Тоғыз айдың толымды істері

13 ноября 2015 - Веб-редактор
article8445.jpg

Шаруалар «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары арқылы осы жылы 172 мың бас мал сатып алған. Мұны ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.


Қазір барлық сала жыл бойы атқарған жұмыстарын саралауда. Біз сөз еткелі отырған ауыл шаруашылығы саласы да өткен тоғыз айға бір үңіліп шықты. Осы уақыт аралығында 1866,4 млрд теңгенің өнімі шығарылған екен. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 3,1% есеге көп. Бұған өсімдік шаруашылығындағы өнім өндірісінің көлемінің 3,1%-ға, еттің барлық түрінің – 2,5%-ға, сиыр сүтінің – 2,4%-ға, тауық жұмыртқасының – 11,8%-ға өсуі сеп болған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарламасында ұйымдасқан шаруашылықтарда мал басының саны арта түскенін де жазды. «Сонымен, жылқы саны 2 132,5 мың бас, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8,1%-ға жоғары. ІҚМ – 6 649,8 мың бас (2,6%-ға артық), қой және ешкі 20 556,3 мың бас (0,9%-ға артық), құс – 38 479,8 мың бас (5,2%-ға артық)», – делінген хабарламада.


Бүгінде саланы мемлекеттің қолдауы орасан. Мәселен, фермерлік шаруашылықтарды субсидиялауға 2015 жылы 52,7 млрд теңге бөлінген, көрсеткіш өткен жылғыдан 30%-ға артық. «ҚазАгро» АҚ арқылы «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларына белсене қатысқан шаруаларға несиелер берілді. Тоғыз айдың ішінде 75 мың ірі қара, 25,2 мың бас жылқы, 72 мың бас қой сатып алынды. Асыл тұқымды ірі қара саны 722 мыңға жеткен. Бұл көрсеткіш жалпы ірі қара басының 22%-ы.


Қаңтар-қыркүйек айларында ет экспорты 9,6 мың тоннаны құраған. Көктемде 18,5 млн гектар алқапқа дән себілген, 5 қарашаға дейін оның 15,3 млн гектарынан дәнді дақылдар жиналды. Сәйкесінше, 19 959,4 мың тонна бастырылған. Баспасөз қызметі мәлім еткендей, дәнді дақылдардың алқабы (651,2 мыңға – 5,4%) қысқартылып, есесіне азықтық дақылдар, сондай-ақ күріш, жүгері, сұлы, қант қызылшасы, бұршақты дәнді дақылдар алқаптары көбейтілген.


Егін шаруашылығын субсидиялау көлемі соңғы бес жыл ішінде 2,6 есеге, мал шаруашылығы – 2,1 есеге ұлғайған болса, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің өсімі тек 1,75 есеге артқан. Министрлік гектарға бөлінетін және мал шаруашылығындағы өнімділікті жоғарлатуға бағытталған субсидияларды тиімсіз деп отыр. Жарияланымда жазылғандай, ұсақ шаруашылықтар саланың тиімді өндірісіне кедергі келтіреді. Сондықтан кооперация құру арқылы шаруашылықтарды ірілендіру көзделуде. Ол үшін арнайы заң да қабылданған. Биыл 29 қазанында сол қолданыстағы фермерлердің кооперациясы туралы заңнамалық актілерге өзгертулер мен қосымшалар енгізілді. Онда тосқауылдарды жою және саланың тиімділігін арттыру үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен субсидиялау жүйесін өзгертуі туралы шешім қабылданды. Яғни, егін шаруашылығындағы кейбір қолдаулар бұрынғыдай аста-төк емес, белгілі көлемде ғана үлестірілмек. «Оның орнына инвестициялық субсидия, егін шаруашылығындағы сақтандыру, сыйақы пайызын, қосымша құн салығын, ғылыми ұйымдардың қызметіне кеткен бизнес қауымдастықтарының шығындарын субсидиялау, фитосанитарлық қызметтерді нығайту тәрізді субсидиялар енгізіледі», – деп жазылған хабарламада.


Есен САБЫР,
АШМ баспасөз қызметі ақпары бойынша

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео