Әділ бәсекелестік үшін

12 ноября 2015 - Веб-редактор
article8436.jpg

Келер жылдан бастап, елімізде нан бағасын нарық реттейді. Бірақ ҚР Үкіметі әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарды тиісті көмектен құр қалдырмаймыз деп отыр.


Бүгінде нан бағасын тұрақты ұстап тұру үшін мем­ле­кеттік бюджеттен арнайы субсидия қаралған. Былтырдан бері есептегеннің өзінде, бұл бағытқа бюджеттен берілген қаржы 17 млрд теңгеге жуықтайды. Субсидиялау жүйесі саладағы бә­се­ке­лестікті тежеп тұр дегенді айтады Үкіметтегілер. Себебі, демеу-қаржыны ірі кәсіп­орындар ғана бөліп алып жатыр. Бірақ өндірісті өркендетудегі жү-рістері баяу. Сөйтіп, жақында ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуінде Ауыл шаруашылығы мин­ис­трлігінің жауапты хатшысы Арман Евниев нан баға­сын жасанды ұстап тұру тиім­сіз екенін мәлімдеді.


– Меніңше, бәсе­келестік көп болса, бағаның төмен­деуі де ғажап емес. Саланы бәсекелестік құтқарады. Біз кәсіпкер­лерге қолдау көрсетуіміз қажет. Бидай өндіруде әлемде жетінші орында тұрмыз. Бірақ бәрібір Еуропадағыдай нанның түр-түрін өндіре алмай жат­қа­ны­мыз шындық, – деген еді Арман Евниев.


Астық өнді­ру­шілер қауымдастығы шешімді қол­даған көрінеді. «Нан ба­ғасын еркін айналымға жіберсек, саланың жаңа тынысы ашылады. Инвес­ти­ция тартуға, жоғары техноло­гия­ларды енгізуге, өнім түрлерін арт­тыруға көмегі тиеді», – дегенді айтыпты Қазақ-станның астық және нан өнді­ру­шілері одағының президенті Ев­гений Ган.


Нан бағасын ұстап тұру кеңестік кезеңнен бері жалғасып келе жатқан үрдіс. Мамандар сөзі енді нарықтың заңын өзгерте алмаймыз дегенге саяды.


Статистика департаментінің деректерін қарасақ, Қазақстанда кейінгі кездері жаһандық дағдарысқа байланысты тамақ өнімдерінің кейбірі қымбаттаған. Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуге шешім қабылдауына бір себеп осы. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қолданыстағы заңда өтемақы төлеу тетіктерін қайта қарастырмақ. Егер нан бағасы қымбаттаса, онда ең төменгі күнкөріс деңгейін кезекті мәрте сүзгіден өткізген абзал, яғни жәрдемақы мөлшері көбейтіледі. Әр қазақстандық ай сайын нанға шамамен 76 теңге жұмсайды. Бір жылда 45 келі нан жейді екен. Яғни, халық­тың ең төменгі күнкөріс деңгейі бір күнгі нан үшін төленетін ақшамен өлшенеді. Әлеуметтік көмек мөлшерінің аз болу себебін осыдан-ақ түсіне беріңіз.


Нан өнімдерін субсидиялауды тоқтатуға Үкімет бірте-бірте келді. Мысалы, 2008 жылы бидайдың тоннасы 42 мың теңге кезінде 600 грамм салмағымен бірінші сұрыпты ұннан жасалған нанның өзіндік құны 47 теңге болатын. 2015 жылдың қазанынан бастап, нанды субсидиялау көлемі тағы 2,5 мың теңгеге қысқартылды. Жоғарыда айтқанымыздай, 2016 жылдың қаңтар айынан бастап бұл жүйе нарықтық жағдайға ауыстырылады.


Барлық наубайханаларға нан бағасын көтеруге мүмкіндік бері-ліп отыр. Алайда, көптеген облыстар бұл мүмкіндікті пайдаланбаған. Кәсіпкерлер мәселенің өте орынды екенін, нан бағасын көтеру кәсіпкерлікке көмектесіп қана қоймай, ас атасының қадір-қасиетін түсінуге де септігін тигізетінін айтуда. Өйткені, бүгінде нан бағасының арзан болуы салдарынан қаншама кәсіпорындардың өндірісі тұралап, кейбіреулер тіпті, жабылуға шақ қалған. Бұдан үш жыл бұрын субсидияға қатысты меморандумға 30 кәсіпорын қол қойса, одан кейінгі жылы 14-ке, ал биыл бар болғаны 12 кәсіп-орынға азайған. Бұл дегеніміз, субсидиялаудың тиімсіздігін, ал одан кәсіпорындардың өндірістік қуаты азаймаса, көбеймегендігін аңғартады. Наубайханалардың дені шағын және орта кәсіпкерлік санатына жатады. Ал, оларды ірі кәсіпорындармен субсидияға таластыру әділ бәсекелестік емес екенін тағы бір айта кеткеніміз артық болмас.


Рахман ЖАҚСЫЛЫҚ

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео