Экспортқа 7 млн

13 ноября 2015 - Веб-редактор

Биыл да күн райы былтырғыдай диқандар үшін өте қолайсыз болды. Бірақ олардың жағдайын мемлекет ұмыт қалдырып жатқан жоқ.

 


Иә, табиғаттың тарпаң мінезіне дейміз бе, әлде әуресіне дейміз бе, мемлекет қолдауы қарсы тұра алды. Үлкен көмекті біздің өңірдегі диқандар да жақсы сезінді. Экономикадағы басым бағыттың даму барысын Елбасының өзі үнемі назарда ұстап отыр. Жақында Ақмола облысында солтүстік өңірлердің облыс әкімдерімен өткен кездесуінде президент соңғы бес жылда Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына 135 млрд теңге субсидия бөлінгенін, лизинг арқылы 3,5 мың техника алынғанын атап өтті.


Бүгінде ресми дереккөздері күзгі науқанның аяқталғанынан хабардар етті. Алайда, жекелеген алқаптарда әлі де жиналмаған егін жатыр. Оған басты кедергі ауа райы.


Үш өңірдің үздігі Солтүстік Қазақстан облысы болып тұр, 5,5 млн тонна көлемінде астық бастырды. Ақмола мен Қостанай диқандары шамамен 4,5 млн тоннадан жинаған.
Еліміз бойынша егін жинау науқаны мәресіне жетіп қалды. Мамандар өткен жылғымен салыстырғанда нанымызды жаман емес деп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі 20 млн тоннадан артық астық жиналғанын жариялады. Түсімі – гектарына 13 центнерден жоғары. Егер осы сандарға жүгінетін болсақ, биылғы болжам толығымен орындалып отыр деген сөз.


Ауыл шаруашылығы ми-нистрі Асылжан Мамытбеков жиын-терім басталмай тұрып-ақ, биыл 7 млн тоннадай астық экспортқа жіберілетінін айтқан. «Экспорт географиясын кеңейтуді жоспарлап отырған жоқпыз. Бұрынғы дәстүрлі нарық сол қалпында қала бермек», – деген сала тізгінін ұстаған министр.


Мәжілістің аграрлық мәселелер жөніндегі комитеті төрағасы Ромин Мадинов-тың мәліметінше, еліміздегі ішкі нарықта астықты тұтыну мөлшері жылына 8 млн тонна. Сондай-ақ бізден 6 млн тоннадай өнімді (бидай, ұн) Орталық Азия елдері сатып алады екен. Бұл бағыттағы басты серіктестеріміз – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан.


Ауыл шаруашылығы деректерінде көрсетілгендей, Қазақстан 2014-2015 жылдары 6,6 млн тонна астық экспорттаған.


Аслан ҚАНҒОЖИН

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео