Еңбегі – ел игілігі үшін

29 октября 2015 - Веб-редактор
article8276.jpg

Хамит Шакин: «Өнімділігі төмен мың бас ұстау мен асылтұқымды 300 бас баққанның пайдасы бір»

 

Ауыл шаруашылығының егіз саласы – егіншілік пен мал шаруашылығын қатар алып жүрген кәсіпкер Хамит Шакин есімі бұл күндері Арқалық – Торғай аймағында кеңінен танымал. Азаматты биік тұғырдан танытқан жаңашыл бастамалары мен қайырымды істері. Хамит Қарағұлұлы қай кәсіпті болмасын ұтқыр әрі ұтымды ұйымдастыра біледі. Сонысымен де әрқашан алда. Көпсөзділікті, артық дабыраны ұнатпайды. Өндірісте өнімділікті арттырып, уақытты үнемдеп, бәсекеге қабілетті болуға ұмтылған шаруалар үшін ол басқаратын «Бикен» шаруа қожалығының тәжірибесін үлгі еткің келіп-ақ тұрады.

 

«Сыбағаның» тиімділігі


Арқалық қаласы маңында егін шаруашылығымен айналысатын азамат ата кәсіп мал өсіруді де ойлап жүретін. Бірақ, егінді аймақта жайылым тапшы. Тұяққа тұяқ қоса алмайсың. Сол үшін де Жангелдин ауданы, Аралбай селолық округінен жер алды. Сөйтіп, Табылды қонысын түлікке толтыра бастады. Өндірісі жоқ, егін көлемі аз ауданда жаңа жұмыс орындарын ашты. Бұл 2005 жылы болатын.


Алайда, жергілікті ірі қара тұқымының ет берудегі көрсеткіші шаруа басшысының көңілінен шыға қоймады. Салмақ баспайды. Қайтпек керек? Ойласа келе, асылтұқымды шаруа қожалықтарынан бұқа әкеліп қосып, табындарының сапасын көтере бастады. Десек те, қолдау болмағаннан кейін бастама қалтаға қиын тиді.


2011 жылы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы басталғанда Хамит Шакин Жангелдин ауданы бойынша бірінші болып қатысты. Мүлкін кепілге қойып, 40 млн теңге несиеге қол жеткізді. Оған 225 бас аналық ірі қара сатып алды. Бұл табындарға қазақтың ақ бас сиырының бұқаларын қосты.


– «Сыбағаның» тиімділігі Үкімет тарапынан асылтұқымды бұқа сатып алғаның үшін де, мал сапасын арттырғаның үшін де демеуқаржы бөледі. Мемлекеттің көрсетіп отырған қолдауын шаруалар пайдалануы керек. Жәрдемнің бәрі халық игілігі үшін жасалып жатыр. Оның үстіне ет экспортында Елбасы қойып отырған міндет те орасан. Оған бәріміз үлес қосуымыз керек, – деп ағынан ақтарылады кәсіпкер.


Мал тұқымын асылдандыру көп еңбекті қажет етеді. Әкелген бұқаларды есептеп қосу, әр табынның екі жыл сайын аталықтарын ауыстырып отыру, генетикалық жағынан жақын жануарлардың будандасып қоймауын қадағалап жүру оңай шаруа емес. Бәріне тыңғылықты еңбек, нақты есеп, табандылық керек. Хамит Қарағұлұлы кейбір шаруалар тәрізді «субсидия алдым, сонымен есебім түгел» деп шалқайып жатпады. Бейнеттің зейнеті – оның шаруашылығында ет берудегі өнімділігі асылтұқымды ақ бас сиырға жете-қаба болып қалған тана-торпақ көптеп ұшырасады. Ал, кәсіпкер алдыға қойған мақсат – табынын түгелдей асылдандырып, асылтұқымды фермаға айналу.


Қолдан ұрықтандыруды қолға алды


«Өнімділігі төмен мың бас ұстау мен асылтұқымды 300 бас баққанның пайдасы бір» дейді есеп-қисапқа жетік басшы. Салыстырып қарасаң, екі тұқымға да шығын бірдей кетеді. Ал, алатын өнім жермен көктей. Мысалы, асылданбаған ірі қара бір жарым жыл баққанда 120-130 келі ет берсе, будандасқан төл сол уақытта 160-180, кейде 200 келі басады. Ал, түгел асылтұқымның одан да еселеп ет беретіні түсінікті. Сол үшін де Хамит Қарағұлұлы тың бастаманы қолға алды. Жаңашыл басшы енді сиырларына эмбрион салдыруға ресейліктермен келісім жасасты. Ол қысқа уақытта аз қаржымен жоғары жетістікке жетуге мүмкіндік береді. Шаруашылық әлемге әйгілі герефорд тұқымын таңдап отыр. Оның ауа райын талғай бермейтіндігі, жылдам өсіп, тез өнім беретіндігі, жуастығы қызығушылық тудырған.


Жақында Оңтүстік Урал аграрлық университетінің Троицкідегі ғылыми орталығының мамандары келіп, алғашқы тәжірибе ретінде үш бас қашарға эмбрион салып кетті. Оның қолдан ұрықтандырудан айырмашылығы – бұзау таза асылтұқымды болып туады. Яғни, төлдің генетикасына енесінің қатысы жоқ. Ресейлік мамандар енді бір-екі айдан соң қайта келіп, уақыты толысқан қашарлардың бәріне эмбрион салмақ.


Бұған дейін герефорд тұқымы Америкадан, Австралиядан әкелінетін. Оның бағасы қымбатқа түсетіні белгілі.


– Біздің шартымыз шаруашылықтар үшін өте тиімді. Әр эмбрион 45-50 мың теңге. Оны өзіміз әкеп саламыз. Әрі біз қаражатты істелген жұмыс үшін емес, туған бұзау үшін аламыз, – дейді ресейлік ғалым Павел Бурков. Демек, төлдің аман-есен өрбуіне олар мүдделі.


– Мен жүз басқа дейін салдыртуға келісіп отырмын. Бұл әрине, табиғи жолмен қашқаннан гөрі тәуекелі көп шаруа. Эмбрионның тең жартысы, кейде одан да көбі түсіп қалуы да мүмкін. Бірақ, тәуекел етпесек, уақыттан ұтыламыз. Торғай өңірі үшін асылтұқымды сиыр фермасы ауадай қажет, – дейді Хамит Шакин.


Жангелдин аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Қайсар Ысқақовтың айтуынша, аудан көлемінде 40 шаруа қожалығы мал тұқымын асылдандыруға ден қойған екен. Соның жиырмасы «Сыбаға» бағдарламасына қатысқандар. Жердің шалғайлығы кейде шаруаларға бір-екі бұқа үшін 600-700 шақырым қашық фермаларға баруына тура келеді. Ал, тап сондай шаруашылық іргеден ашылса, ол өңір үшін үлкен пайдасын тигізбек. Өйткені, асылтұқымды ферма Амангелді, Арқалық көлемінде жоқ. Торғайдың тірегі әуелден мал шаруашылығы екені белгілі. Демек, «Бикен» шаруа қожалығының бұл тәуекелі тұтас Торғайдың қамын ойлағандық деп түсінуіміз керек. Қазір шаруашылықта мың бастан астам қой-ешкі, 450 бас ірі-қара, 200-дей жылқы бар. Оның үстіне, Арқалық аумағында 1,5 мың гектарға тұқым себеді.


Комбинат іргетасы қалануда


Хамит Шакиннің тағы бір ерлігі – Торғай аймағы үшін көптен арман болып жүрген ет комбинатының құрылысын өз қаражатымен бастап кетуі. Нысан бұрынғы облыс үшін орталық Арқалық қаласынан салынып жатыр. Жобалық-сметалық құжаттары жасалып, бүгінде іргетасын қалануда. Келер жылы іске қосу жоспарда.


Хамит Қарағұлұлы ет комбинатын салу арқылы ет өндірісін өркениетті жолға қойып, өңірде мал бағасын тұрақтандыруды көздейді. Ол үшін комбинат жанынан бордақылау алаңын ашпақ. Жаңа нысанның қуаттылығы күніне 5 тонна ет деп жоспарланып отыр. Тек ғана ет сойып тапсырумен шектелмей, оны өңдеу мәселесі де қарастырылуда. Жаңашыл да батыл азаматтың бұл бастамасына Арқалық қаласы әкімі қолдау білдіріп отыр. Өйткені, оның өңір үшін пайдасы шаш-етектен. Қазір аймақтағы тұрғындардың түлігі делдалдарға мардымсыз бағаға сатылып жатқаны жасырын емес. Ал, бордақылау алаңына олар малдарын кез келген уақытта өткізе алатын болады.


Осынша іргелі істерді үндемей-ақ тындырып жүрген Хамит Қарағұлұлы тек іскер басшы ғана емес, иманды, қайырымды азамат. Оның демеушілігімен Жангелдин ауданы, Көкалат ауылында көркем мешіт бой көтерді. Оған дін жолында өлшеусіз мехнат шеккен қайраткер Таласбай молда есімі берілді. Ғимарат бүгінде ауыл ажарын ашып, елдің имандылық ордасына айналған. Кейіпкеріміздің қол ұшын созуымен мешіт имамы Асылхан Қозыбайұлы Меккеге барып, қажылық парызын өтеп қайтты. Ағайынның ас-тойына да қолы ашық кәсіпкер жақсылығын жариялауға ынталы емес.


Бұл да бүгінгі кейіпкеріміздің көпке үлгі боларлық бір қыры!


Абылай МАУДАНОВ
Қостанай – Торғай – Қостанай

 

comments powered by HyperComments

70_let_pobedi

 

Гвозди

Комментарии

 

Видео