Жайылым – жылқыға, саба – саумалға толы

20 ноября 2015 - Веб-редактор
article8509.jpg

Көңіл қуантар бір жаңалық, Қостанай облысында соңғы үш жылда жылқы саны 25 пайызға өсіп, 110 мыңнан асқан. Сондай-ақ, өңір шаруалары «Құлан» бағдарламасында белгіленген жоспарды 114 пайызға асыра орындаған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары ұсынған мәліметтер осылай сөйлейді. Бұл Тобыл-Торғай атырабында Қамбар ата түлігінің саны ғана емес, сапасы да арта түскенін көрсетеді.


Таңдау – көшім тұқымы

Қостанайлықтар қылқұйрықтың қай түрін қолай көреді, «Құланды» қаншалықты тиімді игерді? Бағдарламаның басты жеңілдігі қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында Меңдіқара ауданы Камен-Орал ауылындағы шаруашылыққа ат басын бұрған едік. Өйткені, мұндағы серіктестік биыл «асылтұқымды мал өсіретін шаруашылық» мәртебесіне ие болды. Жоба осы саладағы алғашқы қарлығаш.


Камен-Орал серіктестігі жылқы өсіруді 2001 жылы қолға алды. Ең алғаш он үш бас сатып әкелді. Шаруашылық басшылығы бірден асылтұқымды түлік өсіру керек деп шешті. Бәрін саралай келе, таңдау асылтұқымды көшім жылқысына түсті. Көшім тұқымының айғырлары орташа есеппен 600 келі, биелері 520 келі салмақ басады. Генетикалық әлеуеті 750 келіге дейін.


– Ең басты ерекшелігі арқаның табиғатына төзімді. Аптапты ыстық пен ақ түтек боран, сарышұнақ аязды елең қылмайды. Жыл он екі ай жайылымда. Сондықтан жем-шөп дайындаудың қажеті жоқ. Қоңды да тез арада жинайды. Бұл экономикалық жағынан тиімді. Өзге етті тұқымды малдардай емес, қазы беруі де жақсы, – дейді шаруашылықтың зоотехнигі Төлеген Асанов.
Төлеген Оразалыұлы жылқы туралы талмай әңгімелеуге бар.


– Жарықтық, қасиетті түлік қой. Асылтұқым болғанмен, арғы тегі қазақы жылқы емес пе, табиғи инстингі жойылмаған. Тебінді де үнемдеп пайдаланады. Бір тіс қадаған жерінен тәу-лік бойы қорегін айыруға бар. Мысалы, өзге етті тұқымдар қанша жем-шөп жесе, сонша тезек тастайды. Ал, біздің жылқылар шөп-тің бар сөлін сығып алады. Ас қорытуы, сіңіруі таңғалдырмай қоймайды. Айғырлары үйірін керемет қорғайды. Кейбір есті айғырлар күн бұзыла бастаса бітті-ақ, үйірді ыққа, орман арасына апарып өзі-ақ тығып тастайды. Ашықта өріске өзі-ақ айдап шығады. Қасына бөтен адамды тақатпайды. Мініске шыдамды. Сүт беруі де жақсы, – деп тамсана әңгімелейді ол.


Қымызы бал татыған


Камен-Орал шаруашылығы тек ет бағытында ғана емес, қымыз өндірісін де жолға қойған. Былтыр алпыс бие байлап, сауын маусымында 15 мың литр қымыз өндірді. Алпыс биенің жиырма шақтысы байтал. Олардың сүті азырақ, десек те, үйрету үшін байлапты.


Қымыздың негізгі тұтынушысы жергілікті санатория. Қымыздың құрт ауруына дәру екені ғасырлар бұрын дәлелденген ғой. Сол үшін де туберкулез ауруына шалдыққан науқастар ем алатын нысан шаруашылықпен арнайы келісім-шарт жасасқан. Әр литрі 400 теңге.


Есесіне, мемлекет тарапынан литріне 60 теңгеден қымыз өткізгені үшін субсидия алады. Артылғанын облыс орталығындағы сауда желілеріне тасымалдайды. Қымыз «Жайлау» сауда маркасымен арнайы бөтелкелерге құйылады. Дәстүрлі жолмен ашытылған, табиғи, дәмі тіл үйіретін ұлттық сусынды тұрақты тұтынушылары ем үшін алады екен.


Серіктестік алдағы жылы 100 бие байлап, қымыз өндірісін арттыруды жоспарлап отыр.


Шаруашылық өңірге серпін бермек


Шаруашылықтың жоспары орасан. Биыл «Құлан» бағдарламасына қатысып, пайдасына әбден көз жеткізген көшім тұқымынан 200 бас байтал, 29 бас айғыр сатып алды. Бүгінде жылқы саны алты жүзден асты. Қазір серіктестікте қырық адам тұрақты жұмыс істейді. Маусым кезінде жетпіске дейін көбейеді.


– «Құланның» тиімділігі көп. Несие пайызы төмен. Он жылға береді. Екі жыл демалысы тағы бар. Мемлекеттің қолдауы еркін қимылдауға мүмкіндік береді. Оның үстіне бір асылтұқымды шаруашылық мәртебесін алдық. Келер жылы түлікті төлден сата бастаймыз. Бұл өңір үшін өте тиімді. Өйткені, жылқы сатып алу үшін сонау Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына барып қажеті жоқ. Бізден алса болады, – дейді ЖШС басшы-сы Өскелең Мұратов.


Камен-Оралдың Көшім жылқысын бағуға әбден машықтанғанын осы саладағы ғалымдар да мойындап отыр.


– Жылдан жылға өнімділікті арттырып келеді. Жылқылар әбден жерсінген. Сапалы, өнім беру көрсеткіші жоғары түліктерді таңдап қосу арқылы жетіс-тіктерге қол жеткізіп отыр, – деп баға береді Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибелік стансасының жетекші маманы Толыбек Рзабаев. Айта кету керек, ол қазақ жылқы шаруашылығында аты аңыз тұлға, «көшім» мен «мұғалжар» сынды екі бірдей асылтұқымды шығаруға тер төккен ғалым Серікбай Рзабаевтың бел баласы. Елімізде атакәсіпті алға сүйреп жүрген айтулы мамандардың бірі.


«Құлан» тұяққа тұяқ қосты


Өткен 2014 жылы қостанайлықтар «Құлан» бойынша межеленген жоспарды еңсере алмады. Есесіне биыл айрықша белсенділік танытты.


– Осы жылы министрлік тарапынан екі мың бас жылқы алу керек болса, бүгінге дейін 2272 бас бие, 250 елу айғыр сатып әкелінді. Бұл қарқын алдағы жылы да жалғасады деп сенеміз. Өңірде жылқы өсіріп отырған елуден астам шаруашылық болса, соның 47-сі «Құлан» бағдарламасына қатысты. Осыдан үш жыл бұрын облыста Қамбар ата түлігінің қарасы 92-95 мың шамасында болса, ол қазір 110 мыңнан асты, – дейді Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Әлімжан Жүсіпов.


Ат десе арқасы қозған халықпыз... Жалпы, Қостанай облысы қылқұйрықтарымен қалай мақтанса да жарасады. «Қазақ тұлпары» жылқы зауыты спорттық бағыттағы қазанат тұқымын шығарумен шұғылдануда. Қазақ қазанаты жүйріктігі, жылдамдығы, төзімділігі жағынан әлемдегі ең үздік тұлпар болу керек деген мақсат қойып отыр олар. Белгілі бір тұқым шығару үшін кемі 30-40 жыл қажет. Енді бір ширек ғасырда «Қазақ тұлпары» әлемді дүбірлетеді деген сенім бар. Тіпті, шаруашылық мақсаттағы көшім жылқысының өзі жүйріктік жағынан ешкімнен кем түспейді. Дұрыстап жарата білсе, 16 шақырымға дейін Араб тазақандысымен бәсекелесе алады екен. Ал, төзімділігі еріксіз таңдай қақтырады. Әлемнің қай құрлығына апарсаңыз да қазақ жылқысы өмір сүріп кете береді. Якут жеріне апарылған Мұғалжар тұқымы ол жақта тебіндеп қорегін айырып, жылдам бейімделіп кеткен екен бір кездері. Жылқы мінезді халықпыз дейміз. Төзімділік те бізге осы киелі түліктен жұққан-ау.


Абылай МАУДАНОВ

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев