Ауыл шаруашылығы – ауданның басты табыс көзі

2 ноября 2017 - Администратор
article15278.jpg

Жуырда облыстық баспасөз орталығында Науырзым ауданының әкімі Талғатбек Даиров ауданның үстіміздегі жылдың тоғыз айындағы негізгі әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баян етті. Брифинг барысында әкім журналистер қойған сауалдарға жауап берді. Іс-шара аяқталған соң әкіммен сұхбаттасуға мүмкіндік алдық.


– Талғатбек Сапабекұлы, аудандағы экономика саласында ауыл шаруашылығының алатын орны бөлек. Сол жөнінде толығырақ айта өтсеңіз...

– Иә, шынындада тек қана біздің аудан ғана емес, жалпы облыстың экономикалық өсіміне ауыл шаруашылық саласының қосар үлесі мол. Ол қазіргі аудандағы, ауылдағы халықтың күнкөріс көзіне айналып отыр. Биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында жалпы есеппен 8 млрд 174 млн теңге ауыл шаруашылық өнімі шығарылды. Жалпы көлем индексі 102% болып, соның ішінде өсімдік шаруашылығы 102,6%, ал мал шаруашылығы 101,2%-ды құрады. Жоғарыда аталған қорытынды көрсеткіш бойынша мал шаруашылық өнімдері 3 млрд 524 млн теңгеге жетті. Жеке тоқтала өтсем, ет өнімі жалпылай алғанда 2 мың 519 тонна болып, былтырғы жылға қарағанда 4,5%-ға өскенін айтуға болады. Ал өндірілген сүт көлемі биыл 15,4 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар, жұмыртқа саны 3,6 млн-ға жетті.

2018 жылғы егіс науқанын қамтамасыз ету мақсатында аудандағы шаруа қожалықтарымен 24 мың тонна тұқым себіліп, ол 100 пайызға орындалды. Мұнда жалпы сыйымдылығы 81 мың тонна болатын астық сақтайтын екі ГЭС бар.

Аймақтағы ауыл шаруашылықты, нақтылап алғанда мал шаруашылығын өркендетуге бірден-бір үлес қосып келе жатқан ол мемлекеттік бағдарламалар. «Сыбаға» бағдарламасының 2011-2017 жылдар аралығындағы жұмысы ойдағыдай жүзеге асып келеді. Осы жылдар ішінде ауданда 1 029 асыл тұқымды ІҚМ, іс жүзінде 1 878 ірі қара мал алынды. Бүгінде шаруашалар бағдарламаның жемісін көруде. Ал «Құлан» бағдарламасы аясында 2014-2017 жылдар ішінде 394 бас мал жоспарланып, оның 57-сі ғана алынды. Үстімідегі жылы бағдарлама шеңберінде жоспар бойынша 30 бас жылқы күтілуде.

Осы жылы «Аграрлық Несиелік Корпорация» АҚ-нан «Достар» шаруа қожалығы жоспармен 20 бас жылқы сатып алу мақсатында 6 млн теңгеге несиеге өтініш жіберді. Қазіргі уақытта шаруашылық «Аграрлық Несиелік Корпорация» АҚ-ның құжаттарды тексеру бөлімінен тексерістен өтіп, қажетті құжаттарды жинау үстінде. Аудан үшін тағы бір оңды бағдарламаның бірі «Алтын асық» 2014-2017 жылдар аралығында 1 550 бас жоспарланып, іс жүзінде 625 бас қой алынды. Алдағы уақытта 50 бас қой жоспарда тұр. «Нұр» ҚБ осы бағдарлама шеңберінде қой салып алуға несиелік құжаттар дайындау үстінде.

Жыл басынан бері ауданда үлкен іс-шараларға негізделген алты ауыл шаруашылық жәрмеңке өтті. Онда 2 тонна ауыл шаруашылық өнімі сатылды.

– Ауданда өзге де қандай бағдарламалар уақытылы орындалып келеді?

– Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде жеке кәсіпкерлікті дамыту Қарамеңді ауылындағы «Науырзым мал өнімдері» ҚП-да орындалуда. Оған қатысушылар саны-93 болып, бүгінде жұмыс 100 пайызға орындалып отыр. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 136,3 млн теңге бөлініп, оның 110,8 млн теңгесі жүзеге асты. Бұл жұмыстың 81,3 пайызға орындалғанын көрсетеді.

Ауданда 504 шағын кәсіпкерлік тіркелген. Қазіргі таңда олардың 431-і ғана жұмыс жасап тұр. Олар 85,5 пайыз көрсеткішті иемденіп отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен 2013 жылдан бастап жеті жоба орындалып, соның арқасында 30 жаңа жұмыс орны құрылды.

Үстіміздегі жылы мемлекеттік грантты иемденуге алты өтініш түсті.

Осы жылғы жұмыскердің жалақысы орташа есеппен 82 мың 545 теңге болып отыр. Аудандағы ешбір жұмыс орнында жалақыны кешіктіріп беру кездеспейді.
 


– Аймаққа қандай салалар  бойынша мамандар тапшы? Ауданға жұмыс іздеп келуші жастар көп пе?

– Жалпы айтқанда, еңбек нарығы халықтың экономикалық өсімімен және жұмыссыздықтың азаюымен сипатталады. Биыл жұмыспен қамту орталығына 565 адам өтініш тастап, оның барлығы дерлік өз орындарын тапты. 2017-2021 жылдар аралығына жоспарланған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 552 адам қатысты. Оларды қаржыландыру соммасы 115 млн теңге болды. Солардың ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 35, 55-і кәсіптік оқытуға және 17-і жұмыссыз тәжірибеден өтті. Жастар практикасынан жоғарғы және орташа-арнайы оқу орындарын тәмәмдаған 25 түлек жұмыс жасауда.

«Дипломмен-ауылға» бағдарламасы жас мамандарға, яғни, мұғалім, дәрігер, мал дәрігері, мәдениет және спорт салаларының мамандары арқылы ауданның не ауылдың қайта жаңғыруына үлкен сеп болады. Өйткені, жастар көп нәрсені біледі, жаңа идеялар туады. Олар іске мығым, белсенді келеді. Дегенмен де әлі күнге дейін аудан бойынша дәрігер және мұғалім өзге де мамандықтар бойынша жас мамандардың тапшылығы сезіледі.

2009-2016 жылдар аралығында осы бағдарламамен 157 маман, жалпылай алғанда 17 млн 957 мың теңге мемлекеттік жәрдемақы алған. Ал 35 жас маман 52 млн 809 мың теңге бюджеттік несиеге ие болған. Биылғы жылы қаражаты 12 млн 683 мың теңге болатын бес жас маманнан өтініш түсті.
 


– Ауданның білім, медицина, мәдениет салаларында қандай өзгерістер байқалады?

– Білім саласында 10 орта мектеп, 2 қосымша оқу орны және 14 мектеп алды даярлық орындары жұмыс жасайды. Аудан мектептерінде 1 372 оқушы білім алады.

Үстіміздегі жылы 41 түлек ҰБТ-ге қатысып, орташа балл 94,6 баллды көрсетті.

Ауданда тоғыз емдеу орталығы жұмыс істейді. Оның барлығы тұрғындардың денсаулығын қадағалуда ұстап, уақытылы емдеу шараларын жүргізіп отырады.

Ал мәдениет саласы бойынша биылғы жылы 228 мәдени-маңызды іс-шаралар өткізілді.

– Сіздің аудан республикаға өзінің әйгілі «Науырзым қорығымен» танымал. Қорықта бүгінде қандай өзгерістер бар?

– Иә, баршамызға белгілі қазақстанның жақұты, табиғаттың ерекше бұрышы Науырзым мемлекеттік қорығы біздің қарамағымызда. Ол ауданның басты ерекшелігі. Оны тамашалауға сырттан келіуші қонақтар саны жиі артып келеді. Мысалға, жуырда өткен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі аясында шет елдік бірнеше қонақ осында келіп кеткен. Олар қорықтың ерекше табиғатына тәнті болып, жақсы бағаларын берді. Қорық аймағында халықаралық қызыл кітапқа енген өсімдіктер, жануарлар бар. Бұл орынды зерттеуге тілек білдіруші зерттеушілер мен ғалымдар саны өте көп. Олар тек мұндағы флора мен фаунаны зерттеп қана қоймай, аудан өміріне белсенді араласып, экологияны қорғауға арналған түрлі іс-шаралар өткізіп отырады. Бұл орын еліміздің туризм саласының дамуына соңғы 10 жылда айтарлықтай үлес қосуда. Қорықты аралауға ниет білдірушілер үшін алты көлік тағайындалған.

Экологиялық жақұттың облыс орталығынан алшақтығына қарамастан мұнда 2015 жылы 186 адам келсе, 2016 жылы оның саны 441-ге өсіп, ал биылғы жылы 500 адамды көрсетіп отыр.

Бұл бірегей табиғат бұрышы тек қана облыстың емес, Қазақстандағы туризм саласының артып, туристердің санын ұлғайтуға үлес қосып келеді. Дегенменде, қорық туралы әлде де кеңірек ақпараттар таратылса деген ойымыз бар.

Ақбота САҚҰЛОВА

cуреттерді түсірген автор және ғаламтордан алынды

comments powered by HyperComments

Видео

 

 

Комментарии