Белгілі зиялы қауым өкілдері кездесу өткізді

2 ноября 2017 - Администратор
article15275.jpg

Олардың арасында мәдениеттанушы-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан журналистика академиясының президенті, профессор Сағымбай Қозыбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Мысль» журналының бас редакторы Аяған Сандыбай бар.

Зиялы топты облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қабылдады. Аймақ басшысы облыста рухани жаңғыру бағытында жүргізіліп жатқан кешенді іс-шаралар барысын әңгімелеп, қонақтармен ой бөлісті. Мұнан соң қонақтар облыстық Л.Толстой атындағы кітапхананың 80 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.

Кейін зиялы қауымдар бас қосқан шараның негізгі бөлігі Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында жалғасты. Онда қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың ұлы Мұрат Әуезовтың екі бірдей кітабының тұсаукесері болды. Жазушының бұл туындылары екі тілде жазылған. Мұрат Әуезовтың кездесу барысындағы сөзінше, алғашқы орыс тіліндегі «Времен связущая нить» аталатын кітабына «қатты» деген баға беріп, ал қазақ тіліндегі «Ділім» туындысын «жұмсақ» деп атап, онда өзінің балалық шағынан бастап бүгінгі күнге дейінгі өмірінің жарқын сәттері, әке-шешесінің өмірі, осындай жетістіктерге жетуіне не себепкер болғандығы жөнінде баяндалғанын айтып өтті.

Ал өткен мен болашақты байланыстыру, рухани туыстықтың біртұтас арқауын тарту белгілі қазақ жазушысы,ойшыл, қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтің «Времен связующая нить» атты жаңа кітабының негізгі мақсаты осындай. Оның негізін автор өмірінің әртүрлі кезеңдеріне жататын күнделік жазбалар құрады. Олар ұлттық әдебиеттер мен мәдени интеграция мәселелер бойынша ғылыми зерттеулермен, заманауи геосаяси үдерістер туралы таңдаулы мақалалармен, халықаралық симпозиумдардағы баяндамалармен, эсселермен, жолжазба очерк және сұхбаттармен толықтырылды.

– Бұл кітап екі бөлімнен тұрады, – дейді Мұрат Әуезов. – Әуелгісі орыс тілінде шықты. «Времен связующая нить» деп аталады. «Ділім» атты тарауды асқан сүйіспеншілікпен жаздым. «Ділім» – иран тілінен шыққан сөз. «Адамның жан дүниесі мен болмысы» дегенді білдіреді. Әкем алашордашылармен де аралас-құралас болды. Мені өз қолымен бірінші сыныпқа, қазақ мектебіне ерітіп апарғаны да әлі күнге есімде. Ол кезде қазақ мектептері санаулы еді. Әкеден алған тәрбиемді, білген-түйгенімді осы кітаптың ішіне сыйғызуға тырыстым.

Осы орайда бірі біліп, ал бірі біле бермейтін қаламгер туралы қысқаша мәлімет бере кеткенді жөн көрдік.

Мұрат Мұхтарұлы 1943 жылы бірінші қаңтарда Жамбыл облысы Мерке кентінде қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов пен Фатима Ғабитованың отбасында дүниеге келеді. Кішкентайынан ата-анасынан жақсы тәлім-тәрбие алған ол М.В Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын «Қытай филологиясы» мамандығы бойынша бітіреді. Кейіннен КСРО Ғылым Академиясының әлем әдебиеті институтында әдебиет теориясы бойынша филология ғылымының кандидаты дәрежесіне диссертация қорғайды. Одан соң Қазақстан журналистика Академиясының 2007 жылғы жалпы жиналысы арқылы Академияның толық мүшесі болып сайланады.

Мұрат Әуезов 1970-1976 жылдар аралығында «Эстетика кочевья» аталатын ұжымдық монографиясын әзірлеп, философия және құқық институтындағы эстетика тобына жетекшілік еткен. Сонымен қатар, бірнеше жылдар араға салып 1981-1987 жылдарда «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор қызметін атқарады. Ал 1988-1990 жылдарда Қазақстан жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі Алқасын басқарады. Сол жылдың соңында Қазақстандағы «Мир» телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі болады. 1990 жылы Мұрат Әуезов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Халық депутаты болып сайланып, онда Кеңес Президиумының мүшесі, парламентаралық байланыстар жөніндегі Комитеттің төрағасы болады. Ал 1992 жылдан бастап ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметіне тағайындалады. Ол ҚР ерекше тапсырмалар бойынша Төтенше және Өкілетті Елшісі болып табылған. Және де 1995 жылы Алматы облысы әкімдігінің ақпарат және Қоғамдық келісім Департаментін басқарып, 1999 жылы желтоқсаннан «Сорос-Қазақстан» қорының атқарушы директоры, ал 2002 жылғы шілдеден бастап қордың Президенті қызметіне тағайындалады. Одан соң 2003-2006 жылдары ҚР Ұлттық кітапханасының Бас директоры қызметін атқарады.

Оның осы жылдар аралығында жеткен жетістіктері аз емес. «Дни своей долгой-долгой жизни» деген мақаласы үшін «Дружба народов» журналының сыйлығын алған. Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 2004 жылы «Тарлан» сыйлығының лауреаты атанған. Шығармашылығында «Времен связущая нить» атты монографиясы мен «Иппокрена Хождение к колодцам времен» атты туындысы жарық көрген.
 


Тұсаукесерде жазушымен бірге еріп келген зиялы қауым өкілдері Мұрат Әуезов туралы өз ойларымен бөлісіп, кітаптары туралы жақсы пікір білдірді. Белгілі қаламгермен кездесу ҚМПИ-нің акт залында өткен болатын. Демек, жазушымен кездесуді аңсаған жұрт бұл жиынға көптеп жиналды. Олардың қатарында оқу ордасының ұстаздары, студенттер, облыстағы қаламгерлер, БАҚ және де өзге де тілек білдірушілер аталмыш кездесуде болды.
 


– Қостанай жеріне Мұрат Әуезов бастаған елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері келіп отыр, – дейді ҚМПИ-ның Филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Кенжегүл Есіркепова. – Бұл бастамаға арқау болған көпшілікке белгілі Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы болып отыр. Және де қазақ халқының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың туғанына 120 жыл толуының қарсаңында оның ұрпағы, бүгінде жазушының шығармашылығын жалғастырып жүрген қоғам қайраткері, өнертанушы Мұрат Әуезовтың жарыққа шыққан жаңа туындылары. Сондықтанда бүгінгі Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында өтіп отырған шығармашылық кездесу маңыздылығы өте жоғары. Мұрат Мұхтарұлының екі кітабы екі тілде және екеуіде екі түрлі ой қалыптастырылған кітаптар. Орыс тіліндегі «Времен связущая нить» және қазақ тілінде «Ділім» деп аталады. «Ділімде» өнертанушы Мұрат Әуезовтың жалпы қоғамдық және әдебиетке байланысты ойлары, өз әкесі Мұхтар Әуезов туралы және де анасы жөнінде, сонымен қатар, өзінің қазіргі дәрежеге жетуіндегі өткен қиындықтары туралы әңгімеленген.

Кітаптың тұсауын облыстық «Қостанай таңы» газетінің редакторы Жанұзақ Аязбеков пен «Костанайские новости» газетінің басшысы Сергей Харченко кесті. Жиында екі кітабы жөнінде толық баяндаған Мұрат Әуезов халықтың қойған сұрақтарына жауап беріп отырды. Сонымен қатар, бірнеше жылдар бұрын қаламгермен кездесуге мүмкіндік алған бүгінде әр саладан өз орындарын тапқан бір топ азамат екі кітап жөнінде жақсы пікірлерін білдіріп, тұшымды ой айтты. Кездесу соңында білім ошағының басшылығы Мұрат Әуезовке алғыс ретінде қазақтың оюланған шапанын жапты.

Алыстан келген зиялы қауыммен кездесу мұнымен аяқталған жоқ. Тұсаукесерден соң А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің акт залында әдемі кеш өтті. Оның басты кейіпкері ақын, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулет болды. Ерекше талант иесінің шығармашылығына арналған кешті белгілі қаламгер Ақылбек Шаяхмет жүргізді. Ол жақында Ұлықбек Есдәулеттің драматургиядағы алғашқы туындысы «Зере» пьесасының жұртшылыққа ұсынылғанына тоқталды. Автордың айтуынша, шығармада Зерені тек ана ретінде ғана емес, қайраткер ретінде көрсетуге тырысқан. Іс-шараға шығармашылық зиялы қауым, мәдениет қызметкерлері, оқытушылар мен студенттер қатысады.

Мұнан соң Ұлықбек ақын ортаға шықты. Ол Тобыл-Торғай топырағында туып-өскен ақын-жазушылардың қазақ қоғамына сіңірген еңбектерін атап өтті.

– Жалпы, қасиет тұнған өлке деп кез келген жерге айтыла бермейді, – дейді ақын. – Мына Торғай даласына қарап тұрып-ақ, әлгі сөз бірден ойға оралады. Себебі, бұл өңірдің қазақ руханиятына сыйлаған арда тұлғалары жетерлік. Негізі, осы өңірге 1982 жылы Ғафу Қайырбеков ертіп келіп еді. Содан кейін арнайы бет бұрғаным осы. Оның алдында Торғай жерінде комбайншы болғанмын. Менімен Қонысбай Әбіл де астық жинауға қатысты.

Ұлықбек Есдәулет жалынды жырларын оқып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Студенттер оның өлеңдерін жатқа айтты. Сондай-ақ, осы басқосуда қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, жазушылар одағының облыстық филиалы директоры Ғұмар Ахметчин мен облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбеков қаламгер жайлы лебіздерін білдірді.

– Қазақта атағы ерте шыққан ақындар аз болса, сол көштің басында Ұлықбек Есдәулет тұр, – деді Мұрат Мұхтарұлы. – Оның бір ғана «Заман-ай» өлеңі неге тұрады? Бұл жыры келе-келе «Невада-Семей» қозғалысының әнұранына айналды. Әрине, бір өлеңмен-ақ ақынның поэзиядағы шынайы бейнесін ашу мүмкін емес. Ол талай оқырманның сүйікті ақынына айналды. Оның ішінде мен де бар болғаныма қуанамын.

Ұлықбек Есдәулет 1954 жылы 29-шы сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Үлкен Қаратал ауылында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін журналист мамандығы бойынша, М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курстардың поэзия бөлімін әдебиетші мамандығы бойынша бітірген.

Оның «Қанат қақты», »Көздеріңе ғашықпын», «Жұлдыз жарығы», «Аптайдың алтынтамыры», «Ұлыстың ұлы күні», «Ақ керуен», «Жаратылыс», «Жүректегі жарылыстар», «Алтай асулары», «Заман-ай», «Киіз кітап» атты кітаптары, «Ахиллестің өкшесі» өлеңдер жинағы, қазақ тіліндегі 5 томдық шығармалар жинағы, «Ынтық зар», «Әбілхаят» атты туындылардың және «Семей-Невада» қозғалысының әнұраны «Заман-ай» әні сөздерінің авторы.

Кеш барысында ақын жазған өлеңдерінің немен байланысы барын түсіндіріп, көрермендермен сырласып отырды. Әдемі шығармашылық кешті «Өнер» студиясының шәкірттері ән-бимен әрледі. Кеш соңын Ұлықбек Есдәулетов жүрегіне жақын бірнеше өлеңдермен қорытындылады.

Келесі күні Л.Н Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Қостанайлық белгілі ақын, жазушы, драматург Ақылбек Шаяхметовтың шығармашылық кеші өтті. Онда «Алаштың» белсенді қайраткері, көрнекті ғалым, білікті аудармашы, ұлағатты ұстаз Елдес Омаровтың туындылары бар «Шығармалары» жинағының тұсаукесері болды. Кешке танымал қаламгерлер, студенттер, ұстаздар және өзге де шығармашылық сүйер қауым қатысты.

Ақбота САҚҰЛОВА

суреттерді түсірген автор

comments powered by HyperComments

Видео

 

 

Комментарии