Жеріңнен айналайын, Қарақоға!

6 ноября 2014 - Веб-редактор
article5197.jpg

Ауылдың шаруагер азаматтары

 

Жангелдин ауданындағы Қарақоға қоныс орнында мал шаруашылығы өріс алды. Үлкендерден естуімше, Кеңес одағы тұсында «Еңбек» кеңшарына қараған аталған елді мекен бір кездері колхоз орталығы болған екен. Бұл жерді 30-40 үй мекендепті. 1946 жылы Ғазез Әмірханұлы сегіз сыныптық мектеп ашып, шопан балаларының білім алуына септігін тигізген. Шұрайлы жер болғандықтан, мұндағылар үйір-үйір жылқы, табынды сиыр, отар-отар қой өргізген. Шағын ауылдың түтіні түзу ұшып, бірлігі мен берекесі өзгелерге үлгі болған деседі. Колхоз-совхоз құлдыраған шақта Қарақоға Көкалат ауылының бөлімшесіне айналды. Нарықтық қатынастарға көше бастаған жылдар халыққа оңай соқпағаны анық. Қарақоғалықтар амалсыз басқа жерлерге қоныс аударды. Түгін тартсаң майы шығатын өлке сөйтіп қаңырап қалған. Алайда...

 

Бүгінде Қарақоғаның тамырына қайта қан жүгіре бастаған. Ата кәсіпті қайтадан қолға алған көкалаттық белді кәсіпкерлер қазір мал шаруашылығын қарқынды дамытып, ауыл экономикасының өркендеуіне үлес қосып отыр. Қарақоға қоныс орнындағы шаруа қожалықтары асыл тұқымды мал өсіруде. Бір кездері қанаты қайрылған қой шаруашылығы да жандана бастаған. Соңғы жеті жыл көлемінде Қарақоға қонысының тынысы ашылып, шаруалардың ісі алға жылжыды. Өрісі төрт түлікке толды. Бұрынғы жермен жексен болған үйлер қайта қалыпқа келтірілді. Бұл, әрине, кәсіптерін нәсіп еткен Көкалат ауылы шаруа қожалықтарының арқасы.
 
Мақсаты – мал асылдандыру
 
Бүтімбай Смайыл бұл кәсібіне дейін сауда-саттықпен айналысып жүрген. Көкалат ауылы орталығынан азық-түлік дүкенін ашты, халықтың жағдайына қарап, тауарларын төменгі бағада сатты. Арада екі-үш жыл өткен соң, оның көңілі мал шаруашылығына ауа бастайды. Сөйтіп, 2009 жылы бір шешімге келіп, Қарақоға қоныс орнынан жер алып, үй тұрғызып, «Жанбақыт» шаруа қожалығын құрады. Сауда айналымынан түскен қаражатқа азын-аулақ мал сатып алады. Жылма-жыл мал басы көбейіп, шаруашылық шеңбері кеңейе түседі.
 
Мал басын асылдандыру – бүгінгі күннің басты талабы. Шаруа қожалығының жетекшісі Бүтімбай Смайыл асыл тұқымды екі ақ бас бұқа сатып алған. Алдағы жоспары – «Сыбаға» бағдарламасына қатысып, мал басын көбейту. Бүгінде екі үйір жылқы, 160 ірі қара сиыр, бес жүзден астам қой-ешкісі бар. Қысқы мал азығын дайындау анау айтарлық қиындық тудырған жоқ. Ескі болса да, жалғыз трактордың көмегіне жүгінуге тура келеді. Төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауылда өтетін барлық мерекелік іс-шараларға үнемі демеушілік жасайды. Жыл сайын Мәуліт мерекесіне орай, Оспанқожа әулие мешітіне малдай көмек береді. Бір сөзбен айтқанда, жанашыр азамат.
 
Берекелі шаруашылық
 
Қазақтың ықылым заманнан тыныс-тіршілігі, күнкөрісі өзі қадірлейтін төрт түлікке, оның өсіп-өнуіне байланысты болғаны белгілі. Амандық біліскенде «мал-жанды» қатар сұрастырып жатуымыз да тегін емес. Ата-бабамыз ерекше қадірін білген малға, мал өніміне қатысты көзқарасты бүгінде одан сайын тереңдете түсетін уақыт жеткен тәрізді. Осы салада тер төгіп келе жатқан еңбеккер Баймағанбетовтер әулетін айрықша айтуға болады. 
 
– Біздің ата кәсібіміз – мал шаруашылығы. Қазақ өзі қашанда малсыз отырмаған. Кеңестік кезеңде осы мәселе дұрыс жолға қойылып, кешенді шаруалар жүзеге асқаны мәлім. Қазір де жүйе басқа болғанымен, мал өсіріп, еңбек етемін деген адамға барлық мүмкіндік жасалып отыр. Тек өзіңнің ынта-ықыласың болса болғаны, – дейді «Береке» шаруа қожалығының жетекшісі Бақытбек Баймағанбетов.
 
«Береке» шаруа қожалығы 1991 жылы құрылған. Мал басын молайтқан шаруашылық Қарақоғаның өрісін 50 бас жылқымен, 120 бас ірі қарамен және 600 бас қой-ешкімен толтырып қойған.
– Малды асылдандырмай, соның ішінде ірі қараның тұқымдық қорын жақсартпай, малдан жоғары өнім аламын деу – бос әурешілік. Асылдандыру жұмыстары – барлық табыстың бастауы. Онсыз малдың басы да, пайдасы да артпайды, – дейді Бердібек Баймағанбетов. Бұл азамат шаруа қожалығы жетекшісінің кеңесшісі.
 
«Сабақты ине сәтімен» дегендей, Баймағанбетовтер отбасы мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қажетті несие алмақ ниетте, қой шаруашылығын дамытуды көксейді. Айтпақшы, бұл әулет те ауылдың белсенді демеушісі.
 
«Сыбағаның» көмегі көп
 
«Нұр» шаруа қожалығы малдарын Қарақоға қоныс орнына алтыншы жыл қыстатқалы отыр. Құрылғанына көп болмаған шауашылық ірі қара санын 90 басқа жеткізді. Сондай-ақ екі үйір жылқысы мен 200 бас қой-ешкісі бар. Шаруа жетекшісі Қайрат Қабылов «Сыбаға» бағдарламасының көмегі көп тигенін айтады. Аталмыш бағдарлама бойынша, үш миллион теңге несие алып, оған екі ақ бас бұқа, 20 аналық және жер телімін сатып алған. 
 
«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді». Қабыловтар әулеті бірлесіп, Қарақоға мекенінен тамаша бір үй тұрғызды. Жаңадан бой көтерген баспананың ішкі-сыртқы келбеті келісті-ақ. «Еңбек түбі – береке» деген осы. Шаруашылықтың қыр-сы-рын толық меңгерген Қайрат Ақсүйінұлы былтыр ғана жаңадан алған екі «Беларус» тракторының арқасында, қысқы мал азығын уақытында дайындап, тиісті орнына жиыстырып қойған. Артылғанын ауыл-аймаққа, көрші-көлемге арзан бағамен сатып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін таратып береді екен. 
 
– Жиырма бес сиырдың сүтінен 150 келі май алып, соның 50 келісін туыс-туғанға үлестіріп, қалғанын саудаға шығарамыз. Күнделікті шай-пұ-лымызды айырып отырамыз солайша, – дейді жұбайы Қадиша Боқаева.
 
Бұл шаруа қожалығы да ауылдың қамқоршысы. Міне, үш шаруа қожалығы мекендеген шағын қоныстың бүгінгі тіршілігі осындай, ел сүйсінерліктей.
 
 
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жангелдин ауданы 
 
 
comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев