«Құланның» желісі жақсы

29 октября 2015 - Веб-редактор
article8289.jpg

Қостанай облысында соңғы бес жылда мал шаруашылығы бағытында алпыстан астам инвестициялық жоба іске қосылған.


Өңірдегі мал шаруашылығының қарқыны жаман емес. Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, кейінгі бес жылда 34,1 млрд теңгеге 61 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Екі мыңнан артық жаңа жұмыс орындары құрылды. Алты мың сауын сиырға арналған 13 сүтті-тауарлы фермалары, 28 мың бас сыйып кететін 27 бордақылау алаңдары, 15 асыл тұқымды репродуктор-шаруашылық салынды. Мал шаруашылығы секторында ет өндіру 29%, сүт – 20%, жұмыртқа – 60% құрады.


Өңірдегі бордақылау алаңдары мен репродуктор-шаруашылықтар саны көбейген сайын, олардағы мал басы да жылма-жыл молайып келеді. Мысалы, 2010 жылы 398 шаруашылықта 85 мың ірі қара болса, қазір 946 қожалықта 178 мың бас бар. Басқаша айтқанда, аймақтағы ірі қараның 40%-ы соларда.


Бүгінде саланың серпін алуына маңызды бағдарламалар айтарлықтай атсалысып отыр. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасының арқасында көптеген ұсақ және орта шаруашылықтар зор мүмкіндіктерге ие болды. Мал тұқымын асылдандыруға арналған бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері біздің облыс 18,9 мың ірі қара сатып алған. Министрліктің берген жоспары – 21,8 мың. Бұл бағытқа 3,9 млрд теңге инвестициялық қаражат бағытталған. 2011 жылы 63 шаруашылық 3 187 бас сатып алса, ең жоғары көрсеткіш өткен жылдың еншісінде: 88 кәсіпорын – 5 039 бас.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы «Сыбаға» бағдарламасын белсенді жүзеге асырып жатқан өңірлерді атай келіп, сылбыр аудан-қалаларды сынға алған еді. Тиісінше, Әулиекөл, Науырзым, Федоров, Қарасу, Амангелді, Таран, Қарабалық аудандары мақтау естісе, Ұзынкөл, Сарыкөл, Алтынсарин, Қостанай және Қамысты аудандарында бұл бағдараламаның екпіні баяу. Алайда, Қостанай аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі мамандары бұл олқылықтың орны толады деп отыр.


– «Сыбаға» бағдарламасы арқылы биылға 204 бас сатып алу көзделген. Біздің аудан бұл жоспарды жыл соңына қарай артығымен орындауы тиіс. Қазірге дейін 18 бас әкелінді. Жақында «Аграрлық несие корпорациясы» ұйымы 1101 бас сатып алу туралы өтінішті қабылдады. Бағдарлама шартына сай, отыз сиырға бір асыл тұқымды бұқадан болу керек. Яғни, шамамен тағы 37 бас бұқа сатып алады. Солайша, облыстан берілген тапсырманы асыра орындамақпыз, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бас маманы Григорий Кузьменко.
Жылқы шаруашылығын өркендетуге арналған «Құлан» бағдарламасының талаптары «Сыбағаға» ұқсайды. Несиені жеті пайызбен он жылға алып, 15 биеге бір айғырдан келу қағидасын ескерсеңіз, қаржыңызды мақсатына жұмсасаңыз болды. Салымшы алғашқы төлемдерін тек екі жылдан кейін төлейді. Облыс шаруалары «Құлан» арқылы екі мың жылқы сатып алуы керек болатын. Бұл бағдарлама асыра орындалды (111%). Бүгінде бағдарлама бойынша әкелінген 2 217 қылқұйрықты өрісте жүр. Жылқы өсіруге әсіресе Амангелді, Әулиекөл, Қамысты, Жангелдин, Науырзым, Жітіқара аудандары мен Арқалық қаласының жері қолайлы. Әйткенмен, Қостанай ауданы шаруалары да бағдарламаға үлкен үмітпен қатысуда. Ынтаның жоғары болғаны сондай, облыс белгілеген меже жеті-сегіз есе артығымен орындалды. Егінге мән берген ауданда жайылым жетіспейді деді ме, Қостанай ауданына небәрі 70 жылқы сатып алу міндеттелген. Бірақ, бүгінде 543 бас жылқы сатып алынды.


Мемлекет «Алтын асық» бағдарламасымен қой шаруашылығын дамытпақ. Бұл бағытта үлестірілетін несиелердің жылдық мөлшерлемесі – 14 пайыз (жеті жылға дейін). Берілген қаражатқа қойлар мен асыл тұқымды қой тұқымдарын, қошқарлар сатып алу керек. Яғни отыз бас қойға бір қошқардан алу талап етіледі. Көл-көсір өнім беретін түлік шаруашылығын дамытуды көздейтін бағдарламаға жерлестеріміз де қатысуда. Бүгінге дейін облыс үш жарым мыңдай ұсақ мал сатып алыпты. Ал, жоспар – он мың қой. Барлық аудандардан тапсырманы Денисов ауданы ғана 180% орындаған. Қостанай ауданына тағы бір сын. Бірақ, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің уәжі бар.


– Бізге биылға берілген жоспар – 140 бас. «Сейдалин» шаруа қожалығы 400 бас сатып алу үшін несиелік ұйымға құжаттарын өткізіп қойды. Өтініш қаралып жатыр. Осымен басы ашық сұрақ шешімін табады деп отырмыз, – дейді Қостанай аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бас маманы Григорий Кузьменко.


Сүтті-тауарлы фермаларды құруға, кеңейтуге арналған жобаларды қаржыландыруды көздейтін «Ырыс» бағдарламасы арқылы несиенің максималды сомасы – 60 млн теңгеге, ал мерзімі жеті жылға дейін. Сыйақы үстемесі субсидиялауды есептегенде, жылына 4%, субсидиясыз – 11%. Несиелендіруші ұйым – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ.
Қарыз алатын заңды немесе жеке тұлға төлеу қабілеттігі мен қаржылық тұрақтылықты, салық және бюджетке басқа да төлемдер бойынша, екінші деңгейдегі банктер мен басқа да қаржы институттарына мерзімі өткен берешегі жоқ екенін көрсетеді. Сонымен қатар, малға қажетті инфрақұрылым (электр және сумен қамтамасыз етілген, елді мекеннен тыс жер телімінде орналасқан сүтті-тауарлы мини-фермасы) және жем-шөп базасы болуы міндетті. Шаруашылықтағы санитарлық жағдайға да назар аударылмақ. Осындай қатаң талаптардан өтуге Қостанай ауданындағы «Надеждинка» ЖШС үмітті. Өтінішін өткізіп, жауабын күтіп отыр. Серіктестік ауданға берілген жүз бас асыл тұқымды қашар сатып алу жоспарын толығымен орындауға ынталы.
Қазіргі таңда Қостанай ауданы бойынша асылдандыру жұмыстарына 45 шаруа қожалығындағы 2 393 бас мал қатыстырылуда. Бұл аудандағы жалпы ірі қараның 13,5%-ы. Аталмыш бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттен субсидия беріледі. Яғни, әр аналық басқа 18 мың теңгеден.


Жалпы алғанда, мал шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалардың өңірдегі қар-қыны көңіл көншітерлік. Әрине, жетілдірер тұстар жетерлік. Барлық бағдарламаны межесі бір
арнаға тоғысады: мал басын асылдандыру. Сонда ғана өнім-ділік артып, сапа жақсарады.


Сапа болған жерде, сұраныстың да өсетіні белгілі. Олай болса, бұл қадамымыз сәтті болғай!

 

Аслан ҚАНҒОЖИН
Қостанай ауданы

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео