Елі сүйген, елін сүйген – Елбасы!

30 ноября 2017 - Администратор
article15488.jpg

2011 жылы желтоқсан айында Парламент сенатының отырысында 1-ші желтоқсан Тұңғыш президент күні ретінде мерекелік күнтізбеге енгізілген болатын. Бүгінде аталмыш мерекені атап өтіп жатқанымызға алты жылдай уақыт болыпты. Осы жылдар аралығында Мемлекет басшысының ел үшін атқарған қызметі ерен. Сол себептен, дара қолбасшы жөнінде халқы қандай пікірде және оның қандай еңбегі естерінде қалғандары жөнінде ойларын біле алдық.

Ерлан Қойбағаров, Қостанай облысы прокурорының көмекшісі:

– Күнтізбеден орын алған мереке Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін барша ел болып атап өтпекпіз. Еліміз үшін бұл мерекенің жөні де, жобасы да бөлек. Тарих бүгіннен басталғанымен оның тамыры тереңде жататыны белгілі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген халықтың ыстық ықыласы, шынайы сүйіспеншілігі мен ерекше құрметі шексіз. Сол себепті халықтың қалауымен 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні болып белгіленді.

Күнтізбеге қызыл белгімен енген бұл күннің еліміз үшін орны бөлек. Себебі өзінің Әнұраны, Мемлекеттік рәміздері бар тәуелсіз еліміздің уығын қадап, шаңырағын көтеріп, іргесін бекіткен дара қолбасшының халық алдында, мемлекет алдында еңбегі орасан зор.

Кеңес Социалистік Республикалар Одағы күйреген шақта, жерінің тұтастығын сақтай отырып, елдің іргесін сөкпей, татулық пен бірлікті, достық пен сыйластықты ту етіп көтере отырып, тәуелсіздігі баянды, жасампаз Қазақстан мемлекетін құра білді. Күрмеуі көп қиын шақта, соқтықпалы – соқпақсыз кезде тыңнан түрен салып, өзіне сенім артқан жұртын ешқандай қантөгіссіз өркениетке жетелеген дамыған әлеуетті мемлекеттердің алдыңғы қатарына қоса білген Президенттің орны ерекше.

Демек, халық алдында осындай толағай тірлік атқарған Президент күнін жыл сайын атап өту қуаныш пен мәртебе, мемлекеттің іргетасын қалаған Тұңғыш Президентімізге ілтипат, сондай-ақ сыйластыққа, достыққа шақыру және береке-бірлікке жетелеу болмақ.

Несібелді Байтенова, зейнеткер:

– Барша ұлтты бауырына басқан бауырмал Қазақ халық біреуді артық, біреуді кем деп көрмеген. Татулық пен достықта тұруды ежелден серік еткен. Қазақстан – өз ұлты, халқы, діні, тілі, мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрі бар құдіретті ел. Қазаққа тән ата-бабаларымыздан қалған ар-намыс, жігер-қайрат, қайтпас қанат мұра ретінде келешек ұрпаққа дейін жеткен. Тарихқа үңіле отырып: «Кеше кім едік, бүгін кімбіз, ертең кім боламыз?» – деп ойлансақ бұл – туған елінің, халқының өткені мен келешегіне көз жіберген әрбір азаматтың жүрек түкпіріндегі сөзі. Қазақ елі тәуелсіз болса деген арман ұшқын шашса, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Қазақ елінің соңғы он тоғыз жыл тұтқасын ұстап, туын көтерген тұрлаулы да тұғырлы тұлғасы – тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен әлем мойындаған, жаһанға аты жеткен мемлекетке айналды. Ұлы даланың тағдыр-тарихын барлық дем тынысымен түсініп, елінің ендігі тарихын сол ұлылар рухында одан әрі жаңғырта, жасарта алып кететін ер, көзсіз батыр, тап-таза ар – намыстан жаралған қайтпас-қайсар қайраткер, елін басқарып, қос батырдың ісін істей алатындай ерекше тұлғаны тап басып таңдап, тағдырын қолына бергенінде жаза басып жаңылған жоқ еді.

Нұрсұлтан Әбішұлы – жер бетіне сөзін өткізіп, отырған бүгінгі заманның көрнекті саясаткері, Қазақстанның тәуелсіз мемлекетін құрудың басында тұрған, осы жолдағы не қилы тар жол, тайғақ кешуді халқымен бірге өтіп, қиыншылықтарын бөліскен, бүгінде әлем мойындап отырған жаңа мемлекетті қалыптастырған, оған жаңа Астана жасап, жаңа қала тұрғызған, қазіргі елді индустрияландырудың жаңа жобасын өмірге келтіріп, болашаққа бағыттап бара жатқан ұлы тұлға, төрт құбыланы түгендеп, кемел ойлы, кемеңгер ата-бабаларымыздың жолымен жүрген, қасиет дарыған қайраткер.

Жібек Тұрсын, студент:

– Президент боламын деген кісі ақылы мен қайратын, жігерін, ірі саясаткер талантымен, ел басқару ісіндегі мол тәжірибесімен ұштастыра отырып, елдің бірлігі, халықтың тыныштығы, мемлекеттің тәуелсіздігі мен қадір-қасиетінің артуы үшін еңбек етуі шарт. Нұрсұлтан Назарбаев бұл шарттардан мүдірмей өтті, ол елдің, мемлекеттің ақыл-ойын байытуға, абыройын асыруға, ар – ожданын ардақтауға қызмет етті және қызмет етіп келеді. Мәселен, Қазақстан Республикасы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сара басшылығымен демократиялық құндылықтарды құрметтеу, ашық қоғам құру, адам құқын қорғау мен сөз бостандығын өркениет өрісіне сай қамтамасыз ету салаларында ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға жетті. Еліміздің экономикасын көтеріп, халқымыздың әл-ауқатын арттыру, саяси реформалар жүргізіп, басқарудың тиімді тетіктерін қалыптастыру бағыттарында да қомақты шаруалар атқарылды. Республикамыз қазірге дейін бірқатар халықаралық ауқымды шараларға бастамашы болып үлгерді. Әлемдік, өңірлік деңгейдегі құрылымдарды өмірге әкелудің көш басында жүрді. Ел ішіндегі этносаралық татулық пен дінаралық келісім үдерістері өзгелерге үлгі етерліктей дәрежеге көтерілді. Сол себептен, мен дара қолбасшымыздың мерекесін ерекше атап өтуге тырысамын. Және де барша қазақстандықтарды осы айтулы күнмен құттықтаймын!

Дариға Жалмағамбетова, мұғалім:

– Елбасы егемендігіміздің алғашқы күнінен бастап, жатса-тұрса ойлайтыны да, айтатыны да көп ұлтты еліміздің тыныштығы мен бірлігін сақтап қалу болды. Халықты аштыққа, жалаңаштыққа ұрындырмай, қиын өткелден алып шығуының бірден-бір жолы – шет елдердің қаржысын Қазақстанның экономикасын өркендетуге жұмсау, өзіміздің теңгемізді тұрақтандыру, дамыған елдермен байланыс жасап, жер бетінде Қазақстан атты мемлекеттің барын таныту болды. өтпелі кезең қиыншылықты болғанмен, мемлекеттің алдындағы өзекті мәселелерде Елбасы бірден-бір баянды бағыт ұстанды. Мемлекеттің қоғамдық-саяси ахуалының тұрақтылығын қалыптастыруды бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті. Жаңа басқару жүйесі, оның басқарушы, бақылаушы және атқарушы органдары мен институттары құрылды.

Қазақ елінің территориялық тұтастығының, біртұтас мемлекеттігінің заңды негізі қаланды. Ел егемендігін алысымен, БҰҰ-ға мүше етіп енгізді. Қазақстан осы күннен бастап және жер жүзіндегі жүзден астам ел таныған Егемен ел болды. Президентіміздің ел тәуелсіздігінен кейін ең бір батыл, шешімі – астананы Ақмолаға көшіруі. Қайда жүрсе де, кіндік кесіп, кір жуған туған жерін ойлаған азамат оның ертеңгі өмірін де қамдап ойлайды. Астананы Алатаудың бауырынан Арқаға ауыстыру оңайға түскен жоқ. Арқа төсіне қоныс аударған Елордаға бақ пен дәулет тілеген Елбасы: «Бұл болашағымызға керек, қызығын келер ұрпақтар көреді»,– деген болатын. «өзіңмен қазағымның бағы ашылды, Туғызған ел едік қой сан асылды. Ақмоланы Астанаға ауыстырып, Аты қандай бүгінгі жарасымды!», – деген ақын жырларында Елбасы шешімінің дұрыстығы паш етілді. Сондықтан, егемен Қазақстан азаматтары үшін Астана – еліміздің өміріндегі жаңа дәуір белгісі. Тарихи тәлімнен сабақ ала білген Елбасының даналығында да өткенмен сабақтастық тұнып тұр. Сондағы жылдан соң қолымыз жеткен азаттықты, тәуелсіздікті аласала, Сарыарқа төрінен ұлттығымызға ұлы шаңырақ көтеру – тұңғыш Президентіміздің кемеңгерлігі, көрегендігі. Міне, осының барлығы айтуға ғана оңай, атқарылуы нар түйенің жүгіндей ауыр жұмыстар екенін айтпаса да түсінікті.

«Нұр жауар хақтан рахман иманды ерге» дегендей, еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері Президентіміз өзінің туған елін сара жолмен абыройлы бастап келеді. Бұл жолда Елбасы қаншалықты абыройлы болса, халқы да оны құрметтеп, сыйлаумен келе жатқаны баршаға аян. Жеке өз басым Нұрсұлтан Әбішұлының қазақты, Қазақ елін жер планетасының бергі бетінен арғы бетіне дейін түгелге жуық таныстырып үлгергеніне қатты ризашылық білдіремін. Біздің Президентімізді дүние жүзі таниды және оны өз бауырындай, досындай, ақылшысындай, тіпті өздерінің басшысындай көретінін мақтан тұтамын. Бұл жолда қойдай қоңыр халқыңды от пен суға түсірмей алға бастай бер, Елбасы, Астанаңның діңгегі мықты, мәртебесі биік болғай!

Ақбота САҚҰЛОВА

суреттер ғаламтордан алынды

comments powered by HyperComments

Агроспецтехника

Агроспецбаннер

 

 

Видео

 

 

Комментарии