «Үздік ауылдық клуб-2017» аталатын байқаудың қорытындысы достық үйінің акт залында жарияланды. «Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы» ММ-нің қолдауымен өткен шарада шалғайдан келген өнерпаздар ән, би бағытында өнер көрсетіп, көрермендерді тәнті етті.
 


Кез келген ауылдық округте негізгі білім ошағы мектеп болса, одан кейінгі орынды ауылдық мәдениет үйі алады. Өйткені, ауыл тұрғындары жұмыстан бос уақыттарын тиімді, әрі пайдалы өткізу мақсатында ауылдық клубта өнер көрсетуге мүмкіндігі бар. Себебі, әрбір ауылдық округ жас ерекшелігіне қарамастан өнерлі жандардан кенде емес. Мұндай адамдар мерекелік күндері және өзге де іс-шаралар ұйымдастырып, қысқа уақыттарын көңіл көтеруге арнайды. Жалпы алғанда облыс көлемінде 600-ден астам мәдениет ошағы болса, оның 200-ден астамы ауылдағы мәдениет үйлері. Бүгінде сол киелі орындар аудан және облыс көлемінде өтетін іс-шараларға қатысып, бақ сынап келеді. Оған жуырда ғана өткен «Үздік ауылдық клуб-2017» байқауы дәлел бола алады. Дегенмен де, аталмыш сайысқа қатысуға тек 11 ауылдық клуб мүмкіндік алған. Ұйымдастырушылардың сөзінше, 200-ден астам ауылдағы мәдениет үйі болғанымен, олардың көбі байқаудың шартына сәйкес келмеген. Сол себептен де, тек 11 ауылдық мәдениет ошағы іріктеуден өтіпті. Сайыстың өзі қыркүйек айында өткенімен, мұнда суырылып шыққан жеңімпаз мәдениет ошықтарының аттары енді ғана жарияланған.

Байқау қорытындысы бойынша, 100 мың теңгелік сертификаты бар үшінші орынды Денисов ауданының Алчанов ауылы, Аманкелді ауданының Үрпек ауылы, Қарасу ауданының Челғашы ауылы иеленген. Және де 200 мың теңгелік сертификат пен екінші орынға Әулиекөл ауданының Құсмұрын ауылы, Меңдіқара ауданының Қарқын ауылы қол жеткізген. Ал «Үздік ауыл клубы – 2017» атағына Би-аға ауданы, демек Таран ауданының Калинин ауылдық клубы қанжығасына байлап, үздік деп танылды. Бас жүлде иегеріне 300 мың теңгелік ақшалай сыйлық табыс етілді.

Бүгінде ел азаматтары мәдениеттің дамуына бар үлестерін қосуда. Бүгін де Қарабалық, Алтынсарин, Жанкелдин, Қостанай ауданыдары мен Арқалық қаласынан келген ауылдық клубтар бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды. Ал Ауылдық жерде мәдениетке көңіл бөліп, оның дамуына үлесі қосып отырған демеушілердің де орны бөлек. Осы орайда үздік демеуші болып Сайран Бұқанов танылды.

– Біз бүгін «Үздік ауылдық клуб – 2017» облыстық байқауына қатысып, жүлделі бірінші орынды иемдендік, – дейді Калинин ауылдық округінің әкімі Марат Шоңғалов. – Мұндай жетістікке қол жеткізуімізге бірден-бір себепкер ол «Викторовское» ЖШС-нің басшылығы болып отыр. Бұл шаруа қожалығы бізге демеушілік көрсетіп, барлық қажет керек-жарақтармен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, былтырғы жылы кәсіпорын ауылымыздағы екі мәдениет үйіне 45 млн теңге бөліп, күрделі жөндеу жұмыстары жасалған болатын. Осы қаражатпен сол шаруа қожалығы үлкен көмек көрсетті. Одан өзге мәдениет үйінде өнер көрсетуге арналған сахналық киімдерді дайындаттыру үшін де қаражат сол кәсіпорыннан бөлінеді. Аталмыш шаруа қожалығының директоры – Иван Илларионович. Біздің көркемөнерпаздар ұжымына қатысушылар сол шаруашылықта жұмыс жасаушы азамат пен азаматшалар. Атап айтқанда, сауыншылар, малшылар, көлік жүргізушілер мен өзге де қызметкерлер бос уақыттарын тиімді өткізіп, мәдениет үйіне келіп өнер көрсетеді. Жалпы айтқанда, біздің ауылдық округ қай жағынан алып қарасақ та өте белсенді. Мәдениет үйінде өтетін іс-шараға әлеуметтік қызметкерлер де қатысады. Мысалға, мұғалімдер, оқушылар күні бүгінге дейін ауылда және аудан мен облыста өтетін сайыстарда өлкеміздің намысын қорғап, белсенділік танытуда.

Сайыс қорытындысы жарияланған соң, үздік деп танылған ауылдық клубтардың қатысуымен гала-концерт өтіп, көрермендердің көңіл-күйлері көтерген. Кеш соңында жеңімпаздар естелік суреттерге түсті.

Мұндай іс-шаралар толастамай, жуырда І. Омаров атындағы қазақ драма театрынында жалғасын тапты. Облыстағы «Рухани қазына» бағдарламасының «Туған жер – туған ел» базалық бағдары аясында облыстық «Тобыл толқындары» атты халық билері облыстық байқауы ұйымдастырылған. Бұл жерде де әрбір ауылдық округтен жиналған өнерпаздар белсенділік танытып отыр.

Хореографиялық өнерді халық билері арқылы насихаттау мен Қазақстан халықтарының мәдени мұраларын дамыту және сақтау, елімізде тұратын халықтардың дәстүрлі мәдениетін жаңғырту, сақтау, дамыту, үздік хореографиялық ұжымдарды анықтау, жастарды хореография өнеріне тарту, өздігінен өнерлерін жетілдіруге және шығармашылық жағынан өсуіне жағдай жасауды мақсат тұтқан сайыс жоғары деңгейде өткен.

Сайысқа 11 хореографиялық ұжым қатысып, бидің түр-түрінен өнер көрсеткен. Байқауды қорытындылай, қатысқаны үшін дипломдарымен Таран, Денисовка, Мендықара, Қарабалық, Қарасу аудандары мен Арқалық, Рудный қалаларының ұжымдары марапатталған.

Ал жүлделі дипломдармен және ақшалай сыйлықтарға келесі ұжымдар ие болған. Жүлделі үшінші орынды Қостанай ауданынан келген «Халықтық» би ансамблі «Надежда» мен Науырызым аудандық «Нұр-ай» би тобы иемденсе, екінші орынды – «Халықтық» эстрадалық би ұжымы Жітіқара қаласының «Танцевальная графикаға» бұйырыпты. Ал жүлделі бірінші орын Лисаковск қаласының «Халықтық» би ансамблі «Вдохновение» қанжығаларына байлаған.

Ал таяу арада І.Омаров атындағы қара шаңырақта белгілі жазушы Төлен Әбдіктің 75 жылдығына арналған әдеби-шығармашылық кеші өтті.

Кездесу кешіне танымал ақын-жазушылар, билік өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты. Шараны облыстық «Qostanai'» телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов жүргізіп отырды. Алдымен, облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев өңір басшысының құттықтау хатын оқып берді.

– Қаламыңыздан туған көркем шығармалар қазақ прозасын жаңа деңгейге көтерді, – делінген Архимед Мұхамбетовтің құттықтау хатында. – Сіздің әңгімелеріңіздің негізінде бірнеше фильм түсірілді, театр сахналарында спектакльдер қойылды. Көрермендердің ыстық ықыласына ие болу жазушының шын бақыты болса керек. Сіз адамгершілік қасиеттерді бәрінен биік қоясыз. Ізгілік пен зұлымдық, жақсылық пен жамандықтың аражігін ажыратып, оқырманға ой саласыз. Мерейтойыңызды туған жер төсінде қарсы алдыңыз. Бұл біз үшін ерекше мәртебе саналады.

Белгілі жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұхамедқали сахнаға көтеріліп, Төлен Әбдікұлының қазақ әдебиетіне қосқан үлесі туралы айтты.

– Әдебиеттің негізгі міндеті адам жанын ізгілендіру болса, мұны Төлен мүмкіндігінше орындады, – деп ағынан жарылды ол. – Әрине, кейбір қаламгерлер жақсы адам болуы мүмкін, бірақ шығармасы нашар болса қалай оны мақтауға болады? Мен әдебиетте нашар шығармаларды өтірік мақтай салатын біраз жігіттерді білемін. Ал шын мықтыны мойындау керек. Біздің Төлен сондай тұлғалардың қатарында. Себебі, оның шығармалары адамзатқа ортақ. Осындай кісімен дос болғанымды мақтан етемін.

Қостанай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин жазушының домбырашылар оркестрінде күйші болғанын айтты.

– Мен Төлен Әбдікұлын бірнеше жылдам бері танимын, – деп еске алды Кенжебек Үкіұлы. – Ол 20 жылға жуық уақыт мемлекеттік қызметті атқарды. Тәуелсіздікке қол жеткізген соң Елбасы бірінші сапарын Түркияға жасады. Үлкен делегация құрамында мен де болдым. Ал зиялы қауым өкілдерінің арасынан Төлен Әбдіков еріп барды. Сол кезде Төкең шертпе күйді ортамызға төгіп, бәрімізді тағы бір мәрте таңқалдырды.

Мұнан соң жазушының «Оралу», «Жат перзент», «Қонақтар» атты бірнеше шығармасында кездесетін Ақан серінің «Алтыбасары» орындалды. Төлен Әбдікұлы өзінің ән-күйге деген ынтасының жоғары екеніне тоқталды. Сондай-ақ, сөз арасында «Парасат майданы» повесінің ұзақ уақыт жазылғанын айтты.
 


– Бұл шығарманы 2002 жылы жаза бастадым, – дейді Төлен Әбдік. – Оған дейін ұзақ уақыт санамда жүрді. Бас-аяғы 3 айдың ішінде жазып бітірдім. Негізінде, көркем әдебиетте айтар пәлсапаң қанша терең болғанмен, көркемдік сипатқа түспесе, ол әдебиет емес. Әдебиетте философия жанайқайы мен азабы түрінде берілуі керек. Сонда ғана оқырманды сілкіндіре алады. Қазір ақыл-ой, көзқарас текетіресі, парасат майданы жүріп жатыр. Бұл адам баласына үлкен жауапкершілік жүктейді. Жер бетіндегі зұлымдықты жеңу үшін, адам өзімен өзі күресуі тиіс. Сондай-ақ, ізгілік те, зұлымдық та өзіңнің ішіңде. Адамның өзін өзі жеңуі ең ұлы жеңіс болмақ. Сонда ғана жер бетінде шынайы адами тіршілік орнауы мүмкін. Міне, «Парасат майданының» айтар ойы осы болды.

Жазушы қазіргі қазақ әдебиетінің дамуына кедергі келтіріп жатқан себептерге тоқталды.

– Мемтапсырыс деген шықты, – дейді қаламгер. – Үш мың дана кітап шықса, оның екі мың данасы кітапханаларға тарайды, қалғаны талан-таражға түседі. Автор күн көретін ақшасын үкіметтен алады. Бітті. Мәселенің бәр осыдан басталады. Әдебиеттегі алаяқтыққа келіп тірелеміз осы жерде. Кімде ақша бар – сонда кітап, атақ. Қаншама талант көлеңкеде қалып қойып жатыр. Біздің ұрпақты жоғарыда айтқан кеңестік принциптен құтқару мүмкін болмас. Жас ұрпаққа алаңдаймын. Кейбір жастарды білемін, билікті мақтап, кісі жағалап, кітап шығаруға асық. Әдебиеттегі ең жаманы – арзан ұпай алуға тырысу.

Басқосу қорытындысында Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов жерлес жазушыға ат мінгізіп, шапан жапты. Сондай-ақ, Төлен Әбдікұлына «Жанкелдин ауданының құрметті азаматы» белгісін тапсырды.

Ақбота САҚҰЛОВА

суреттерді түсірген автор

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев